Таяу Шығыс елдері көшбасшылары Қазақстан Президентін қайта сайлануымен құттықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің билеушілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул Әзиз әл Сауд Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа президенттік мерзімге қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Saudi Gazette.

Мәртебелі король өзінің жеделхатында ел Президентіне зор денсаулық пен бақыт, ал Қазақстан халқына – тұрақты даму мен өркендеу тіледі.

Сонымен қатар Сауд Арабиясының тақ мұрагері және премьер-министрі Мұхаммед ибн Салман әл Сауд та Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа президенттік мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, бөлек жеделхат жөнелткен.

WAM агенттігі БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянның Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа президент лауазымына қайта сайлануына орай жеделхат жібергенін хабарлады.

Осындай ақжарма тілекті Тоқаевқа Дубайдың вице-президенті, премьер-министрі және билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мактум да жолдады.

Еске сала кетейік, 20 қарашада Қазақстан Республикасында ел президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Фото: saudigazette.com.sa


Соңғы жаңалықтар