Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: 30 мектепке 1 млн теңгеден грант берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Barine bilim» шағын гранттар жобасының аралық нәтижелері таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Қоғамдық маңызды бастамаларды қолдау қоры қолға алған «Barine bilim» жобасының аясында 10 өңірдегі 30 мектепке 1 млн теңгелік гранттар бөлініп отыр. Бастама авторлары осы арқылы «Қазақстан мұғалімі» республикалық конкурсында көзге түскен мұғалімдерге қолдау көрсетуді көздеген.

«Қоғамдық маңызы бар бастамаларды қолдау қоры» АҚ төрағасы Ермек Мәжитов грантқа ие болған мектептердің қалай іріктелгенін түсіндірді.

«Әлемнің үздік ұстазы» жаһандық сыйлығына қазақстандық мұғалімдерді іріктеу үшін кейінгі 3 жылда «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы ұймдастырылып келеді. Осы үш жылдың ішінде сыйлық еліміздің барша өңірінен көптеген педагогті ел алдына шығарды. Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика мұғалімі Асхат Жұмабеков Global teacher Prize сыйлығында жаһандағы үздік 50 мұғалімнің қатарына кірді.

Жаһандық сыйлыққа жүздеген ұстаздың арасынан 10 үміткер ғана өтеді. Осы републикалық кезеңде көзге түскен қолдауға лайықты өзге ұстаздарды ынталандыру үшін Barine bilim шағын гранттар жобасын қолға алдық. Бұл грант Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 мектепке беріледі», - деді Ермек Мәжитов.

Бұл 1 млн теңгеге әр мектеп өзіне қажет оқу құралдары мен көрнекіліктерді, кеңсе техникасы мен зертхана жабдықтарын сатып алуы керек.

«10 мұғалімнің ішінде «Әлем ұстазы» жаһандық сыйлығына үміткер 2 мұғалім бар. Біз грантттарды үлестірмей тұрып, бейнеконференция арқылы 30 мектептің басшылығымен жиын өткіздік. Сол кезде сатып алынатын заттың тізімін грант иегері атанған ұстаздың талап- тілегін ескеруді тапсырдық. Грант мұғалімнің атына берілгенімен, алынған бұйым мектептің баласына алынуы керек», - деді Ермек Мәжитов.

Оның айтуынша, грантқа лайық 30 мектеп 150 үміткердің арасынан іріктелген.

«Қазір бәрі берілген қаражат шеңберінде әлеуметтік жобаларды іске асырып жатыр. Бұл процесті 10 желтоқсанға дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. «Barine bilim» жобасына үміткер ретінде тіркелген 150-ден астам өтінімнің ішінен Павлодар, Маңғыстау, Түркістан, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының ұстаздары таңдап алынды. Мектептердің кейбірі бұл ақшаға кітапхана қорын толықтырып жатыр. Көбі кеңсе техникасына бағыттап жатыр. Жылыжай жобасының бір бөлігін қаржыландыруға пайдаланып жатқандар бар», - деді Ермек Мәжитов

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілі Баян Әбенованың сөзіне қарағанда, Barine bilim жобасының қолға алынғанына 5 жыл болған. Сондай-ақ, ол жобаны асыруға бюджеттен тыс көздерден қаражат тартылатынын атады.



Соңғы жаңалықтар