Тәуелсіздіктің 20 жылдығына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру қажет

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011 жылға қарай біздің Тәуелсіздігімізді терең ұғынып, зерделейтін лайықты еңбектер пайда болатынына үміттіміз.

Бүгін  елордада «Қоғамдық-гуманитарлық саладағы институттардың қызметі» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұл бағытта Елбасы нақты тапсырмалар берді», деді ол.

 М. Әшімбаев осы орайда  Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына, жаңа тарихына қатысты жұмыстарды жетілдіру керектігін айтып өтті.

 «Бұл атаулы күнге әр институт өзінің жетістіктерімен келуі тиіс. Мемлекет тарапынан еңбектерді басылымнан шығаруға байланысты тиісті қолдау болады. 2011 жылға қарай біздің Тәуелсіздігімізді терең ұғынып, зерделейтін лайықты еңбектер пайда болатынына үміттіміз», деді басқосуда Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

 «Гуманитарлық ғылымдар саласындағы институттар тарапына айтылған сын мен пікір өте орынды деп санаймыз. Сондықтан бұл институттар өздерінің жұмысын қайта құрып, кейбір проблемаларды қайта қарап, тереңдетіп жатыр. Жаңа жылдан бастап мүмкін осы түгелімен дерлік бүгінгі заманның шындығына, тарихына, бүгінгі заманның өнері мен әдебиетіне көңіл бөлуді күшейтетін шығармыз», деді журналистер сауалына жауап беру кезінде М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов.

 Айта кетейік, дөңгелек үстелдік мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы қыркүйектің 4-інде ғылым және ғылыми саясат бойынша өткен кеңесте айтылған тапсырмасына байланысты Қазақстан ғылымының қоғамдық-гуманитарлық саласының жаңа кезеңіндегі даму жолы мен тетігін анықтау, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау.

Соңғы жаңалықтар