Тайландта мерзімінен бұрын босанған ана сәбиімен бірге Қазақстанға жеткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайландта мерзімінен бұрын дүниеге келген нәресте санавиациямен Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2018 жылғы 6 қаңтарда Тайландта отбасылық демалыста жүрген Қазақстан Республикасының азаматшасында мерзімінен бұрын босану басталды. Шала туылған баланың денсаулық жағдайына сай, жеті айлық сəби 1430 грамм салмағымен дүниеге келді. Барлық қажетті медициналық құжаттарды алғаннан кейін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация орталығымен» және ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, сәбиді жəне оның анасын Отанына тасымалдау процесін ұйымдастыра бастады», - делінген таратылған хабарламада.

Атап өтілгендей, қыз бала анасымен бірге 16 қаңтар күні елге жеткізілді.  

«Нəресте қыз анасымен бірге қажетті медициналық жабдықтармен жарақталған және санитарлық авиация қызметінің мобильдік бригадасының алып жүруімен мамандандырылған санитарлық авиация бортымен сәтті тасымалданды және стационар жағдайында бұдан əрі қажетті медициналық көмек алу үшін Алматы қаласының «Перинатология жəне балалар кардиохирургиясы орталығына» жатқызылды. Қазіргі уақытта, сəби орталықта дəрігерлердің қарамағында», - делінген баспасөз баянында.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, санитарлық авиацияның құрылған мерзімінен бастап, 5 жыл ішінде шет елден Қазақстанға ауыр халде болған 40 азамат тасымалданды. Жақын жəне алыс шетелдерден жасалған барлық медициналық тасымалдаулар республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

 

Соңғы жаңалықтар