«Тәуелсіздікті орнықтыру - басты мақсатымыз» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 2-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***
Кеше еліміздің елордасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрлі сипатқа ие болған ІІІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Оған әлемнің әр шалғайындағы жетпіске тарта елден үш жүзден астам делегат жиналды. Осы маңызды шараға назар аударған «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде «Жаңа идеялар алаңы» деген тақырыппен көлемді мақала басты. Газеттің атап өтуінше, Мемлекет басшысы өзінің Еуразиялық интеграциялық үдерістердің сенімді жақтаушысы екенін айта келе, алдағы уақытта Еуразия құрлығының интеграциялық қағидаттары мен бағыттарын негіздейтін бірыңғай құжаттың қажет болатындығын атап көрсетіп, осыған орай назар аударуға лайықты жеті бағыт жайында әңгіме қозғаған. «Олар - сауда мен шекаралардың ашықтығын дамыта түсу, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту, өзара инвестициялар мен технологиялар алмасуын ынталандыру, капиталдың жалпы рыногы, тұрақты және жаңа энергия көздері, таза энергетика, адам ресурстарын дамыту мен алмасу, сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы өмір деңгейін теңестіру мәселелері», деп жазады басылым.

ІІІ Астана экономикалық форум жұмысы жайында кеңірек «Алаш айнасы», «Айқын», «Литер», «Казахстанская правда» басылымдарынан да оқи аласыздар.

«Шілденің 1-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мемлекет басшысы әуежайдан бірден Қазақстан-Беларусь бірлескен "ҚазБелАЗ" ЖШС орын тепкен Қарағанды құю-мәшине жасау зауытына бет алды. Кәсіпорын цехтарын аралап, жұмысымен танысу кезінде істің аяқ алысын баян етушілер мұнда ауыр салмақты атақты жүк көлігінің бірінші кезеңде күрделі жөндеуден өткізілетіндігін, қосалқы бөлшектері жасалатындығын, содан соң құрастырылуы басталатындығын айтты. Жалпы алғанда толық күш-қуатына енуі алдағы үш-төрт жылда аяқталуға тиіс. Сонда жылына 90 тонналық 5 және 45 тонналық 10 БелАЗ қазба орындарынан кен тасымалдауға жөнелтіліп тұрады. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы бүгін Теміртауда өтетін қазақстандық тұңғыш шойын қорытылуының 50 жылдығы құрметіне мерекелік шойын алу рәсіміне, металлургтердің салтанатты жиналысына қатысып, қалада жаңадан бой көтерген нысандармен танысады.

Бүгін Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері кәсіби мерекелері - Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күнін атап өтеді. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті аталған ведомствоның басшысы Қанат Саудабаевпен арадағы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отыр. Екеуара әңгіме барысында басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол, «Президент Н.Назарбаев негізін қалаған сыртқы саясат теңгермелілік пен прагматизм қағидаттарына сүйеніп, іргелес елдермен тарихи қалыптасқан тату көршілестік пен достықты одан сайын бекітті, ішкі реформаларға қажетті қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз етті. Әрі заманымыздың ең ықпалды алыс-жақын мемлекеттерімен терезе теңестіре отырып, өзара тиімді қатынастар құруға мүмкіндікке қол жеткізді», депті. Екеуара әңгіме «Тәуелсіздікті орнықтыру - басты мақсатымыз» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінің «Дат» айдарында сенатор Жансейіт Сәрсенқұловпен арадағы сұхбат «Әкімнің, лауазымды қызметкердің қалай жер алғаны, саяжай салып, жеңіл көлік мінгені айқын көрініп тұрады» деген тақырыппен жарияланған. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына салмақты жауап берген сенатор, «бұрын бір мектепті бір жыл ішінде салып болу көзделіп, соған сай, бір жылға ақша бөлінетін. Бірақ ол құрылыстың орны, жобасы деген түрлі қажеттіліктерін дайындап болғанша, жылдың жартысына барып қалатын. Сосын, оның жұмысы басталып, ары қарай біткенше уақыт жетпей, құрылыс келесі жылға қалатын жағдайлар болды. Сөйтіп, қаржы сол жылы игерілмей қалады. Ал келесі жылы түрлі себептермен жоба қымбаттап шыға келеді. Бюджеттен тағы да қосымша ақша сұралады. Енді жаңа бюджет жобасы бұндай келеңсіздіктерге жол бермейді. Құрылыс үш жылға созылса да, жыл сайын өзінің тиісті қаражаты қарастырылып қойған. Берілген ақшаға жобаны аяқтау керек. Олай-былай бұлтақтауға мүмкіндік жоқ. Жауапкершілік те күшті» дейді.

«ҚазАқпарат» сайтының төте жазу нұсқасы шетте жүрген 2 миллион қазақты атажұртпен жалғайтын алтын көпір болып отыр десек, артық айтқандық емес. Өзге елдің қол астында жүрсе де, өз Отанының тыныс-тіршілігінен, бағыт-бағдарынан сусындаған халық еліне деген ерекше сезім қалыптастыратыны анық», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл жайында кеңірек басылымның «Өркениет» айдарындағы «Қытайдағы қалық қазақты атажұртымен қауыштырған ақпарат» деген тақырыптан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Кеше Астананың теміржол вокзалынан ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Денсаулық» емдеу-диагностикалық медициналық пойызын салтанатты түрде сапарға шығарып салу шарасы өтті. «Денсаулық» пойызы шалғайда орналасқан стансылар мен разъездерде тұратын адамдарға қол жетімді білікті медициналық көмек көрсету үшін шығарылды. Мұндай пойыздың жасақталуына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі мұрындық болып отыр. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Денсаулық» пойызы жолға шықты» деген тақырыппен мақала жарияланды.

***

Қазіргі таңда мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлер мәселесі - ең өзекті тақырыптардың бірі. Оған «Нұр Отан» ХДП-ның Қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтар тарапынан түскен көптеген шағымдар дәлел бола алады. Олар өз шағымдарында пәтерлерді бөлу барысындағы заңсыздықтарға жол беріліп отырғандығын атап көрсеткен. Осыған орай кеше аталған партияның Орталық аппаратында Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 16-шы отырысы өтіп, Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерлерді тарату бойынша талдау нәтижелері қаралды. Аталған кеңес отырысы жайында тереңірек білгіңіз келсе «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Баспана төңірегіндегі бассыздықтарды «Нұр Отан» партиясы қатаң сынға алды» деген мақалаға назар салыңыз.

«Бекіре тұқымдас бағалы балықты өндіретін «Атыраубалық» акционерлік қоғамын мемлекет меншігіне беру жұмыстары жүріп жатыр», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, қиын кезеңде жекенің уысына кеткен кәсіпорын соңғы жылдары тек шығын әкелмесе, пайда әкелуден қалған. Бұрын жылына 13 мың тонна балық өндіретін мекеменің көрсеткіші қазіргі уақытта 3,8 тоннаға дейін құлдырап кеткен. Ал оның қайта дәуірлеуіне кем дегенде 8-9 миллиард теңге қаржы керек.

***

«ІІІ Астана экономикалық форумының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар екі жақты кездесулер өткізді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Н.Назарбаев Еуропалық инвестициялық банктің президенті Филипп Майштадтты, БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму жөніндегі бас директоры Кандех Юмкелланы, экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Роберт Манделланы және Финн Кидландпен кездескен. Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Манделла «Мен Қазақстан жаһандық дағдарысқа дер кезінде әзірлене алды деп есептеймін. Қазақстан қолға алған шаралар барынша дұрыс болды», деді.

Соңғы жаңалықтар