Таяу күндері Қазақстанға Жапонияның Сыртқы істер министрі Кацуя Окада ресми сапармен келеді

None
None
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Таяу күндері Қазақстанға Жапонияның Сыртқы істер министрі Кацуя Окада ресми сапармен келеді. Бұл туралы бүгін елордада Нагасаки мен Хиросимадағы атом бомбасының тасталу қасіретінің 65 жылдығына орай өткізілген дөңгелек үстел барысында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сигео Нацуи айтты.

«Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың зардаптарын тартқан мемлекеттер. Сондықтан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Жапония Қазақстанға ядролық қару-жарақтарды жоюмен қатар онымен байланысты проблемаларды, сондай-ақ қоршаған ортаға тигізген зардаптарын еңсеруге, медициналық көмек көрсетуге шешім қабылдады. Ал 1994 жылы екі ел арасында ядролық қару зардаптарын жою туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойдық», деді Елші.

Оның атап өтуінше, атом қаруының зардаптарын жою мақсатында жапон елі Қазақстанға осы уақытқа дейін жалпы көлемі 12 миллион долларды құрайтын қаржы бөлген. Бүгінгі таңда Хиросима, Нагасаки және Семей қалаларының арасында тығыз байланыс орнатылған. Жыл сайын Семей өңірінің екі оқушысы Хиросимадағы қыздар мектебінде 1 жыл білім алып қайтуда. Бұл да екі елдің ынтымақтасығына дәлелдей түседі. Атом бомбасының зардаптарын тартқан екі мемлекет халықаралық аренада да тығыз ынтымақастық орнатып отыр. Мәселен, өткен жылы Қазақстан мен Жапония БҰҰ-ның штап-пәтерінде «Атом қаруына жол жоқ» деген тақырыппен фотокөрме өткізді. «Сонымен қатар Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін негізге ала отырып, тамыздың 29-ын халықаралық атом қаруы сынақтарынан бас тарту күні ретінде жариялауды ұсынды. Жапония бұл бастаманы қолдап, бастамашы ретінде қосылды», деген Сигео Нацуи таяу күндері Жапонияның Сыртқы істер министрі Кацуя Окада Астанаға ресми сапармен келетіндігін де атап өтті. «Әрине, сапар барысында бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған атом қаруын жою, қарусыздану мәселелері де сөз болады», деп сөзін қорытты Елші.

Соңғы жаңалықтар