Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Ұлттық музейде «Ұлық Ұлыс» залы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық музейінде Алтын Орда кезеңінен сыр шертетін «Ұлық Ұлыс» атты жаңа зал ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әрдайым кең байтақ жеріміз бен терең тарихымызды мақтанышпен айта аламыз. Соның бірі - Алтын Орда кезеңіндегі тарих. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Алтын Орданың мерейтойын ел болып атап өттік. Алтын орда кезеңі мен тарихы бірнеше ұлт өкілдерімен байланысты екені аян. Бірақ Алтын Орданың қай жерде құрылғаны және оны кімдер құрғаны тарихтан белгілі. Оның үстіне тарихы терең осынау ортағасырлық мемлекеттің мерейтойын мемлекеттік деңдейде алғаш біз атап өтіп отырмыз. Бүгінгі көрмеге біраз құнды дүниелер қойылған», - деді ҚР Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы залдың ашылу салтанатында.

Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, музейдің ғылыми қызметкерлері жаңа залға қоятын жәдігерлерді іздеп, Ұлытауға арнайы ғылыми сапармен барған.

«Алтын Орданың негізін қалаушы - қазақ ұлты екені анық. Бұл мемлекеттің әлі де болса ашылмаған сырлары көп. Алтын ордаға қатысты көптеген құнды деректер сыртта екені де рас. Сондықтан алдағы уақытта біздің тарихшылар мен ғалымдар зерттейтін дүние жеткілікті», - дейді ол.

Жаңа залда Ұлық Ұлыс кезеңінің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын ортағасырлық қалалардан табылған археологиялық артефактілер, нумизматикалық топтамалар, діни-мінәжаттық ғимарат макеті мен басқа да құнды жәдігерлер қойылған.

Одан бөлек, экспозициялар арасында шетел мұрағаттарынан табылған хандардың ресми жазбаларының көшірмелері, мемлекеттің рәмізі болып табылатын Ұлық Ұлыс туының қайта жаңғыртылған нұсқасы (Еуропалық теңіз карталарындағы мәліметтерге сүйеніп) орын алған.

Сонымен бірге Ұлық Ұлыс хандарының елшілерге, саудагер-көпестерге берген негізгі сенім құжаттары - пайзылардың көшірмесі, Жошы ұрпақтарының шежіресі (Сол қанат) көпшіліктің назарына ұсынылып отыр.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осындай айтулы тарихи сәтке куә болғанымыз қуантады. Бұл - тарихи әділеттілік. Себебі, өздеріңіз білесіздер, кезінде Алтын ордаға қатысты біршама жаңсақ пікірлер болды, тіпті бұл тақырыпты қозғауға тыйым да салды. Енді, міне, тарихи шындықты жаңғыртып отырмыз. Сонау Алтын Орданың кезіндегі ұлттар, бүгінгі қырым, татар, башқұрттар бізге қызыға да қызғана қарайды. Сондықтан біз бай тарихымызды мақтан тұтуымыз керек. Және осы бағыттағы жұмысты тоқтатпай, жас зерттеуші ғалымдарды тартып, жалғастыруымыз керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы.



Соңғы жаңалықтар