Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: ҚР әскери қызметшілері биыл 84 мыңнан астам оқу-жаттығуға қатысты
2021 жылғы 31 желтоқсан 17:19

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: ҚР әскери қызметшілері биыл 84 мыңнан астам оқу-жаттығуға қатысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығында армияның ұдайы жауынгерлік әзірлігін қолдау, әскердің жауынгерлік ептілігін арттыру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету және жеке құрамның жоғары моральдық-жауынгерлік рухын қолдау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қажетті стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, атап өтер болсақ, 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының «Елдің қорғаныс қабілетін нығайту» бөлімі, Ел қорғанысының жаңа жоспары құжаттарының жиынтығы, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының құрылысы мен оны дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы әзірленді.

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының басшылығымен стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу өткізілді.

Әскери ведомство қызметінің басым бағыты оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын бекітті. Тыйым салынған аймақтар мен аудандарға байланысты қатынастар заң жүзінде реттелді.

Әскерлерді жоспарлы түрде қайта жарақтандыру аясында жаңа және жаңғыртылған қару-жарақ пен әскери техниканың үлесі артты.

Жеке құрамның денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында коронавирусқа қарсы вакцинация аяқталып, ревакцинация басталды.

«Ұлы дала әскері – Тәуелсіздік тірегі» ұранымен әскери қызметшілер 84,5 мың оқу-жаттығу мен жауынгерлік оқ ату жаттығуларына қатысты, парашютпен 17,5 мыңға жуық секіруді, 762 жазғы ауысымды, 150 теңізге шығуды, 1 200-ден астам далалық жорықтарды орындады.

«Алтын жебе» арнайы операциялар күштерін кешенді тексеруі ұйымдастырылды.

2021 жылы Қазақстан армиясының бөлімшелері «Қалқан» бірлескен жедел-тактикалық, «Бекет» кешенді, «Отпантау» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуларына қатысты.

Халықаралық форматта қазақстандық әскери қызметшілер ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО аумағының және екі сегментте Қытаймен, Пәкістанмен, Ресеймен, Өзбекстанмен және басқа да бірқатар мемлекеттермен оқу-жаттығуларға қатысты.

Әскерилер шиеленісті жағдайда Кабулдан азаматтарымызды эвакуациялау операциясын жүзеге асырды.

Қазақстанның әскери қызметшілері Армия халықаралық ойындарында табысты жауынгерлік сайыс түрін көрсетті.

Қазақстан контингентінің БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік және Батыс Сахарадағы әскери бақылаушылар миссиясына қатысуы жалғасуда.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мемлекеттің басты басымдықтарының қатарында. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап лауазымдық жалақы 35%-ға өсті. Жалақының кезеңмен өсуі 2023 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Заң жүзінде резервтегі қызметке, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және басқа да өзекті мәселелерге қатысты нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2021 жылы армия спортшылары 110-нан астам маңызды халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға қатысып, 179 алтын, 99 күміс және 89 қола медаль олжалады.

2022 жыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл болып жарияланды. Ел әскеріндегі жауынгерлік сайыстар «Қарулы Күштердің 30 жылдығына – біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен өтеді.


Jańalyqtar

MURAǴAT