Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ Елі жоғалып бара жатқан дүниелерін жаңғыртты - Нариман Төреғалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ Елі барымен қайта табысып, жоғалып бара жатқан дүниелерін жаңғыртты – тілін тірілтті, дінін қайтарып, тарихын түгендеді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Нариман Төреғалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік Тағылымы» атты мақаласына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы жыл Еліміздің тарихындағы ерекше жыл – Тәуелсіз ел болғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде талай белестерді бағындырдық. ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік Тағылымы» атты мақаласында тәуелсіздік жолындағы қиын қыстау кезеңдерді айрықша тебіреніспен баяндап, ой толғаған. Елбасы мақаласы егемендігіміздің өткен тарихына қайта үңіліп шығуға және оның әрбір жылындағы жалынды істерді саралауға жетелейді.

Шындығында, Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ Елі барымен қайта табысып, жоғалып бара жатқан дүниелерін жаңғыртты – тілін тірілтті, дінін қайтарып, тарихын түгендеді. Елбасы Н. Назарбаев атап өткендей, Тәуелсіздікті жариялау бір басқа болса, оны ұстап тұру, мығым ету одан да күрделі, бұрынғыдан да қиын мәселе болғаны анық.

Елбасы өз мақаласында айтқандай «Тәуелсіздігімізді жариялағанда біздің өз валютамыз да жоқ еді. Әлемдік қаржы нарығын мұқият зерттей келіп, ұлттық теңгемізді де дер кезінде айналымға енгіздік». Расында, Одақ ыдырағаннан кейін Қазақстанға тиген басты мұра ауқымы жағынан көз көріп-білмеген жүйелі дағдарыс болды. Біздің еншімізге бәсекеге қабілетсіз экономика, басқарудың ескілікті жүйесі және қол-аяғы құрсаулы мемлекеттік аппарат тиді. Бұл біз бастан өткерген алғашқы ең ауыр да созылмалы дағдарыс болды. Сол кезде біз, қиыншылықтарға төтеп беріп қана қоймай, сонымен бірге, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар, бетбұрыстық сипаттағы реформалар жүргіздік. Біздің мемлекет тәуелсіздіктің 30 жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосқан ел атанды. Біз, бұл жетістігімізге ұлт пен ұлыстың татулығы, демократияның берік негіздері мен отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі арқасында қол жеткіздік.

Шын мәнінде, тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, аса маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Олардың бірі еліміздің атом қаруынан өз еркімен бас тартуы әлем тарихындағы маңызды шешімдердің бірі болды. Осылайша біздің ел – бейбітшілік ордасына айналды.

Елбасымыз Тәуелсіздік жолында аянбай тер төгіп, отыз жылға жуық тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, елімізді одан әрі өркендету жолында ел бірлігі мен келешегі үшін қызмет етуде.

Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, біз өз шекарамызды нық шегендеп, алпауыт елдермен қарым-қатынасты бастадық.

Н.Назарбаев өз мақаласында осы қиын кезеңдерде қабылданған шешімдер мен бастамаларға ерекше тоқталған.

Сондай бастамалардың бірі «Болашақ» бағдарламасы болды. Жаһандық аренада бәсекегеге қабілетті, кәсіпқой мамандарды даярлау мақсатында «Болашақ» бағдарламасымен оқытқан студенттеріміз қазіргі кезде еліне аянбай қызмет етіп, өз білімдерін халықаралық дәрежеде көрсетуде.

Қайсар халқымыз бен кемеңгер Елбасымыздың арқасында аз уақытта терезесі әлемнің алпауыт елдерімен тең мемлекетке айналдық.

Қазіргі заман білімділердің заманы. Келешек ұрпақ ата-бабалары білектің күшімен сақтап қалған жерін қаламның ұшымен, өткір білімімен көркейтуі қажет.

Сонымен қатар, өз мақаласында Елбасы «Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек» - деді.

Расында қазіргі ашық аспан мен тәуелсіз өмір, оңай жолмен келген жоқ. Енді, осы тәуелсіздігімізді нығайту мақсатында аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпаққа үлгі болу біздің міндет.

Елбасымыздың бүгінгі мақаласы, халқымызға өнеге, келешек ұрпаққа тарих болары сөзсіз.

Мемлекетіміздің мызғымастығы мен, тәуелсіздігіміздің тұғырын өз қалпында ұстап, көк туымыздың желбіреуіне ат салысып, басқа қонған бақты бағалай білу әр азаматтың міндеті.

Елбасымыздың кемел саясаты қашан да жалғасын тауып, халқымызды жарқын болашаққа жетелейтіні сөзсіз.

Егемен елдің еңсесі биік, Азат елдің аспаны ашық болсын!



Соңғы жаңалықтар