Тәуелсіздікке 30 жыл: Атбасарда дәрігерлер баспаналы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар қаласында дәрігерлерге арналған 25 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, пәтер кілтін тапсыру рәсіміне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

Аймақ басшысының айтуынша, әкімдік тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында соңғы екі жыл ішінде дәрігер кадрларына деген қажеттілікті бір жарым есеге қысқартуға мүмкіндік туды. 2021 жылы облысқа 72 жас дәрігер және 109 орта медицина қызметкері келді. Облыста барлығы 7 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді.

Жыл сайын денсаулық сақтау нысандарның материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсаруда. Тоғыз медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тағы 7 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сонымен бірге, 6 емхана мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, сала қызметкерлерін бекіту бойынша тұрғын үй мәселесі шешілуде.

Айта кетейік, қан орталығы ғимаратын аудан орталығындағы тұрғын үй ретінде жөндеу бойынша жоба осы жылдың жазында басталды. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталды.

«Біз үшін бұл үлкен оқиға, бұл біздің аудан тарихында алғаш рет болып отыр. Осының арқасында қаламызға қажетті мамандарды тарту мүмкін болды, бүгін бірден 19 дәрігер пәтер кілтін алды, тағы 5 - резервтік. Әрине, бұл жас дәрігерлер үшін үлкен демеу. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына, сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында тамаша сый болды»,-деп атап өтті Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Зарыққан Шаубаев.

Еске сала кетсек, облыс бойынша Көкшетау қаласында медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлі үй салынды, Егіндікөл және Жақсы аудандарында ғимараттар қайта бейінделді.


Соңғы жаңалықтар