Тәуелсіздіктің 30 жылында Маңғыстау облысы қалай дамыды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылы Маңғыстау өңірінің тыныс-тіршілігіне де елеулі өзгерістер әкелді. ҚазАқпарат осы кезеңде облыс халқы қол жеткізген негізгі көрсеткіштерге шолу жасады.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Маңғыстау облысында балабақшалар саны 3 есе артты. 1991 жылы өңірде 113 балабақша болса, 2021 жылы олардың саны 331-ге жетті. Соның арқасында өңірде 3- 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылып отыр.

Аталмыш кезеңде Маңғыстау облысында орта білім беретін мектептер саны 2 есе өскен. 1991 жылы өңірде 86-мектеп болса, қазір 171 білім ошағы бар. Маңғыстау облысын дамыту жоспары бойынша алдағы 5 жылда 35 мектеп салынуы тиіс. Биылдың өзінде 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік мектеп ашылған.

30 жылдың бедерінде Маңғыстау облысында орта білім беретін колледждердің саны 3 есе өскен. 1991 жылы 10 колледж болса, 2021 жылы 27-ге жеткен. Өңір дамыған сайын түрлі сала бойынша кәсіби мамандар қажеттілігі туындап отыр.

Тәуелсіздік жылдары аймақта 34 мәдени нысан ашылған. Ауылдарда мәдениет үйлері мен театрлар ашылып, балаларды өнерлі жастардың талантын ұштауына мүмкіндік туды. Солардың ішінде 2003 жылы ашылған Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры мен 2009 жылы қолданысқа берілген «Отпан» мәдени кешені және 2015 жылы салынып біткен «Мемориалдық мұражай» сияқты нысандардың шоқтығы биік.

Ел тәуелсіздігін алған тұстан бері Маңғыстау облысында 11 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әсіресе облыс орталығында қарқыны күшті. Ақтауда соңғы бес жылда 11 жаңа шағын аудан бой көтерген.

Өңірдегі турзим дегенде Ақтау жағалауында бой көтерген тұтас курорттық аймақ еске түседі. Жаңа демалыс кешендері салынып, 2004 – 2020 жылдар аралығында өңірге келген туристер саны 2,5 миллион адамнан асқан. Оның 500 мыңнан астам адам шетелдік туристер.

2007 жылы Маңғыстауда Мұнайлы дейтін жаңа аудан құрылды. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі елімізде құрылған алғашқы аудан еді. О баста ондағы халық саны 53 мың болса, бүгінде 174 мыңнан асып отыр.

Кейінгі 30 жылда облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 720 мың адамға жетті. Туу көрсеткіші бойынша облыс соңғы 4 жылда елімізде көш бастап тұр. Осыған орай жаңа Ана мен бала орталығы пайдалануға беріліп, перзентханалар салынды. Табиғи өсіммен қатар өңірге шетелден қандастар да көптеп көшіп келді. Бұл көрсеткіш бойынша да Маңғыстау алда.

1991 жылдан Маңғыстау өңірінде 150-ден астам денсаулық сақтау нысаны іске қосылған. Жедел-жәрдем автопаркі 100% жаңарып, Жаңаөзен қаласында озық үлгідегі аурухана мен емханалар пайдалануға берілді.

30 жылда аймақта 1100 шақырым жол салынып, үш темір жол іске қосылды.

Маңғыстау шекаралық облыс болғандықтан үш мемлекеттің арасын жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық темір жол дәлізі ашылды. «Жезқазған–Бейнеу» темір жолы салынып, «Атырау–Ақтау» автокөлік жолы жаңартылды. Елімізді Түркменстанмен байланыстыратын «Өзен-Түркіменстан» авто жолы салынды.

Тоқсаныншы жылдары облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 778 шақырым болған. Содан бері 1 мың шақырымнан астам жол салынып, 2 мың шақырымға жуық жол жөндеу көрді.

Маңғыстаудың мұнайы Совет заманында игеріліп бастағанымен, өңір халқы табиғи газдың игілігіне тек тәуелсіздік жылдары ғана 100 пайыз қол жеткізе алды.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Маңғыстау облысы бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Жалпы қазақстандықтардың бұқаралық спортпен айналысу көрсеткіші 31 пайыз болса, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 36,4 пайыз.

Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 млн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін өскені туралы дерек бар. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3млн теңгеден 183 млрд теңгеге дейін өскен.

Маңғыстау өңірі 2020 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан республикада үшінші орында тұр.

Елде өндірілген мұнайдың 23%-ы, табиғи газдың 5,5%-ы, азот минералды тыңайтқыштар өндірісінің 85%-ы, кокс пен битум өндірісінің 25%-ы, бор мен доломиттің 25%-ы, портландцементтің 8,0%-ы, өндірілетін электр энергиясының 4,5%-ы киелі Маңғыстау жерінде шоғырланған.

30 жылда өңір тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 3,3 жылға ұзарған. 1991 жылы тұрғындар орта есеппен 67,8 жыл жасайтын болса, 2020 жылы 71,1 жасқа дейін ұзарған.

Тәуелсіздік таңы атқан сәттен бері облыста шағын және орта бизнес субектілерінің саны 4 есе өсіп, 55 мыңға жеткен. Аталмыш салада жұмыспен қамтылғандар саны 3 есе, өнім шығару көлемі 14,5 есе артқан.


Соңғы жаңалықтар