Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қызылордада бірқатар мәдени шаралар өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту мақсатында көптеген іс-шаралар ел назарына ұсынылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы мақсатта облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, мәдени шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктігін насихаттау мақсатында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өткізілді.

Оған қоса Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы, Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Әлемге аян жырлары», «Тыңда, дала Жамбылды» атты дәстүрлі әншілер мен жыршы-жыраулардың концерттері көпшілік қошеметіне ие болды.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Сыр бойындағы аңыз әңгімелер, шежіре, батырлар жыры, қисса-дастандардың ел аузындағы нұсқаларын жинақтап, «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты үш томдық жинағын шығару жоспарланған еді. Биыл сол жоба аясында антологияның бірінші томы «Жанқожа батыр» деген атпен жарыққа шықты», - деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Мұнан өзге, «Жасай бер, Қазақ елі!» атты әнші-композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы өткізіледі.

Ал «Тәуелсіздік төріндегі театр» атауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейннің шығармашылық кешін өткізу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар