Тәуелсіздік жолы тақтайдай тегіс болмайтынына біз осы жылдар ішінде көз жеткіздік – Тұяқбай Рысбеков

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті қандай, осы отыз жылдан астам уақыт ішінде біз оны терең түсініп болдық па? Ата-бабамыздың қанымен келген азаттық кілтін берік ұстау үшін не істеуіміз қажет? Осы сауалдар төңірегінде батысқазақстандық белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Тұяқбай Зейітұлы, ұлық мереке күні тәуелсіздік ұғымына тереңірек үңілсек дейміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-Алдымызда тәуелсіздігіміздің 32 жылдық белесі тұр. Елдің болашақ тағдыры мен тәуелсіздік ұғымдары бір-бірінен алшақ емес. Оның бүгінгісі де аса маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы кездегі сөйлеген сөздерінде қазіргі таңда елімізде қалыптасып отырған ахуалға байланысты байыпты талдаулар жасалуда.

Шынында да осы уақыт аралығында біз тәуелсіздіктің мәні мен қадыр-қасиетін терең ұғына алдық па? Оны өз мәнісінде толық бағалай білеміз бе? Тіпті тәуелсіздіктің әр жылы мен айы ғана емес, сонымен қатар әр күні қымбат екені барша қазақстандықтардың сана-сезіміне орныға алды ма?

Біз алдымен осы сауалдарға жауап іздеуіміз керек.

Тәуелсіздік жолы тақтайдай тегіс болмайтынына біз осы жылдар ішінде көз жеткіздік.

Тәуелсіздіктің қай жылының да ерекше маңызды екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Тәуелсіз ел болып қала алсақ қана, жоқтықты да, қиындықты да, әділетсіздікті де жеңе аламыз. Ал оған дәтіміз шыдамаса, бәрінен де үмітімізді үземіз. Ең жаманы өзіміздің ғана емес, кейінгі ұрпақтардың обалына қаламыз. Сондықтан өз ел, өз жерімізде болып жатқанның бәрі көңілімізден шыға бермеді екен деп тәуелсіздікті қолдан сусытып алмауымыз керек.

Дүниеде тәуелсіздік пен бостандықты, теңдікті аңсамайтын бірде-бір адам, бірде-бір халық жоқ. Сол жолдағы тынымсыз күрес те тоқтап көрген емес. Тәуелсіздік жолында күрескен халықтар әлі жеткен кезде жеңді, әлі жетпеген кезде жеңілді. Олай болса, ата-бабаларымызға да өкпелей алмаймыз. Олар әрқашан жеңіске жете қоймаған. Әйтсе де бүгінге дейін желісін үзбей келе жатқан өзекті күрес болмаса, бүгінде жеңіске жете алмас едік. Сондықтан осы ақиқатты терең ұғып, қастерлеп, қолымыз жетіп отырған тәуелсіздікті түпкілікті баянды етуге күш салуымыз керек.

- Ендеше, аса мәртебелі тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі не деп ойлайсыз?

-Мұның ең басты кепілі – ішкі ынтымақтастықты нығайту. Ол жоқ жерде тәуелсіздік жай сөз болып қалады. Өйткені, татулық пен тұрақтылық бар жерде ғана байырғы тұрғындар өз ұрпағының келешегіне зор сеніммен қарай алады. Қазақстанда да дәл солай. Демек, біз үшін бүгінгі таңда тәуелсіздік қандай қымбат болса, ұлтаралық татулық та сондай қымбат. Осы себепті ынтымақтастық пен ауызбіршілікті тәуелсіздік жағдайында нығайта түсуге барынша күш-жігер жұмсауымыз керек.

Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасу процесі, оның әлеуметтік құрылымдарының қайта жаңғыруының бастапқы кезеңі өте қарапайым жағдайда өткен жоқ. Жеңіп шығуға тиісті ең басты қиындық – бұл шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық мәселелер еді. Кеңес Одағының құрамында болған кезде Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда дәстүрлі жақсы көрсеткіштерге ие болды. Алайда қайта құру реформалары Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымына ауыр соққы болып тиді. Кезінде біртұтас халық шаруашылық кешені болған КСРО-ның ыдырауы бұл жағдайды одан да гөрі шиеленістіре түсті. Сонымен, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда тұрғанда алды: өнеркәсіп іс жүзінде жұмыс жасамады, ауыл шаруашылығы бүлінді, мемлекеттік қазына бос қалды, қазақстандықтардың көпшілігінің өмір сүру деңгейі құлдырап кетті.

Өмірге қажетті бұл мәселелерді тұрақты әлеуметтік тәртіп жағдайында, яғни қоғамдағы саяси тұрақтылық пен заңдылық, азаматтық татулық пен келісім бар кезде, сондай-ақ оның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайында, ойдағыдай шешуге болады. Бұл арада да өзіндік тәуекел мен күрделілік бар еді. Түрғындардың белгілі бір бөлігінің арасындағы этноұлтшылдық пен сепаратистік көңіл-күйдің күшеюі, неотрайбализм, жемқорлық, жұмыссыздық пен қылмыстың өсуі, елден мамандар мен жоғары білікті мамандардың жаппай кетуі, әлеуметтік-саяси теңдіктің дағдарысы, ауытқушылықтар мен маргиналданушылық – осының барлығы Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік сәтсіздіктерді туындатады.

Қарапайым шындық, ел өз ішіндегі тәртіпті қолдау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті. Кеңес Одағынан қазақстандықтар белгілі бір саяси жүйені мұраға алды, алайда ол институттар нашар жұмыс істеді, жалған демократиялық сипатқа ие болды және оларды шын мәніндегі тәуелсіз, егеменді мемлекеттің институттары деп санау мүмкін емес еді. Қазақстанның берік институционалдық негізі мен мемлекеттік тәуелсіздігі, оның либералды-демократиялық құрылымы салынған саяси жүйені өзгерту қажет болды.

- Тәуелсіздік тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік дейсіз ғой?

- Иә, осы орайда өзімізге өзіміз қатаң талап қоя білуіміз керек десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінгі таңда тағдырдың қалауымен саясат сахнасында жүргендердің бәрі де ұлттық жауапкершілікті терең сезініп, сындарлы тұрақтылықты барынша нығайтып, қазіргі дағдарыстан шығу үшін қоғамның жаңа сапалық деңгейін дәйекті түрде қалыптастыру жолында іс-қимыл танытқандары абзал. Өйткені, өз мемлекетінің тәуелсіздігін қастерлеу, өзі тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Себебі, әр дәуірде елдің ел болып сақталуына, оның өркендеп өсуіне азаматтардың тарихи жауапкершілігі шешуші ықпал еткен.

Тәуелсіздікпен мақтану, желпіну аз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай желпінулер болған. Бұл кезең қазір артта қалды. Қазіргі басты міндет те, басты парыз да тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау әрі оны одан әрі нығайту болып отыр. Ел, халық мүддесін қорғап, қазақ халқы мен Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері бірігіп тәуелсіздік мүддесіне сай келетін негіз, тірек қалаулары керек. Сонда ғана бүкіл қазақстандық патриотизм орнайды. Тәуелсіздік рухы мемлекетімізді тұғырландыра түседі.

Тәуелсіздік, соның ішінде саяси тәуелсіздік жағдай – жай термин емес. Ол – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті де киелі ұғым, қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі. Тәуелсіздік – шын мәнінде ауқымды да терең құбылыс. Тәуелсіздік жағдайында күштілерге бас изей беру де жараса бермейді. Сондықтан, біз, қазақстандықтар, егемендік жолмен жүруіміз керек.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 31 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл қас-қағымдай ғана уақыт. Әйтсе де осы өте қысқа уақыт аралығында Қазақстан өз тәуелсіздігін әлем жұртшылығына мойындата алды. Өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси негізін бекітті. Нарықтық экономикаға енді. Ел ішіндегі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтай білді. Сонымен бірге әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесіне айналды. АҚШ, Қытай, Ресей секілді алып державалармен терезесі тең әріптестік қатынас орнатты. Мұның бәрі – азға қанағат тұтқан, көпке салауат айтқан халқымыздың арқасы.

Еліміз бұдан да дамыған, гүлденген, халқы бақуатты мемлекетке айнала алады. Оған кедергі болып отырған елімізде кеңінен орын алған сыбайлас жемқорлық, өнеркәсібіміз бен ауыл шаруашылығымыздың баяу дамуы. Осы жағдайларды түзеп, нәтижелі жұмыс жасау Жаңа, Әділетті Қазақстанды іске асыруды қолға алушы ел Президенті мен оның аймақтардағы командасының еншісінде.

Біз тарихымыздағы Тәуелсіздік жолындағы күрестерді, сол жолда жанын пида еткен ерлерімізді, кешегі қаңтардағы қайғылы оқиғаларды естен шығармай, сабақ алуымыз керек. Әлбетте, қаңтар оқиғасында әңгіме екі түрлі оқиға туралы, яғни азаматтардың бейбіт наразылығы және елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат еткен деструктивті күштердің жаппай наразылықты пайдаланып кетуі туралы болып отыр.

Сондықтан да, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруға атсалысатын әрбір басшы жауапкершілік, бастаған істі тындыру, әділеттілік пен адалдық, халқына жақын болу, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмау сияқты басты қағидаттарды үнемі ұстанып отырғаны абзал.

Қазақтар пір тұтатын Мәшһүр Жүсіптің тәуелсіздіктің отыз жылынан кейінгі Қазақстанның гүлденетіндігі туралы айтқан болжамдарына баса назар аударылуы керек. Бұл елдің болашақтағы келбетіне, баршаға түсінікті ішкі саяси күн тәртібіне, экономикалық бағдарлар мен басымдықтарға деген сұраныстың бар екендігін дәлелдесе керек.

- Елдің болашағы мықты болуы үшін не істелуі қажет деп есептейсіз?

- Қазіргі таңда мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі басымдылығы инновациялық экономика деп танып, соны дамытуға көшу керек. Индустриялықтан кейінгі өркениетке өтудің интегралдық концепциясын жасау қажеттілігі дүниежүзілік тарихи дамудың логикасын қалыптастырудың алғышарттарымен және жағдайымен негізделген. Оны әлемнің барлық ғалымдары мен дүниежүзілік жұртшылық әртүрлі көзқарастармен түсіндіруге тырысуда.

Жалпы адамзаттық өркениеттің планетарлық үйі мен ғылыми-рухани революцияның болашақ жаңа толқыны индустриалдықтан кейінгі өркениетке өтуі базалық элементтердің 6 жолының амалдарына негізделген: Олар:

1.Дүниежүзілік тарихтың даму логикасын ескере отырып, әлемдік қауымдастықтың гумнаизациялануы;

2.Жаңа ғылыми-технологиялық революция, технологиялық салттар;

3.Экология және дүниежүзілік энергетикалық тұтынудың тұрақтылығы;

4.Космосты, космостық қуат-күй жүйесінің ресурстарын (қорын) игеру;

5.Дүниежүзілік қауіпсіздік;

6.Индустриалдықтан кейінгі өркениеттің инновациялық экономикасына өту.

Бұл үлкен жобаның негізгі мақсаты постиндустриалдық дүниеге өтудің құрамдас бөліктерінің негізінде постиндустриалдық өркениетке өтудің жаңа үлгісін қалыптастырудың тұжырымдалған ережесін жасау болып табылады, атап айтқанда: руханилық, қоғамның гуманизациялануы (дүниежүзілік тарихтың даму логикасын анықтайтын аса маңыздылық), ғылыми-техникалық прогресс (жаңа ғылыми революция), қоғам мен материалдық дүниенің экологизациясы (экологиялық революция), космосты, дүниежүзілік қауіпсіздікті, сондай-ақ әлемдік экономиканы игеру. Бұлардың барлығы жалпы адамзаттың планетарлық үйінде тұрақты өмірді қамтамасыз етуге тиісті (Оразалы Сәбден).

Мың жылдап күткен арманды бір күнде жүзеге асыра алмасымыз анық. Ғасырлар бойы аңсаған азаттық бәрімізді бір күнде бай қылып, барша мұратқа жеткізбей жатуы да мүмкін. Дегенмен, осы тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен жетістіктерімізге көз жұма қарау ақиқатқа қиянат. Қалай болғанда да уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарымызды тәрк ете алмаймыз. Тәуелсіздікті баянды ету мен еліміздің дамып-өркендеуі жолында күш-жігерімізді аямай, бірлесе қимылдауымыз қажет. Өйткені, тәуелсіздік бәрінен де қымбат. Бәрінен де қастерлі.

Түйіп айтқанда, біздің болашағымыз тәуелсіздік тұғырының беріктігіне байланысты. Сондықтан әр азамат оның мән-маңызын терең ұғынып, түпкі мақсат жолында тізе қосып, біріге қимылдауы қажет деп санаймын.

- Әңгімеңізге рахмет. Тәуелсіздік тұғыры берік болсын!

Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков бұдан 75 жыл бұрын, 1947 жылы 25 шілдеде Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген.

Әкесі Зейіт пен анасы Дәнеқыз зиялы қауым өкілдері еді.

1954 жылы мектеп есігін ашқан Тұяқбай Зейітұлы кейін сол кездегі Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені 1965 жылы үздік дипломмен аяқтап, жолдамамен ауылға аттанды. Білім мен ғылымға деген құштарлығы училищеде жүргенде-ақ оянған болатын. Бір жылдай бастауыш мектепте мұғалім қызметін атқарғаннан кейін 1966-1971 жылдары қазіргі қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық мемлекеттік университетінің қабырғасында білім алды.

Университетті үздік бітірген жас маман 1971 жылы жұбайы Баян Ғаббасқызымен бірге ағарту министрлігінің жолдамасымен А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына келді.

Аспирантурада оқып, 1977 жылы кандидаттық, 1990 жылы докторлық диссертациясын қорғаған ғалым осы жоғары оқу орнында (қазір М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) оқытушылықтан ректорлыққа дейінгі жолдан өтті. 1991 жылдан бастап 18 жылдай ректор қызметін атқарды.

Тұяқбай Рысбеков тек қана басшы, ғалым, ұстаз ғана емес, сонымен қатар республикадағы және облыс көлеміндегі қоғамдық істерге қатысты. Ол бірнеше рет Орал қалалық және БҚО маслихат депутаты болып сайланды.

Жұбайы Баян Шынтемірова – тарих ғылымдарының докторы, профессор. Үлкен қызы Салтанат әке жолын қуып, тарих ғылымдарының докторы атанды, ортаншы қызы Ләззат – экономист-банкир, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, кенжесі Жанна шет тілдер мамандығы бойынша Шанхай университетінде магистратура бітірді.

Тұяқбай Рысбеков – «Парасат» орденінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ҚР спортының құрметті қызметкері. Сондай-ақ Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов (алтын және күміс), «ҚР ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін», «Білім мен ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «ҚР мәслихаттарының 20 жылдығы», «ЖОО үздік оқытушысы», «ҚР білім үздігі» төсбелгілерімен, Алмания, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария мемлекеттерінің үкіметтік емес ұйымдарының орден-медальдарымен де марапатталған.


Соңғы жаңалықтар