Тәуелсіздіктің 25 жылдық декларациясында ел дамуының таңдаулы тараулары көрініс тапты - депутаттар пікірі
2016 жылғы 23 қараша 18:50

Тәуелсіздіктің 25 жылдық декларациясында ел дамуының таңдаулы тараулары көрініс тапты - депутаттар пікірі

АСТАНА. ҚазАқпарат Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» депутаттар тарабынан жан-жақты талқыланып қабылданған болатын. Еліміздің елдігін, егемендігіміздің өміршеңдігін көрсететін бұл тарихи құжатта Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктері егжей-тегжейлі көрсетілген. Оны Декларацияға қатысты сөз алып, пікірлерін білдірген Мәжіліс пен Сенат депутаттары да айтты.

Мәселен, сенатор Ақан Бижанов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы декларациясында қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде барша отандастарымызды біріктіруші және топтастырушы рөлі атап көрсетілгендігін баса айтты.

«Сонымен қатар құжатта біздің елімізде түрлі этностар өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен тілдерін сақтап дамытуына жан-жақты қолдау жасалып келеді. Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықты көрсететін, сонымен бірге халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтын мазмұнды тарихи құжат болатыны сөзсіз. Бұл аса маңызды құжатты қолдауға және қабылдауға шақырамын. «Мәңгілік ел» боламыз десек осындай Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болу керек. Тұңғыш Президентімізге, Елбасына лайықты баға берейік, құрметті әріптестер, себебі бұл тарихи тұлғаның саяси миссиясы аса мыңызды, аса ерекше. Елбасына қандай жоғары баға берсек те, артық болмас», - деді ол.

Ал сенатор Серік Ақылбайдың айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдық декларациясында Қазақстан дамуының таңдаулы тараулары көрініс тапты. Онда Қазақстанның жетістіктері нақты жүйелендірілген және Мемлекет басшысының еліміздің өркендеуі барысындағы біртуар рөлі құқықтық нысанда анықталды. Декларацияда егеменді Қазақстан құру бойынша тарихи миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны ерекше атап көрсетілді.

«Президент елдегі бейбітшілікті нығайтты және оны барлық әлемге паш етті. Мемлекет басшысы жалпы жаһандану мен ХХІ ғасырдың қарқындап келе жатқан сын-қатерлері жағдайында еліміз үшін жаңа жиектер мен жаңа мүмкіндіктерді ашты. Президенттік бағдарды басшылыққа ала отырып, 25 жыл ішінде қазақстандықтар стратегиялық құжаттар негізінде идеяларды шындыққа айналдырды. Декларация мемлекет дамуының негізгі кезеңдерін және қалыптасуын қамтитын салтанатты саяси-заңды құжат болып табылады. Онда замандастарға және болашақ ұрпаққа тәуелсіздікті, оның базалық құндылықтарын, бостандықты, бірлікті, тұрақтылық пен өркендеуді сақтауға және нығайтуға үндеу қамтылды. Мемлекет басшысы - Тұңғыш Президентіміздің тарихи миссиясын тиісінше тану біздің моральдік және саяси борышымыз болып табылады», - деді Ақылбай.

«Ұлт Көшбасшысы елді қиындықтан шығарамыз деді шығарды; дағдарысты жеңеміз деді жеңді; әлемге сөзімді жүргіземін деді жүргізді! Алмағайып өтпелі кезеңнен ел-халқын жүдесе де жүнжітпей, күйзелсе де күйдірмей алып шықты.Ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылы ішінде жүздеген жылдарда кеткен есемізді еңсердік. Сол кезеңнің әр жылы айрықша, әр жылдың жетістігі ғасырлар жүгін көтеріп тұр. Тәуелсіздікке қол жеткен бүгінгі дәуірде іштегі, сырттағы ұлтымыздың рухы өрледі. Біз «Мен қазақпын!», «Мен қазақстандықпын!» деп әлем халықтарының алдында мақтанышпен айтамыз. Қазақстан әлемдік мінберде өзінің бейбітшіл саясатын жүргізіп, континенттер тағдырын шешетін дамыған мемлекеттердің қатарынан өз орнын алды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ та әлем тарихында ғасыр құбылысы деп танылды», - дейді келесі кезекте сөз алған сенатор Елеусін Сағындықов.

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған бұл Декларация ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атқарған ерен еңбектің лайықты бағасы, Қазақстан халқының береке-бірлігінің жарқын көрінісі деп бағалайтындығын білдірді.

«Ел мүддесін мұрат еткен Елбасымыздың еңбегінің арқасында жарқырай келген жас мемлекет алға қадам басты. Нақты жүйеге бет бұрып, жекешелендіру жүргізілді. Инвестициялар тартылып, шет елдерден өзара сауда қатынастары жақсы жолға қойылды. Төл теңгеміз қолданысқа енгізіліп, дербес қаржы жүйесі құрылды. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалынып, жеке кәсіпкерлік қарқынды дамыды. Бұл тәуелсіз еліміз үшін бұрын-соңды болмаған нәтижесін берді», - деді Н. Сәбильянов.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та әріптестерінің сөзін қолдай келе тарих өлшемімен алғанда қас-қағым сәтте Елбасы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен халқымыз осынау таңғажайып толайым табыстарға қол жеткізіп, бүкіл әлемнің назарын аударып отырғанын баса айтты.

«Еліміздің сан ғасырлар бойғы үміті, қол жетпестей сағымды арманы тек 25 жыл бұрын ғана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен шынайы өмірге айналды «Санаулы ғана уақыттың ішінде еліміз егемен мемлекет ретінде қалыптасты деп мақтанышпен айта аламыз. Ендігі тілегіміз Елбасының стратегиялық бағытын бағдар еткен Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай», - деді Перуашев.

Jańalyqtar

MURAǴAT