Тәуелсіздіктің тұғыры - бірлікте! - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің өңір-өңірлерінде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Қазақстан жұртшылығының өмірлік кредосына айналған бірлік күні барлық аймақтарда ұлықталды. Әсіресе, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бірлік мерекесінің ең ауқымды бөлігі Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында өтіп, оған мемелкет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

Елорданың бас алаңындағы биылғы мерекеге әзірлікті ерекше атап өтуге болады. Мұндағы бас сахнаның ерекшелігі - "Құрақ көрпе" құрылымы суреттелiп, ондағы әр шығарма ел ынтымағының бiртұтастығын арқау етіліп отырды. Сахнада "Наз" би ансамблi, "Шабыт" қазақ ұлттық өнер университетiнiң би тобы, Өскемен қаласының "Флэш" балет тобы, Қарағандының "Исторка" би ансамблi, Шымкент қаласының "Шамсинур" және "Айгөлек" би топтары өнер көрсетті. Қазақстандық қана емес, ТМД елдерiнен - "Вайнах" би ансамблi (Шешен Республикасы), Мемлекеттiк Омбы би және ән ансамблi, Тбилисидің грузиндiк ұлттық хоры, Анкараның түрiк ұлттық хоры бірлік мейрамының мерекелік нәрін одан сайын қоюландыра түскен болатын. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдік мемлекеттерден арнайы келген әншілер - Зитхер (Германия), Мадан Оак ( Үндiстан), Чжудың (Қытай) қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік тартулары да халық көңілінен шықты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев театрландырылған көріністі біршама уақыт тамашалаған соң, Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің этноауылдарын аралап, сол арада БАҚ өкілдері арқылы Қазақстан халқын мерекемен құттықтаған болатын. «Бірлік деген сөздің мағынасы өте тереңде. Егер отбасында бірлік болмаса, ондай отбасының ойраны шығады. Егер компаниялардың, зауыт-фабрикалардың ішінде бірлік болмаса, ондай кәсіпорындар банкрот болып, құриды. Егер мемлекеттің ішінде бірлік болмай, әркім көрпені өзіне қарай тартатын болса - ондай мемлекет те күйрейді. Сондықтан барлық тіршіліктің ұйытқысы - бірлік деген ұлы нәрсе», - деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, Қазақ елі бірліктің арқасында ғана көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар, ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген тәуелсіздігімізді сақтау - алдымен қазақ халқының бірлігіне байланысты. «Біз көп этносты болған соң, барлығын ұйыстыратын бірлік керек. Сондықтан бірлік - біздің болашағымыз, бірлік арқылы тәуелсіздік сақталады. Бірлік арқылы мемлекетті нығайтамыз. Бірлік арқылы халықтың тұрмысы жақсарады әрі болашаққа сенімі артады. Тыныштық пен келісім де осы бірлік бар жерде ғана болады. Бірлік - біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры», - деді Президент Н. Назарбаев.

Үкімет инвестициялық климатты өзгертетін жоспар әзірледі

Осы аптадағы Үкімет отырысында екі маңызды мәселе қаралды. Оның бірі - елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту болса, екіншісі - жекешелендірудің екінші толқынын ұйымдастыру. Үкімет Елбасы тапсырмасына сәйкес, осы екі маңызды мәселе бойынша нақты жоспарды қабылдады.

Шетелдік инвестиция жалпы экономиканың дамуына ғана емес, еліміздегі индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда да маңызды. Дегенмен, соңғы уақытта жаһандық дағдарыстың салдары тікелей тартылатын инвестицияларға әсер еткені айқын. Алайда, жаһандық жағдайға қарамастан, Қазақстан тікелей шетелдік инвестицияларға қатысты позициясын сақтап тұр. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, БҰҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы жағынан Қазақстан үздік 20 елдің қатарына енеді әрі өңірде көшбасшылық сақталып тұр. «2005 жылдан бастап елімізге 184 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Оның ішінде 55 пайызы, яғни 100 млрд. доллардан астамы соңғы төрт жылдың еншісіне тиеді. Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығында тікелей шетелдік инвестицияларды өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылым салаларына тарту мақсат етіліп, ол көрсеткіштің айтарлықтай жақсаруына ықпал етті», - дейді Әсет Исекешев. Дегенмен, Елбасы Үкіметке инвестициялық климатты түбегейлі өзгертуді, сол үшін арнайы жоспар жасауды тапсырған болатын. Индустрия министрінің айтуынша, Үкімет қабылдаған жоспарға сәйкес, шетелдік инвестиция тарту бойынша жұмыс екі бағытта жалғасатын болады. Мұның біріншісі - инвестициялық климатты одан әрі жақсарту. Осы бағытта бірқатар ынталандыру шаралары қолданылады. «Екінші бағыт - ірі инвесторларды, соның ішінде трансұлттық компанияларды тарту. Бұл мақсатта біз негізгі елдер мен салаларды айқындап алдық. Жұмыстың нақты алгоритмі де белгіленді. Бұл жоспар жақында ғана Президент Әкімшілігіне жолданды. Ол қабылданғаннан кейін бірден жұмысқа кірісеміз. Біздің жоспар бойынша басты мақсатымыз - Қазақстанды өңірдегі ең мықты инвестициялық хабқа айналдыру», - деді Әсет Исекешев.

Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев инвестициялық климатты жақсарту бағытында ең алдымен инвесторлармен арадағы келісімшарттар жасасу кезеңіндегі тетіктерді қайта қаралатынын жеткіді. Атап айтқанда, Үкімет «Инвестиция туралы» заңға өзгеріс енгізетін болады. Онда, мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру көзделеді. «Мәселен, мемлекет шетелдік инвесторларға инвестициялық субсидия беруді көздейді. Айталық, қандай да бір нысанды іске қосқаннан кейін мемлекет тарапынан күрделі қаржы шығындарының 30 пайызына дейін субсидиялау қарастырылуы мүмкін. Бұдан басқа, Қазақстанға қаржысын салған шетелдік инвесторлар корпоративтік табыс салығын төлеуден 10 жылға дейін босатылады», - дейді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, салық пен көші-қон, экология саласындағы заңнамалар тұрақтылық қағидатын сақтайтын болады. Ұзақмерзімді болжамды кезеңдерге тарифтер мен бағалар енгізіледі.

«Инвестициялық климатты жақсартудың қосымша шаралары ретінде біз барынша дамыған елдер азаматтары үшін 90 тәулікке дейін біржақты тәртіппен визасыз режимді енгізуді қарастырып жатырмыз. Соның ішінде, біз Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция салып отырған үздік он мемлекетті осындай тізімге енгізуді ұсынамыз », - дейді Ерболат Досаев. Сонымен қатар, Үкімет алдағы уақытта «инвестициялық омбудсмен» қағидатына негізделген инвесторлар құқығын қорғау жөніндегі институт енгізуді жоққа шығармайды.

Айтпақшы, дәл осы Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсарту мәселесі аптаның жұмасында өткен Азия Даму Банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысы аясында да сөз болған еді.

АДБ басқа да қаржы құрылымдармен бірлесіп, Қазақстанға қолдауын жалғастыратын болады

Сөйтіп, осы аптада Астанада Азия Даму Банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысы өз жұмысын бастады. 2 мамырдан 5 мамырға дейін жалғасатын алқалы жиынға 3 мыңнан астам делегат қатысуға келіп отыр. Олардың ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер, беделді бизнесмендер, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ даму институтының өкілдері бар. Қазақстан Үкіметі АДБ-ның жыл сайынғы отырысын бірінші рет өткізіп отырғаны белгілі. Ал басқосу «Жібек жолы - Азияны өзгермелі әлеммен біріктіру» тақырыбына арналған. Айта кетерлігі, Азия Даму Банкі Қазақстанда өз жұмысын бастағаннан бері жалпы сомасы 3,5 млрд. доллар қаржылай көмек көрсеткен болатын.

Тоқтала кететін жайт, айтулы алқалы жиын аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азия Даму Банкінің президенті Такехико Накаоны қабылдаған болатын. Кездесуде инфрақұрылымдарды дамыту, еліміздегі қаржы-банк секторын одан әрі реформалау, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қажетті қолдау көрсету мәселелерін қамтыған ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. «2014 жылы Кеңеске төрағалық ету - біз үшін құрмет. Қатысушылар құрамында аса көрнекті адамдар болады. Біз мұны тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның табыстарын банктің мойындауы деп білеміз. Биыл еліміз бен Азиялық даму банкі арасындағы ынтымақтастыққа 20 жыл толады. «Қазақстан - 2050» Стратегиясын жүзеге асыра бастаған бүгінгі кезеңде біз сіздердің банктеріңізбен өзара іс-қимылдың жаңа беттерін ашқымыз келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Азия Даму Банкі президенті Такехико Накао кейіннен отырыс аясындағы конференция барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаевпен кездесіп, 1 сағатқа жуық әңгімелескенін еске түсірді. «Жүздесу барысында мен Қазақстан Президентінің Ұлттық қордан ел экономикасын әртараптандыруға, оның өсімін қолдауға қатысты триллион теңге бөлетіні туралы бастамасына тәнті болдым. Мұндағы фокус шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға, ұлттық сектордағы инфрақұрылымды дамытуға негізделіп отыр. Сондықтан да, біз Дүниежүзілік банк секілді басқа да қаржы құралдарымен бірлесе отырып Қазақстанға қолдау білдіру керек деп санаймыз. Осыған орай, мен Н. Назарбаевтан мықты макроэкономикалық саясатты жалғастыруды сұрадым», - деді АДБ президенті.

Т. Накаоның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан үшін ашық сауда, сауда байланыстарына инвестиция тартуды, осы бағыттағы заңнамалық жетілдіру жұмыстарын қоса алғанда инвестициялық-климаттық ортаны өзгертудің маңызы зор. «Менің мұндай ұсынысыммен Президент Н. Назарбаев та толық келісті. Шындығында, Қазақстан өңірдегі инвестицияға тартымды хабқа айнала алады», - деді АДБ президенті.

Т.Накао сондай-ақ «Қазақстан - 2050» Стратегиясын энергетика, индустрияландыру, қаржы секторын дамыту, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік тәрізді салалар бойынша жүзеге асыруға көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Ал Кеңес отырысы барысында АДБ басшысы Такехико Накао Қазақстанға жағымды инвестициялық климатты сақтап қалудың қажеттігін атап өтті. «Бұл үшін ашық инвестициялық және сауда режимі керек. Мемлекет ашық болуы керек»,- деді АДБ президент. Осыған орай, Үкіметтің қадамына тоқталған Такехико Накао, адами ресурстарды дамыту қажеттілігін ескерудің маңызын айтып, шағын және орта кәсіпкерлікке мейлінше назара аударуға тоқталды. «Бұл ретте министр Досаев мырза Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсартудың кешенді жоспарында жеті қадамға басымдық беріп отыр. Менің ойымша, бұл жеті қадам аса маңызды элементтерді қамтиды. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту аса өзекті. Өйткені, инфрақұрылымсыз: энергетикасыз, жолсыз бизнесте мүмкіндіктер болмайды, азаматтардың жақсы өмірін қамтамасыз ету де мүмкін емес. Сондықтан да, Азия Даму Банкі Қазақстанмен инфрақұрылымды дамыту бағытында ынтымақтастықты арттыруға ниетті», - деді Т. Накао.

Соңғы жаңалықтар