Тәуелсіздіктің 30 жылындағы Шығыс Қазақстанның жетістіктері қандай

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылында ауқымды өзгерістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметінше, Тәуелсіздіктің 30 жылында өңірде 144 мектеп, 27 балабақша, 453 спорт нысаны, 100 мыңнан астам пәтер және 107 денсаулық сақтау мекемесі салынды.

Соңғы үш жылда Өскеменде роботохирургия, политравма, ортопедия, офтальмохирургия, пульмонология орталықтары мен облыстық балалар ауруханасы ашылған.

«Семейде гибридті операциялық, Офтальмохирургия орталығы, Ядролық медицина орталығы іске қосылды. Аягөз және Алтай қалаларында инсульт орталықтары, географиялық ерекшеліктерді ескере отырып, пациенттерді уақтылы көмекпен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тері арқылы коронарлық араласу орталықтары құрылды. Соңғы төрт жылдан астам уақыт бойы дәрігерлерді жетекші шетелдік клиникаларда оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 5,5 мыңнан астам маман өз біліктілігін арттырды», - делінген мәліметте.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1991 жылғы 7 млн теңгеден 2020 жылдың қорытындысы бойынша 686 млрд теңгеге дейін өсті.

Ауыл шаруашылығына инвестициялар 75 есеге артып, 36 млрд теңгеге жетті.

«2010 жылдан бастап Шығыс Қазақстанда Индустрияландыру картасы аясында 9 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 769 млрд теңге сомасына 55 жоба іске асырылды. Өңір инновациялық өнім көлемі бойынша республикада бесінші орында тұр. Қазақстан Республикасының барлық инновациялық өнімдерінің 7 пайызға жуығы Шығыс Қазақстанда өндіріледі. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны екі есеге артты. 2005 жылы олардың саны шамамен 46 мыңды құрады. Бүгінде бұл көрсеткіш 90 мыңнан асып отыр», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар