Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: «Қандастар үлесі» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгер қандасымыз, ақын, Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқанның «Қандастар үлесі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Жаңалыққа жаны құмар көпшілікке арналған игі шараны «Отандастар қоры» КЕАҚ мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ (Достық үйі) ұжымы бірлесе ұйымдастырды.

Қарымды қаламгердің «Қандастар үлесі» атты жаңа жинағында Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сара жол салып, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жіті назарда ұстайтын қандастар тақырыбы қамтылған.

Тың ақпараттарға бай туындыда тарихи Отанымен табысқан бауырларымыздың егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі жайында және өздері еңбек ететін салада көш басынан көрініп жүрген озық ойлы ғалымдар мен кәсіби мамандар, талантты өнерпаздар мен танымал спортшылар және іскер кәсіпкерлер туралы жазылған.

Тұсаукесер рәсімі аясында әлемнің әр шалғайынан атажұртқа оралған қандастардың жемісті еңбегі мен жетістіктерінен сыр шертетін кітаптар, суреттер, қолөнер бұйымдары мен кәсіпкерлердің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Аталған іс-шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті Қазақ диаспорасымен жұмыс жүрізу басқармасының басшысы Нысан Дәулеталы, ҚР МСМ Мәдениет комитетінің Репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Онаева, ҚР АжҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің бас сарапшысы Данияр Қойбағаров, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бас сарапшысы Бақыт Арыстанов, Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп және зиялы қауым, ақын-жазушылар, белгілі ғалымдар, қолөнершілер, суретшілер, алыс-жақын шетелдерден келген қандастарымыз бен сан алуан салада табысқа жеткен танымал тұлғалар қатысты.


Соңғы жаңалықтар