Тайсонды жеңген боксшыны сабаған қазақ: Алматыдағы кәсіпқойлар айқасы қалай өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақтың 9 боксшысы өнер көрсетті. Қанат Исламның жарқын жеңісіне дейін рингке шыққан тоғыз спортшымыз да жеңіс тұғырынан көрініп, бірнеше титулға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қатарынан оныншы жеңісін тойлаған Абылайхан Құсайынов NBA титулына ие болды. Қарсыласы Г.Арутюнян үшінші раундтың басында-ақ сыр бере бастаған. Үш раунд бойы бұрыш сағалаған армян боксшысының бапкерлері ақыры шаршы алаңға орамал тастауға мәжбүр болды.

«Мені қолдаған баршаңызға рахмет. Бұл жекпе-жекке жақсылап дайындалдым. Бапкерім мен бауырларыма алғысым шексіз. Өз елімізде өтіп жатқандықтан, айқас алдында қобалжу да болды. Әлі де осы қарқынымнан таймауға дайынмын», - деді ол жекпе-жектен кейін.

Осы кеште ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев Дэнни Уильямсты нокаутқа жіберді. Осыдан 15 жыл бұрын әйгілі Майк Тайсонды шау тартқан шағында құлатып, аты шыққан британдық боксшы Русланның жойқын соққыларына төтеп бере алмады. 45 жастағы британдық 53-рет кәсіпқой рингке шығып, 27-жеңілісінің дәмін татты.

Тағы бір қазақ боксшы Мадияр Әшкеев украиналық Игорь Фаняннан төрешілердің шешімі бойынша басым түсті.10 раундқа жоспарланған айқас жетінші раундта тоқтатылды. Қазақстандық спортшының қабағы жарылып, дәрігерлер оның шаршы алаңға шығуына рұқсат бермеді. Халықаралық бокс ережесіне сәйкес, кездесу тоқтағанға дейін Мадиярдың жинаған ұпайы көп болғандықтан, жеңіс бірауыздан қазақ боксшысына берілді. Осылайша ол NABF Junior және NABA титулдарын қанжығасына байлады.

Ал аса ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов беларустық Павел Кроленконы ұтса, екінші орта салмақта Арман Рысбек украиналық Денис Чечетаны сабасына түсірді. Орта салмақта Сапарбай Айдаров тағы бір украиналық Владислав Танцюраны жеңсе, бірінші орта салмақта Берікбай Нұрымбетов ресейлік Карен Аветисяннан басым түсті. Жартылай орта салмақтағы Асқар Ерубек беларусь Андрей Столярчукты мойындатса, жартылай жеңіл салмақтағы өзбек боксшы Бексұлтан Раушанов әзербайжандық Асқар Рагимовты жеңді.

Кештің басты кездесуінде «Қазақ» лақап атымен танымал Қанат Ислам доминикалық қарсыласын 14-секундта ұрып жықты.

Бұл айқасқа дайындық барысында Қанат Ислам аяқтағы жарақатынан толық айыққанын айтқан еді.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Исламның алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілеген болатын.

Бокс кешінен тікелей трансляцияны «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары жүргізді.

Соңғы жаңалықтар