Тәуелсіздікке 30 жыл: Ақтау қаласының өткені мен бүгіні

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Каспий теңізі жағалауындағы әсем Ақтау қаласы – Маңғыстау облысы тұрғындарының мақтанышы. Ақмаржан қала Ақтау Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде адам танымастай өзгеріп, көркейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көк айдынның жағасында орналасқан қала 1963 жылы құрылған. Қазіргі таңда шаһарда 212 399 тұрғын тұрады.

1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко қаласы аталған болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Маңғыстау облысында еркін экономикалық аймақ құру туралы мәселе сөз болып, 1992 жылдың 11 қаңтарында Республика Үкіметінің қаулысымен Маңғыстау еркін экономикалық аймағы құрылды.

Сол жылдары Ақтау аэропорты халықаралық мәртебеге ие болды. Біздің айлақ арқылы Ганноверге, Ыстанбұлға, Софияға, кейіннен Лондонға, Роттердамға, Амстердам бағыттарына халықаралық рейстер қатынай бастады. 1991 жылдан бастап Ақтау халықаралық әуежайында «Иртышавиа», «Саяхат», «Калининградавиа», «Эйр Астана», «Европейн Эйр», «Атырау Ауе жолы», «Скат» және тағы басқа әуе компаниялары жолаушыларға қызмет көрсетті.

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қалада өндірістік кәсіпорындар жандануымен қатар, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдары құрыла бастады. Қалада Ш. Есенов атындағы мемлекеттік университет, «Қайнар» университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті, Орталық Азия университеті, Транспорт және коммуникация академиясы, Еңбек және әлеуметтік қорғау академиясы жұмыс жасап тұрды. Сонымен қатар кәсіптік лицейлер, мектептер, мектепке дейінгі білім беру мекемелері ашылып, өңірдегі білім сапасының жақсаруына септігін тигізді.

Денсаулық сақтау саласында Орталық қалалық аурухана, балалар емханасы, дәрігерлік амбулатория, сонымен бірге жекеменшік медициналық орталықтар құрылды. 90-жылдардың басында өңірде «Огни Мангышлака» мен «Коммунистік жол» газеттері, бір телевизиялық және бірнеше радио арналар жұмыс істеді. Кейіннен «Хабаршы», «Адай», жарнамалық-ақпараттық «Тумба», «Лада ТВ-плюс» газеттері жарық көрді.

Ақтау қаласы республиканың стратегиялық экономикасындағы Қазақстанның маңызды қалаларының бірі болып табылады және Елбасы мен Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді. Республиканың сол кездегі Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы қазан айында Ақтау қаласында болды. Елбасының Ақтау қаласында ең ұзақ болуы 1993 жылы еді, ол үш күн бойы біздің аймақпен, қаламен және ондағы кәсіпорындармен жақсы таныс болды. Н.Назарбаев айтқандай, біздің қаламыз бен облысымыз дағдарыстан бірінші болып шыққан өңірлердің бірі болып табылады. 1997 жылы келген сапарында Нұрсұлтан Назарбаев жөндеуден өткен, қайта жаңартылған Ақтау теңіз портын ашты.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде тұрғындар әлі күнге дейін алғысын айтып жүрген, қала кереметіне айналып, көрік беріп отырған жерлерді атап өтпеске болмас.

Жартасты соқпақ - қазіргі заманғы және ежелгі бірегей үйлесімдік сақталған, туристер мен қала тұрғындарының сүйікті орны. Ол ТМД-да теңдесі жоқ бірегей нысан болып табылады.

Ақтауда тұрғындарға арналған орталықтар, демалыс орындары да жетерлік. Соның бірі, 2018 жылы ашылған амфитеатр. Аспан астындағы амфитеатр - заманауи үлгідегі көпфункционалды ұзындығы 70 метр, биіктігі 9 метр болатын 19 бағанадан тұратын сахна. Мұнда бір мезетте 1000 өнерпаз өнер көрсете алады. Олардың өнерін 25 мың көрерменнің тамашалауына мүмкіндік бар.

«Меловая» маягі - әлем санатында еңсе көтерген тұрғын үйлердің үстінде орын тепкен санаулы екі шамшырақтың бірі. Теңіз деңгейінен 71 метр биіктікте, тұрғын үйдің 11 қабатында орналасқан мұнараның жалпы биіктігі – 10 метр.

Қарт Каспийдің кереметімен ажарланып тұрған Ақтау қаласы Тәуелсіздік алғаннан бері күннен-күнге өсіп келеді. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы.

Авторы Аида Абулханова


Соңғы жаңалықтар