Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Горганда Қазақстан-Иран мәдени күні өтті

None
None
ГОРГАН. ҚазАқпарат - Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Қазақстанның Ирандағы Елшілігі «Қазақстан – Иран мәдени күні» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Оған Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер жөніндегі министрі Алиаскар Мунесан, Гүлстан провинциясының губернаторы Хади Хакшенас, Парламент депутаты Гуламреза Монтезари, Қазақстан Елшісі Асхат Оразбай, бизнес өкілдері және жергілікті қазақ диаспорасының белсенділері қатысты.

Іс-шара ашылуында сөз сөйлеген А. Мунесан мен Елші Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бергі 30 жыл ішінде түрлі салаларда, сондай-ақ Қазақстан мен Иранның екіжақты ынтымақтастығын дамытуда зор жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Х. Хакшенас екі ел арасындағы өңіраралық сауда-экономикалық, мәдени, туристік, емдік туризм, зияраттық байланыстардың жақсы дамуда екеніне тоқталды. Гүлстан провинциясында қазақ халқының тарихи-мәдени ескерткіштері, яғни ақын әрі ғалым Сұлтан Үббі кесенесі (XII ғасыр, Сүлеймен Бақырғанидың үшінші ұлы), діни ұстаз әрі ғалым Шағұрбаттың мазары (XVIII ғасыр) және басқа қазақтарға қатысты қасиетті орындар зияраттық туризмді дамытуға жол ашады деп мәлімдеді. Провинция губернаторы көктемнің алғашқы күндері әрі екі елге ортақ Наурыз жаңа жыл мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған «Қазақстан – Иран мәдени күнін» алдағы уақытта тиісті тақырыптағы апталық ретінде жыл сайын алмакезек Маңғыстау облысы мен Гүлстан провинциясында өткізіп тұру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты Иран Мәдени мұра министрі құптады.

Ғ. Монтезари Қазақстанның тәуелсіздік алғанда оны алғашқылардың бірі болып ресми таныған Иранмен қарым-қатынастар барлық салаларда жақсы дамуда, соның ішінде дәстүрлі мәдени байланыстардың да тереңдегенінің куәсі болып отырмыз, деп атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Горган қаласының Орталық мәдениет үйінің залдарында ұйымдастырылған жергілікті қазақ диаспорасы қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдарына арналған көрмені аралап, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фото және бейне материалдармен танысты.

Сонымен қатар, жергілікті қазақ диаспорасы мен ирандық өнерпаздар қойған концертте ұлттық шағын оркестр қазақ күйлерін тартып, әншілер қазақ және Иран халық әндерін шырқады.


Соңғы жаңалықтар