Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Елордадан басталған марафон Оралда мәреге жетті
2021 жылғы 3 желтоқсан 20:00

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Елордадан басталған марафон Оралда мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Нұр-Сұлтан – Орал» ұлы марафоны бүгін Оралда Тұңғыш Президент алаңында мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадан 26 қараша күні басталған марафонға қатысқан 15 тәжірибелі желаяқ Көкшетау – Петропавл – Қостанай – Ақтөбе арқылы жалпы ұзындығы 2021 шақырымды сегіз күнде жүгіріп өтті.

Марафонның аяқталуына арналған салтанатты рәсімге қатысқан БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңір басшысы мен Ақ Жайық жұртшылығы атынан қатысушыларға ризашылығын жеткізді.

«Бүгін - оралдықтар үшін ерекше күн. 15 ультрамарафоншы кеше біздің облыс аумағына кіріп, Жымпиты ауылынан, міне, Оралға дейін жетіп отыр. 2021 шақырым жүгіріп өту, былай қарағанда, қиял ғажайып әңгіме секілді. Міне, осыны желаяқтарымыз шынайы өмірге айналдыра білді. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!», деді Б.Нарымбетов.

Айта кетейік, аталмыш марафонды «Астана желаяғы» марафоншылар клубы» ҚБ «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігімен бірігіп ұйымдастырды.

Марафонның 469 шақырымға созылған ең ұзақ бөлігі Қостанай қаласы мен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылы арасында болды. Ал 148 шақырымдық ең қысқа қашықтық БҚО-ның Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылы мен Орал қаласы аралығы еді.

Осылайша марафоншылар ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында отаншылдық сезімді байыту, салауатты өмір салтын орнықтыру бағытындағы өз мақсатына жетті.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT