Тәуелсіздіктің 30 жылында Алматы қаласы қалай дамыды
2021 жылғы 28 қараша 14:41

Тәуелсіздіктің 30 жылында Алматы қаласы қалай дамыды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде Алматыда – Наурызбай және Алатау ауданы құрылды. Қысқа уақыт ішінде олар үлкен перспективаларға ие болды. Бүгінгі күні Алматының жаңа аудандары қалай дамып жатыр ҚазАқпарат тілшісінің фоторепортажында.

1982 жылдың басынан бері Алматыда Алатау, Әуезов, Калинин, Ленин, Москва, Октябрь, Совет, Фрунзе сияқты 8 аудан болды.

1993 жылы Алатау ауданы, Әуезов ауданына қосылды. Араға 15 жыл салып 2008 жылы Алатау ауданы қайта құрылды. Ал 2014 жылдың шілдесінде қалада жаңа сегізінші аудан- Наурызбай ауданы пайда болды.

Алматы қаласындағы соңғы екі ауданға кеңірек тоқталсақ:

Алатау ауданы:

Аудан Алматы қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 4 шілдедегі бірлескен қаулысымен құрылды. Ол мегаполистің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жалпы ауданы 10 495 гектар. 23 шағын аудан бар. Халық саны 311 мың адам немесе 14,09%, қала тұрғындарының саны бойынша екінші орында.

Жаңа ауданда бірегей спорт және мәдениет нысандары пайдалануға берілді: «Алматы Арена» мұз сарайы, жеңіл атлетика стадионы, 5 мың орындық Атлетика ауылы, кино-концерт залы және «Алатау» дәстүрлі өнер театры.

173 балабақша (20 мемлекеттік және 153 жекеменшік) ашылды, 13 мектеп салынды (11 мемлекеттік және 2 жекеменшік), оның ішінде республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-колледжі, 7 медициналық ұйым (5 мемлекеттік және 2 жекеменшік) бар.

«Ақкент», «Нұркент», «Ақбұлақ», «Зерделі», «Саялы», «Атлетика ауылы», «Алмалы» ТК, «Алатау Сити» ТК шағын аудандары салынды. 2016-2017 жылдары аудандағы «Алматы Аренада» Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу, Дүниежүзілік қысқы Универсиада, дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығының ашылуы өтті.

Алатау ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5 сквер құрылысы, 5 жаяу жүргіншілер, 54 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті, 23 аула және 18 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15 жоба жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, «Нұркент» шағын ауданында «AlatauCreativeHub» орталығы ашылды. Орталықта жаңартылған кітапхана, коворкинг - кеңістігі, балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, шеберлік сабақтары мен презентацияларды өткізуге арналған басқа да көптеген білім беру орталықтары жұмыс істейді.

2020 жылы «Миллион ағаш» бағдарламасы мен «Жасыл Алматы» экологиялық акциясы аясында ауданда 100 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Биыл тағы 130 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарда.

2014 жылдың 2 шілдесінде Алматы қалалық Мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында жаңадан Наурызбай ауданының құрылғандығы туралы шешім қабылданды.

Наурызбай ауданының аумағы 6 976 гектар жерді алып жатыр. Оған Әуезов ауданының бір бөлігі мен қалаға жаңадан қосылған жер телімдері қосылды. Ресми деректер бойынша жаңа ауданда 150 мың адам тұрып жатыр.

Наурызбай ауданы Алматы қаласының экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосуда. Барлық әлеуметтік-экономикалық салаларда көрсеткіштердің қарқынды өсуі байқалады.

6 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 есе, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7 млрд теңгеден 118 млрд теңгеге жетті, яғни 16 есеге өсті.

Былтырдан бері « Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында аудан аумағында 13 workout ,16 ойын, 2 футбол, 2 баскетбол және 2 коньки тебу алаңы салынды.

Қоғамдық көлікте 7 жаңа бағыт іске қосылды, 6 бағыт ұзартылды және 109 жаңа аялдама кешені орнатылды. 3 жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ 3 мектепке қосымша күрделі сейсмикалық жөндеу жүргізілді.

Қысқа мерзімде 97 жекеменшік балабақша ашылып, 3 заманауи ірі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Ауданда 3 емхана мен бір жедел жәрдем станциясы пайдалануға берілді.

Жекелеген инфрақұрылымға келер болсақ, ауданда барлығы 348 көше бар. Бүгінде асфальтталған көшелердің үлесі 68 пайыз. Инженерлік желілер (су құбыры, кәріз) құрылысы аяқталғаннан кейін барлық көшені және жол желілерін асфальттау жоспарда. 100 көшеде жаяу жүргіншілер жолы бар. 80 көшеге арық жүйесі тартылып, 312 көше жарықтандырылды. Биылдың өзінде 29 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні аталған екі аудан кеңейіп, қарқынды дамып келеді. Жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Жыл сайын мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлайды, жаңа инфрақұрылымдар пайда болады. Осылайша, Алатау және Наурызбай аудандарының Алматы қаласының экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесі зор.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT