Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қазақстанда ІТ-мамандарын дайындау саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Білім және ғылым министрлігі бүгінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында кадрлар даярлау қалай жүргізіліп жатқандығын және елімізде қандай білім беру бағдарлаасы жүзеге асырылатындығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында кадрларды даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлетіндігін атап өтеді.

Біріншіден, мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын ұлғаюда. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында ЖОО-да оқу үшін 8797 грант бөлінді. Бұл 2018-2019 оқу жылымен салыстырғанда 22 пайызға артық. Ал техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде 7614 грант бөлініп отыр.

Екіншіден, Техникалық және кәсіптік білім мамандықтары мен біліктіліктерінің жаңа сыныптауышы, сондай-ақ Білім берудің халықаралық стандарттық сыныптауышына және Ұлттық біліктілік аясына сәйкес келтірілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышы әзірленіп бекітілді. ЖОО мен колледждердің академиялық еркіндігі кеңейтілді. Оның аясында білім беру ұйымдары жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып және кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді және бекітеді.

ТжКБ деңгейінде АКТ саласында 14 білім беру бағдарламасы және 8 үлгілік оқу жоспары мен үлгілік оқу бағдарламалары іске асырылады. Жоғары білім деңгейінде Білім беру бағдарламаларының тізіліміне АКТ

саласындағы 598 білім беру бағдарламасы енгізілді. Оның ішінде бағдарламалық инжиниринг, компьютер ғылымдары, киберфизикалық жүйелер, «Big Data Analytics» (Үлкен деректерді талдау), деректер туралы ғылым, роботтандырылған ұшқышсыз аппараттар сынды 32 инновациялық бағдарлама бар.

Үшіншіден, IT компаниялармен әріптестік қатынастар белсенді дамуда. ТжКБ саласында колледждердің ірі инвесторларына дуальды оқыту және сенімгерлік басқару қағидаттарын енгізу арқылы әріптестік тетіктері іске асырылуда. Өндірістегі дайындықтың практикалық бөлігі оқу уақытының 60 пайызын құрайды. 2019-2020 жылдары IT компаниялардың қатысуымен республиканың 8 өңірінде ТжКБ студенттері арасында цифрлық дағдылар -Хакатонды қолдана отырып, IT-шешімдерді әзірлеу бойынша идеялар конкурсы өткізілді. Жоғары білім беру саласында да оқу процесінің 40 пайызына дейін тікелей өндірісте практикалық дайындықпен дуальды оқыту жүйесінің элементтері енгізілуде. Теориялық оқыту процесінде алынған білімді бекіту үшін IT-ұйымдармен шарттар бойынша практика жүргізіледі.

Төртіншіден, жаңа оқу жылынан бастап ЖОО-дағы гранттың құны артты. Оның аясында ЖОО-лар оқытушылардың жалақысын көтеруге және өздерінің кадрлық әлеуетін күшейтуге, сондай-ақ инфрақұрылымын жаңартуға мүмкіндік алды.

Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық аясында оқу процесіне IBM, Amazon, WOOPPAY, Avaya, Asus, КШТТО Касперский зертханасы ЗТБ, Лавина-Пульс АҚ, «Позитив технолоджиз» АҚ және басқа да компаниялардың IT-сарапшылары тартылуда.

Соңғы 3 жылда IT саласында 60 шетелдік ғалым (оның ішінде 32-сі республикалық бюджет есебінен) Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ, Түркия, Ұлыбритания және басқа да елдерден тартылды.

Бесіншіден, министрліктің негізгі міндеті - білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және кадрлар даярлау сапасын қамтамасыз ету. Ол үшін министрлік нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, өзектендіріп отырады, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кадрлар даярлауға гранттар, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуға және шетелдік ғалымдарды шақыруға қаражат бөлуде.

Айта кетерлігі, таяуда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында қазіргі уақытта еліміздегі 80-нен астам жоғары оқу орнында IT бағытындағы мамандарды дайындау бойынша лицензиясы бар екендігін, дегенмен, олардың барлығы бірдей нарықтағы сұраныс пен жұмыс берушілердің талаптарын қанағаттандыра бермейтіндігін ашық жазған болатын.

«Осы ретте университеттер сала мамандарымен және жұмыс берушілермен бірігіп, кадрларды дайындау бағытындағы мәселелерді шешу бойынша тиімді жұмыс істеуі керек», - деген еді министр.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда жай ғана дипломның болуы жеткіліксіз, ендігі кезекте біліктілік санаты және мамандарды сертификаттау – жұмысқа қабылдаудың маңызды шарты болуы керек.

«Біздің бастамамыз бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді және осы идеяны жүзеге асыру үшін толық мүмкіндік бар. Біз «Диплом жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді» деген ұғымнан алыстауымыз керек. Керісінше сертификаттау орталықтарында берілген біліктілік санатының болуы әлдеқайда көбірек мүмкіндік беретінін түсінген жөн», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің атап өтуінше, жоғары оқу орындары мен колледждерде IT бағыты бойынша білім алып жатқан студенттерді нарықта үлкен жұмыс тәжірибесі бар өз ісінің мамандары оқытқаны маңызды. Сондықтан біліктілік талаптарынан осы бағыттағы оқытушыларға қатысты екі талап жойылды. Енді IT бағыты бойынша білім беретін оқытушының ғылыми дәрежесі болуы шарт емес және ол жоғары оқу орындарының штаттағы қызметкері болуы да міндетті емес. Бұл нарықтағы білікті IT-мамандарды білім беру үрдісіне белсенді тартуға мүмкіндік береді.

«Тағы бір маңызды мәселе – IT-мектептерді дамыту. Бұл тұрғыда екі бағыт бар. Біріншісі – IT саласын тереңдетіп оқытатын мектептер. Біз өңірлерде осындай 25-тен астам лицей аштық. Екіншісі – бейресми білім беру және Alem, Qwant, «ШАГ» академиясы сияқты мектептерді белсенді дамытқымыз келеді. Біздің бастамамызбен мұндай мектептерді институционалдық тұрғыда қолдау үшін заңнамаға түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және осындай мектептерді қолдауға мүмкіндік береді. Елімізде мұндай мектептер көп болуы керек», - деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ақпараттық технологиялар саласының негізгі бағыттары бойынша болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл талаптарды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен тиісті қауымдастықтар әзірлейді. Ал оларды Білім министрлігі қабылдауға дайын.

Сондай-ақ ол бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасы әзірленіп жатқанын айтады.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі әріптестерімізбен білім беру платформаларының сапасын арттыру бойынша бірлескен жоспарды іске асыруға келістік. Платформалар балалар үшін геймификация және интерактивтілік арқылы ыңғайлы оқу үрдісін қамтамасыз етуі керек. Білім алудың барлық сатысында цифрлық сүйемелдеу қажет. Бұл ретте атқарылатын жұмыс көп. Біз өз тарапымыздан пандемиядан кейінге кезеңде онлайн білім беру үшін қажет болып табылатын идеялармен бөлістік. Білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды және цифрландыруды жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар мен идеяларды қабылдауға дайынбыз», - деді Білім министрі.


Соңғы жаңалықтар