Тәуелсіздікке 30 жыл: Әлемнің үздік университеттері қатарына қанша қазақстандық білім ордасы кірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде адами ресурстарды дайындау сапасын арттыруға, тұлға, қоғам және мемлекет қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған білім берудің ұлттық моделі қалыптасқаны белгілі. Осы ретте 30 жылдың ішінде елімізде жоғары және техникалық білім саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілгеніне шолу жасап көруді жөн көрдік.

Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, осы жылдардың ішінде білім және ғылым саласына қатысты еліміздің нормативтік-құқықтық базасы толықтай қалыптасып үлгерді. «Білім туралы», «Жоғары білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі туралы», «Ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау туралы», «Педагог мәртебесі туралы» сынды Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды. Білім беру жүйесін дамытуға бағытталған 6 мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. 2019 жылы 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім

Қазақстан Тәуелсіздігін алған сәтте елімізде 61 жоғары оқу орны жұмыс істейтін. Бүгінде олардың саны 128-ге жетіп отыр. 30 жылдың ішінде жоғары білімі бар 3,2 млн кадр дайындалды. Егер 1991 жылы 42,2 мың адам жоғары білім алып шықса, бүгінде жыл сайын мамандық алып шығатын жастардың саны 176,4 мыңға жетеді. 1999 жылдан еліміздің ЖОО-ларында студенттер контингентін қалыптастырудың жаңа моделі қалыптастырылды. Сол уақыттан жастар мемлекеттік білім тапсырысы негізінде мамандық меңгере бастады. Профессор-оқытушылар құрамының сапасы да өзгеріп, ЖОО-лардағы ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамы 48,3 пайызға жетті. 1999 жылы бұл көрсеткіш небәрі 24 пайызды құраған еді. ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту туралы да заң қабылданды. 2010 жылдан Қазақстан Болон процесіне қатысып келеді. Кадрларды дайындаудың үш сатылы, яғни «бакалавриат – магистратура – докторантура» моделіне көшу жүзеге асырылды.

Отандық жоғары білім беру жүйесінің интернационализациялану деңгейі оның сапасы мен тартымдылығының маңызды көрсеткіші саналады. Бұл ретте 2010 жылы еліміздің ЖОО-ларында білім алған шетелдік студенттер саны 10 361 адам болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 29 069 адамға жетті. Ал 2019 жылы 39 558 шетелдік студент білім алған болатын.

Тәуелсіздік жылдарының ішінде әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіндегі қазақстандық ЖОО-лардың саны 2011 жылғы бесеуден 2020 жылы10-ға жетті. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS рейтингі бойынша әлемнің үздік 200 университетінің қатарына қосылып отыр.

ҚР Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бекітілді.

2011 жылдан білім алушылардың академиялық ұтқырлығы бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде шетелдік үздік ЖОО-ларында шамамен 18 мың студент білім алды.

2005 жылдан бастап жыл сайын жоғары оқу орындарының үздік 200 оқытушысына ғылыми зерттеу жүргізуге арналған «ЖОО-ның үздік оқытушысы» гранты тағайындалып келеді. Айта кетерлігі, өткен жылы пандемияға байланысты «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауы алғаш рет электронды форматта өткізілді.

2019 жылдан бастап талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігі берілді. Бірінші академиялық кезең аяқталғанға дейін ЖОО-ға шартты түрде оқуға қабылдау тәжірибесі жалғасуда. Соның арқасында 6 мыңнан астам адам ЖОО-ға қабылданды. 2020 жылы алғаш рет IELTS, TOEFL сынды халықаралық сертификаты бар талапкерлер ҰБТ кезінде шетел тілін тапсырудан босатылды. Техникалық және кәсіптік білім алған түлектер бейінді мамандыққа ақылы негізде түскен кезде ҰБТ-дан босатылды. Оқуға қабылданған мұндай студенттер саны 35 297 адамды құрайды. ҰБТ-ның электронды сертификаты және білім грантын тағайындау туралы электронды куәлік енгізілді.

2014 жылдан бері жұмыс күші көп өңір жастарын жұмыс күші тапшы өңірлердегі жоғары оқу орындарында оқытуды көздейтін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл мақсатта жыл сайын білім гранттары бөлініп келеді. Мәселен, 2014 жылы 1 050, ал 2020 жылы 5 107 грант бөлінген болатын. 1993 жылдан бері оқудағы жетістіктері үшін студенттерге ҚР Президенті шәкіртақысы тағайындалады. Сол жылы мұндай шәкіртақыны 58 адам алса, 2020 жылы олардың саны 1 088 адамға жетті.

2011 жылдан елімізде әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті жұмыс істейді. Бүгінде 62 жоғары оқу орны Назарбаев Университетінің тәжірибесін енгізіп жатыр. Ерекше мәртебесі бар 11 ЖОО-да 168 докторантқа PhD докторы дәрежесі берілді және олардың барлығы да дербес үлгідегі тиісті дипломдарын алды.

2016 жылдан бері 100-ден астам шетелдік топ-менеджер және 861 шетелдік ғалым жұмысқа тартылды. Колледждер мен ЖОО-ларда тапшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлау іс-шаралары күшейтіліп, оқу орындарының материалдық базасы жаңартылды. Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындары қызметін тоқтатуға бағытталған жұмыс күшейтілді. Мемлекеттік білім беру гранттарының құнын арттыру арқылы профессор-оқытушылар құрамының жалақысы арттырылды. 2015 жылдан бастап ғылыми қызметті оның нәтижелерін коммерциализациялау арқылы ынталандыру жұмысы жүргізіліп келеді. Ғылымды қаржыландыру көлемі де артты. Жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне қосымша 3 млрд теңге бөлінеді. Қазақстандық ғылым шетелдік ғалымдармен ынтымақтастыққа да дайын. Ғылыми жобалар мен бағдарламалар бойынша да айтарлықтай ғылыми жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, 2020 жылы COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцина әзірленді. Бүгінде бұл вакцина клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтіп жатыр. Таяу күндері жаппай қолданысқа енгізілмек.

Техникалық және кәсіптік білім

Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдардың басында елімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 693 мемлекеттік ұйым болды. 1999 жылдан еліміздің экономикасының қарқынды өсу кезеңі басталды. Соның нәтижесінде білікті жұмысшы кадрларға сұраныс артты. Ал бұл өз кезегінде 1999-2011 жылдардың аралығында еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар желісінің 47 пайызға артуына себеп болды. Жалпы, 2000 жылдан бері сала ұйымдары 2,5 млн-нан асам кадр дайындап шығарды. Бүгінде елімізде 797 техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым бар. Оларда 475,9 мың адам білім алады.

2010 жылдан еліміздің техникалық және кәсіптік білім жүйесі Турин процесіне белсенді түрде қатысып келеді. 2011 жылы техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту үшін «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылды. 2014 жылы Қазақстан әлемнің 80 елінің басын қосқан World Skills халықаралық қозғалысының қатарына қосылды.

2012 жылдан бері елімізде дуалды оқыту енгізілді. Бүгінде дуалды оқыту 535 колледжде бар. Дуалды оқыту енгізілген жылдардың ішінде 206 740 студент, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында білім алып жатқан 174 394 жас кәсіпорындар мен ұйымдар базасында өндірістік тәжірибеден өтті.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба жүзеге асырылған 2015-2020 жылдары аралығында техникалық және кәсіптік білім ұйымдарын 3 210 адам бітіріп шықты. 2017 жылдан бері «Барлығына арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл жоба 300 мыңнан астам адамның білім алуына мүмкіндік берді.

Техникалық және кәсіптік білім саласында 40,9 мың оқытушы бар. Олардың ішінде 38 мың адам жоғары білім, ал 2,9 мың адам техникалық және кәсіптік білім алған.


Соңғы жаңалықтар