Таулы Алтайда жол апатына ұшыраған қазақстандық Алматыға жеткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол апатына ұшыраған Қазақстан азаматы Хасен Білімбай Алматыдағы №4 қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2018 жылғы 30 тамыз күні сағат 18:23-те ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің жедел шараларының нәтижесінде, санитариялық авиация науқасты Алматының №4 қалалық ауруханасына жеткізді. Ұшу кезінде науқастың жағдайын медицина мамандары: ҚР санитариялық авиациясының көшпелі бригадасы және Алматының №4 қалалық ауруханасының дәрігер-травматологы бақылап отырды. Қазір оның жағдайы тұрақты», - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазір науқасты Алматы ауруханасының дәрігерлері қарап жатыр.

Еске сала кетейік, 2018 жылғы 23 тамыз күні 1943 жылы туған Қазақстан азаматы Ресейдің Алтай өлкесінде Чике-Таман асуында жол апатында зардап шегіп, ауыр халде Таулы Алтай қаласы республикалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген болатын.

Сол жерде науқас комаға түскен. Кейіннен есін жинап, сөйлей бастаған.

«Ресейлік мамандардың қорытындысына сәйкес, зардап шегуші ауыр жарақаттар алған, соған байланысты медицина қызметкерлерінің қадағалауымен санитариялық авиация арқылы жеткізілуі тиіс болған», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Соңғы жаңалықтар