+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Тәуелсіздікке 30 жыл: Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды

2021 жылғы 11 қазан 16:06
Бөлісіңіз:
Тәуелсіздікке 30 жыл: Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Астанадағы кәсіпқой бокс кеші: Жанқош Тұраров «Батыл жүрекпен» кездеседі Тұңғыш Президент күні: Елордада I республикалық жас патриоттар форумы өтті Елордада «Елдіктің жеті тұғыры» талқыланды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бой көтерген орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған. Нысан жергілікті демеушілердің көмегімен салынған. Мұндай орталық бұған дейін Ақтөбеде бой көтерсе, еліміз бойынша екінші болып Тараз қаласында ашылып отыр.

Салтанатты шараға ел анасына айналған танымал тұлғалар, белгілі азаматтарды өмірге алып келген ақжаулықтылар, спорт пен өнердегі нәзік жандылар, кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты.

Аймақ басшысы өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталды.

«Қазақта «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы борышыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан біз, бәріміз, ана алдында басымызды иеміз, оларды мәңгі құрметтейміз. Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге, ерлеріне сүйеніш, тірек бола білген. Біздің тарихымызда беделді, елеулі ақжаулықты аналарымыз аз болмаған. Айша-бибі, Қыз Жібек, берісі Әлия мен Мәншүк секілді көптеген нәзік жандыларымыз ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты.

Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген асыл сөз бар.

Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар Қазақтың анасы деген атқа лайық, XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын»,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы, аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқарар қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілмек. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері осында шақыртылып, қабылдаулар мен кездесулер ұйымдастырылады.

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құнанбай» фильмінде Абайдай кемеңгердің асыл әжесі – Зеренің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова ақылман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

«Орталықтың қызметі өткеннің өнегесін, тарихи-тағылымын жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағытталып отырғаны қуантады. Ақылман аналардың тектілігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, бойыңа сіңіру жолындағы жұмыстар өз жемісін береді деп сенемін»,-деді ол.

Көпбалалы ана Сапура Ержанова аналарға айрықша көңіл бөліп отырған мемлекет, облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізді.

Бұдан соң қонақтарға ғимараттың құрылымы таныстырылып, қазақы дәстүрмен тұсау кесер рәсімі өтті.

«АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көп балалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан жақты қолдаулар көрсетіледі.

Орталықтағы «Мирас» экспозициялық залында ұлттық салт-дәстүрлер барынша насихатталады. Ал, «Алқа» салтанат залы және «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақжай бөлемесінде ұлы тұлғалар мен ел мақтанышына айналған азаматтарды өмірге әкелген қайраткер аналардың және талантты нәзік жандылардың портреттері ілінген.

Сондай-ақ, «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық және «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары жұмыс істейді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Сая Сембай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT