Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау бодды - ҚХП

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халықтық партиясы бұл науқанды ел тарихындағы алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің тарихындағы маңызды кезең - Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа аралас жүйе бойынша сайлауы сәтті өтті. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев реформаларының сапалы жүзеге асуының бір белгісі.

Саяси бәсеке тартысқа толы болды.

Оның ерекшелігі - партиялар да, өзін-өзі ұсынушылар да Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы орындар үшін күресті.

Бұл тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы шынайы бәсекеге толы сайлау бодды.

Президент реформалары барысында саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдетілді. Нәтижесінде сайлауға алғаш жаңа партиялар қатысты және бәріне тең мүмкіндік берілді.

Біздің партия әрдайым елдің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады. Қазақстан Халық партиясы реформаларды әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысты.

Қоғамдық коалиция құрамында біз конституциялық заңнамалардың жаңа нұсқаларын дайындадық. Ол 2022 жылғы референдумда жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Бүгін біз осы шаралардың іс жүзінде тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз.

Біз сайлаушылар қолдауына сенімді болдық, өйткені біз - нақты істер партиясымыз.

Партиялар және өзін-өзі ұсынушылар үшін үгіт-насихат жұмыстарына тең жағдай жасалды, тең мүмкіндік берілді.

Қазақстан Халық партиясы сайлаушылар қолдауына риясыз алғыс білдіреді. Сеніміне селкеу салмас үшін табанды еңбек етеді.

Біз елдің болашағы үшін Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа құрамындағы басқа партиялармен және өзін-өзі ұсынушылармен бірлескен сындарлы жұмысқа әрдайым дайынбыз», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, 19 наурыз күні Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткен болатын. Бүгін ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады.


Соңғы жаңалықтар