+7 (701) 759 90 19
USD 375.91 EUR 416.85
RUB 6.10 CNY 54.77
Jańalyqtar

Тәуелсіздіктің алғашқы дипломатиялық депешасы қалай дайындалды

2019 жылғы 15 желтоқсан 12:25
Бөлісіңіз:
Тәуелсіздіктің алғашқы дипломатиялық депешасы қалай дайындалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамда «Қазақстан неге өз тәуелсіздігін өзгелерден кеш жариялады?» деген сұрақ әлі де талқыланады. Кейбіреулер үшін қазаққа тәуелсіздік оңай келген секілді көрінеді де. Расында солай ма? Арғысын айтпағанда кешегі Алаш пен бергісі Желтоқсан қайраткерлерінің өз басын не үшін құрбандыққа тіккенін түсінсек, тәуелсіздіктің оңай келмегенін ақиқат ретінде мойындауға тиіспіз.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда тұрғындардың тыныштығын бұзу фактісі үшін жаза күшейтілді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР кейбір конституциялық заңдарына  өзгерістерді бекітті Мемлекет басшысы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысын қызметінен босатты

Бұдан бөлек, тәуелсіздік тұсындағы біз біліп, біз білмейтін үлкенді-кішілі саяси оқиғалар ше? Рас, Қазақстан ССРО-ның ең соңғы мүшесі ретінде одақта жалғыз қалды әрі әлемнің төртінші ядролық арсеналы Қазақстанның меншігінде сақталып тұрды. Осы екі мәселе үшін-ақ күллі әлем назары Қазақстанға ауды. Және бір анығы – көп елдер тек әшейін назар аударып қана отырған жоқ, түрлі әрекетке көшіп, саяси оқиғалар төңірегінде әрқилы әңгімелер тудырды, кездесулер ұйымдастырып, әркім өзіне қарай тартуға тырысты. Әлбетте, ондай оқиғалардың анық-қанығын біз ешқашан білмеуіміз де мүмкін. Әйтсе де осындай алмағайып кезеңде тәуелсіздіктің аса бір ауыр жүгі сыртқы саясатқа түскені анық. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Егер біз шұғыл түрде өзіміздің сыртқы саясатымызды қалыптастыруды бастап кетпеген болсақ, біздің мүдделерімізге орасан зор нұқсан келері де түсінікті» деп жазды. Шындығында сыртқы саясаттың алғашқы қадамы қалай басталды?

Дипмиссияларға қара Волгамен жасалған сапар немесе тәуелсіздіктің «романтикалық» кезеңі

Сонымен, 16 желтоқсан Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Заңның 1-тарауы 3-бабында «Өзiнiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiн басқа мемлекеттер тануы үшiн Қазақстан Республикасы ашық» деп жазылған болатын. Дәл осы «басқа мемлекеттердің тануы» тәуелсіздік үшін ең маңызды мәселе еді. Өйткені тану болмаса тәуелсіздік те болмайды деген сөз.

Сол тұста ССРО құрамында болып, Мәскеуге тікелей бағынатын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тым қиын жағдайда қалғанын айтып жату артық. Санаулы қызметкерлерімен, шектеулі функциялармен ғана әрекет ететін Алматыдағы министрліктің дипломатиялық қызметінен қайыр жоқ деуге болатын еді. Есесіне Одақтың орталық министрлігі шаңырағында шыңдалып жүрген, тәжірибе жағынан шет елдердің дипломаттары арасында таныла бастаған қазақ қызметкерлер жоқ емес-тін. Смоленск алаңындағы ССРО Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында қызметте жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев та дипломатиялық тәжірибемді туған елім – Қазақстанымның игілігіне жұмсайтын сәт туды деген ойда болды.

«Осы машақатпен жүргенімде маған Қазақстанның Мәскеудегі жаңа тұрақты өкілі Қ. Саудабаев телефон шалды. Ол Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы республика парламентінің мәлімдемесіне дипломатиялық корпустың әсерін байқау жөнінде Президенттен тапсырма алғанын хабарлап, өзі үшін бұл жаңа істе көмек көрсетуімді сұрады», - деп еске алады қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Беласу» атты кітабында.

«Шет елдердің елшіліктеріне ноталар жіберіп, біз келесі күні ол кезде мәртебе саналатын қара «Волгаға» отырдық та, дипломатиялық миссиялардың басшыларына барып шықтық. Сол кездегі жағдай бойынша бұл сапарымыз біз үшін қаншалық көңіл толқытарлық оқиға болғанын айтып жату артық болар, өйткені, әңгіме Қазақстанды халықаралық мойындау туралы еді», - деп жазады Қ.Тоқаев. Осы көңіл толқытарлық сапардың нәтижесінде Президент Н.Назарбаевтың атына Мәскеуден алғашқы құжат – алғашқы дипломатиялық депеша дайындалды. «Беласу» кітабында осы құжаттың мәтіні де жарияланған. Мемлекет басшысының атына жолданған осы құжатта Қ.Тоқаев Президент тапсырмасын орындау мақсатында 18 желтоқсан күні Ұлыбритания, Германия, Жапония, Иран елшілері мен ҚХР уақытша сенімді өкіліне кіріп шыққанын және олармен өткен сұхбаттасудың негізгі мазмұнын баяндайды.

«Ұлыбритания елшісі Р.Брейтвейт Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялауын қошеметпен қарсы алды. Сіздің Англияға сапарыңыздың тарихи маңызы бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұл сапар – «алғашқы ірі қадам», ол қазақстан-ағылшын байланыстарының толыққанды дамукына бастама болады», - деп жазады Н.Назарбаев атына жазылған депешеде. Бұл кездесуде ағылшын елшісі өз үкіметінің Қазақстанмен байланыс жасауына бірінші дәрежелі маңыз беретінін, экономикалық ынтымақтастық, соның ішінде мұнай және газ кен орындарын игеруге байланысты келіссөздер жүргізілетініне мән берген. Сосын Ұлыбритания елшісі батыс мемлекеттерінің Қазақстанның тәуелсіздігін тануға қатысты принципті шешімі Дж.Бейкердің НАТО Кеңесінің сессиясында сөз сөйлегеннен кейін қабылданатынын жеткізіпті. Қазақстанның аумағындағы ядролық арсенал мәртебесі туралы да сөз болған екен.

Ұлыбритания 1992 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады.

«ГФР елшісі К.Блех те Қазақстанның тәуелсіздік жариялауын қуаттады. Ол Достастық тағдырында шешуші кезең туып отыр – енді бәрі де Одақтың бұрынғы республикалары басшыларының Алматыдағы кездесуінің қорытындыларына байланысты болады, деп атап көрсетті», делінген құжатта. ГФР де Қазақстанның ядролық қару проблемасына баса назар аударып, Президент Н.Назарбаевтың осыған қатысты ұстанымымен келісетінін білдірген. Германия Қазақстанның дербестігін 1991 жылдың 31 желтоқсанында танып, келесі жылдың ақпанында елімізбен дипломатиялық қатынас орнатты.

Депешеге қарағанда, Тоқаев сұхбатының сүбелісі Қытай өкілімен болғанға ұқсайды. ҚХР уақытша сенімді өкілі Чжан Чжэнь Қазақстанның тәуелсіздігі туралы хабарды дереу жоғары басшылыққа жеткізетінін айтып, Бейжіңде ТМД-ға, жаңа мемлекеттер, соның ішінде Қазақстанмен қандай қарым-қатынас жасау керек деген мәселенің қарастырылып жатқанын жеткізіпті. «Чжан Чжэнь Пекинде Қазақстан Президентін «бұрынғы Одақтың саяси аренасындағы ең беделді қайраткер» деп есептейтінін атап көрсетті. Пекинде, деді сұхбаттасушы, Қазақстан әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтап қала алған бірден-бір республика екендігін жоғары бағалайды», - делінген.

Бұдан бөлек, қытай дипломаты екіжақты ынтымақтастықтағы серпілістерге тоқталыпты. Ол оң үрдістерді Қазақстан мен Қытайдың көршілес мемлекет болғандығынан ғана емес, «осы елдер басшыларының көрегендігі» арқасында орын алып отырғанын алға тартқан. Елші кейбір мәселелерге Қазақстанның көзқарасын да білгісі келген екен. Мәселен, ол «Пекин Ресей халықаралық аренада ССРО-ның бірден-бір құқықтық мұрагері болып табылады және БҰҰ ҚК-нің тұрақты мүшесі болғысы келеді деген Ельциннің мәлімдемесіне назар аударып», Қытай басшылығы осыған қатысты Қазақстанның көзқарасына мән беретінін жеткізіпті. Ядролық қару мәртебесі жөнінде де айқын мағлұмат сұратқан.

Қытай 1991 жылдың 27 желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігін таныды.

Депешедегі келесі мәлімет Жапония елшісімен кездесудің нәтижесі туралы. «Жапония елшісі Эдамура оның елі Қазақстанның халық билігі жоғары органының шешімін құрметтейді деп мәлімдеді. Жапония тәуелсіздік алу процесінің «кедергісіз жүргенін» қалар еді. Елшінің атап өткеніндей, біздің республикамыздың тәуелсіздік жариялауы «тарихының өзінің мүдделеріне сай келеді».

Сөз арасында елші Жапонияның Қазақстанмен алдағы байланыстарын жолға қою үшін алғашқы қадам ретінде жапониялық мамандардың республика жағдайымен танысу мақсатындағы алғашқы сапары болуы мүмкіндігін айтқан. Қазақстан тарапына қаржылық қолдау жасау ықтималдығы да назарға алынған. Жапония Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 28 желтоқсанында мойындады.

«Оңтүстік Корея елшісі Ро Мен Го Қазақстанның тәуелсіздік жариялағаны туралы өз үкіметіне хабарлап та қойғанын айтты. Оның айтуынша, ол таяу уақытта Сеулден біздің республикамыздың тәуелсіздік жариялануына байланысты Оңтүстік Кореяның ресми көзқарасына қатысты тиісті ұсыныстар алуға тиісті» делінген депешада. Корея елшісі Алматыда өтетін кездесуге (Достастық елдері басшыларының кездесуі-ред.) көп нәрсе байланысты екендігін жеткізген.

Оңтүстік Корея Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 30 желтоқсанында таныды.

Иран елшісі де Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесуі барысында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің шешімін құрметтейтінін мәлімдеген. «Ол Сіздің Иранның сыртқы істер министрі Уелаятимен кездесуіңіздің айрықша маңыздылығын атап өтті. Осы кездесудің қорытындылары бойынша меморандумның қағидаларын дамыту үшін иран жағы мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасары бастаған делегацияны Алматыға жіберу жөнінде шешім қабылдады. Иран мұнай өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты Қазақстанмен қарым-қатынастағы басым бағыт деп есептейді», - делінген құжатта.

Бұдан бөлек, елші ядролық қару мәртебесіне қатысты Қазақстан Президентінің көзқарасына баса назар аударатынын және Алматыдағы кездесулердің қорытындысын күтетіндігін айтқан. Ресми Тегеран сол Алматы кездесуінен соң заң жүзінде қарым-қатынас орнату туралы принципті шешім қабылдануы мүмкін екендігін меңзеген екен.

Иран Ислам Республикасы Қазақстанның Тәуелсіздігін көп ұзамай мойындады әрі Иран мұсылман елдері арасында бірінші болып, еліміздің егемендігін таныған. Ал Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады.

Осы кездесулерден кейін, елшілердің сөзіне сүйене отырып Қ.Тоқаев мынадай тұжырым жасайды:

«Қазақстанның тәуелсіздік жариялауы шетелдерде өте оң қабылдануда. Солай бола тұрса да, ондағылар Достастықтың болашағы бұрынғы Одақтың егеменді мемлекеттерінің басшылары бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністікке келе ала ма, жоқ па, соған байланысты деп есептейді. Негізгі мәселелердің ішінде – Қазақстанның аумағындағы ядролық қару мәртебесі, Батыс елдерінің елшілері бұрынғы Одақтың қарамағындағы ядролық қару бірыңғай бақылауда болуға тиіс екендігі туралы өз үкіметтерінің пікірін білдіреді». Депешеде Қ.Тоқаев ССРО-ның құқықтық мирасқорына байланысты айқындықтың болмауы да дипкорпустың алаңдауын тудырғанын да атап өтеді.

«Шетелдік елшілер Алматыдағы нақты уағдаластықтарға жету мүмкіндігіне қатысты өз күмәндарын жасырмады. Батыста аңдысын аңду көзқарасын ұстануға сыңай танытады. Бұрынғы республикаларды ресми тану Алматыдағы кездесудің қорытындыларына тікелей байланысты қойылып отыр», - деп түйінделеді құжат мәтіні.

Алғашқы депешені Тәуелсіздікті танытудың дербес қадамы ретінде бағалауға болады. Сыртқы саясаттың осындай нық қадамы арқасында тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ елімізді Түркия, Ресей, АҚШ мойындап, жыл соңына дейін Австралия, Жапония, Вьетнам, Қытай және Германия секілді мемлекеттер тиісті мәлімдемесін жасады. 1992 жылдың қаңтарында бұлардың қатарына Ұлыбритания, Норвегия, Франция, Швеция секілді және бірқатар ірі мемлекеттер қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен сабақтасақ, «бұл да тәуелсіздік тарихының «романтикалық» кезеңі болатын. Сол тұста әлемдік аренаға алғаш жүрексіне аяқ басқан Қазақстан, жылдар өте қадамын қатайта берді...»




Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT