Таулы Қарабақтағы ахуал күрделеніп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Әзербайжан елшілігі Таулы Қарабақтағы ахуалға байланысты журналистерге арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Таулы Қарабақтағы жағдай - өте нәзік мәселе. Сондықтан да шиеленіс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Осы орайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше Қазақстанның Әзербайжан еліне моральдық қолдау көрсетуін сұраймыз. Әзербайжан өзге мемлекеттерден әскери немесе басқа да көмек көрсетуін өтінбейді», - деді Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов.

Сондай-ақ, Рашад Мамедов брифинг барысында шетелдік БАҚ-тың ресми ақпаратқа сай келмейтін мәліметтерді жариялап жатқанын айтты.

«Бүгінде ақпарат порталдарында екі ел арасындағы ахуал туралы бейресми мәліметтер көбейіп келеді. Журналистер Әзербайжан немесе Армения елінің ресми ақпарат порталдарынан емес, деректерді үшінші елдің БАҚ беттерінен алып жатыр. Сондықтан қалам ұстаған қауымнан тек ресми ақпаратқа сүйене отырып, халықты дұрыс мәліметпен қамтамасыз етуді сұраймын. Бұл - өте маңызды. Мұны Әзербайжан Президенті таяуда өткен БҰҰ-ның 75-ші сессиясында да атап өткен болатын. Біз соғысты қаламаймыз. Дегенмен бізге тиесілі аумақ өз меншігімізде қалуы тиіс» , - деп атап өтті Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов.

Еске сала кетейік, Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған болатын.


Автор: Әлихан Асқарұлы


Соңғы жаңалықтар