Таяуда елімізде қай жолдар ақылы болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада халық алдындағы есептік кездесуде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  алдағы іске қосылатын ақылы жолдар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдарға ақылы жүйені енгізу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде бірінші ақылы жол жүйесі «Астана-Щучинск»  аралығында жұмыс істеп тұр. Сәйкесінше, ол жолды күтіп ұстауға қажетті барлық шыңындарды өтеп келеді және қосымша табысты алып келуде. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас»  учаскелерінде ақылы жүйе іске қосылады», - деді министр сұрақтарға жауап бере отырып.

Жеңіс Қасымбек осыған дейін бұл жұмыстар биылғы бірінші тоқсанда аяқталатыны жоспарда болғанын еске салып өтті.

«Алайда түрлі техникалық жағдайларға байланысты «Алматы-Қорғас» бірінші учаскесін алдағы бір жарым айда іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал қалған екі учаске тамыз және қыркүйек кезінде іске қосылады. Жалпы 2022 жылға қарай ақылы жолдар 7 мың шақырымды құрайды, сондай-ақ осы жүйе арқылы жылына 40 млрд теңге жиналмақ. Бұл өз кезегінде автомобиль жолдарының барша республикалық желісін нормативтік тұрғыда күтіп ұстауға мүмкіндік береді», - деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар