Тәуелсіздік жолында жан қиған Кенесары ханның басын қайтара алмасақ елдігімізге сын - А. Әбілдаев

None
None
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев қазақтың соңғы ханы - Кенесарыға қатысты мәселе көтеріп, Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп атап көрсетті. Содан бері елімізде ұлт рухын көтеретін іс-шаралар нақты нәтижеге жалғасты. Соның басты дәлелі - 6 маусым күні Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Еуразия ұлттық университетінде кеңейтілген отырыста «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деді. Осыған орай бүгінгі сауалымды жолдамақпын», - деп сөз бастаған депутат Азамат Әбілдаев хан Кененің ұлт тарихындағы орнына кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ресей империясына қарсы көтеріліс ұйымдастырған Кенесары жайында сол замандағы орыс тарихшысы Николай Середаның өзі «Кенесарының қолбасшылық дарынына кез-келген еуропалық қолбасшы қызығытындай еді!» деп жазып қалдырған. «Ресей мен Қоқан хандығына бір кезеңде қарсы шапқан Хан Кенекем бүгінгі Алматы,Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстарына қарасты жерлердегі қазақтарды Қоқан қорлығынан құтқарып қалған еді», - дейді А. Әбілдаев.

Бұдан бөлек, депутат Кенесарының кейінгі тағдырына тоқтала келе, бір кездері Ресей асқан ханның басын қайтаруға мықтап кірісу қажеттігін алға тартты.

«Бүгінде еліміз Тәуелсіздік алғанда азаттық үшін жан қиған ұлы бабамыздың басын Отанына қайтарып, жер қойнына тапсыра алмай жатқанымыз ұлттық қасірет туғызып отыр. Әлем танып, ер Кенекем атпен жүрген жердің асты мен үсті байлыққа кенелгенде ұрпақтарының осылай қолы байланып, намысы қайралып отыра бере ме?! Бабамыздың басын қайтаруға менің ұсынысым бар: біздің Үкімет қаражатын қарастырып тарихшы-жазушылардан бір кішкене топ құрылса. Топқа Кенесары ханның басын қайтару идеясына терең берілген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, Ресей Үкіметіне келіссөз жүргізуге құқық берілсе. Олар бұрынғы жолмен жүріп - қағазбасты болмай, істі бірден бастап, Кенесары ханның басын алып оралса. Ең соңғы ханымыз Тәуелсіздік жолында жан қиған Кенесары ханның басын қайтара алмасақ елдігімізге сын! Сондықтан ойланайық, ағайын!»,-деді депутат Азамат Әбілдаев.

Соңғы жаңалықтар