Тәуелсіздік жарияланған күнді ұмыту мүмкін емес – Аманкелді Шахин, ақын-журналист

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланған күнді көзімен көріп, жүрегімен сезінген аға буын өкілдері аз емес. Солардың бірі – танымал ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласында тұратын Аманкелді Шахин ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

-Аманкелді Ғұбайдоллаұлы, Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланғаны туралы хабарды естіген күні қандай көңіл-күйде болдыңыз? Сол кезде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясында қызмет атқарып жүр едіңіз ғой?

-Тәуелсіздік декларациясы жарияланғандағы көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Саясаттың да оң-солын өзімізше аңдап, қоғамдық ахуалға дабылдата үн қосып, болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамай желпінте мақалалар жазып жүрген нағыз жалынды кезіміз еді ғой ол.

Одақ тарқап, одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап жатты. «Біз қашан жариялар екенбіз?» деп, жаңалықты тағатсыздана күтіп жүрген кез. Қазағым асығар емес. Сөйтіп жүргенде Кеңестік кеңістіктің соңғы тірегі – Ресей де одақтасы Қазақстаннан ат тонын ала қашып, тәуелсіздігін жариялап жіберді. Бәрінен ағытылып, далада қалғандай күй кештік. Дегенмен 16 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Тәуелсіздікті жариялағандағы көңіл-күйдің несін сұрайсың?! «Қазағым, азаматтарым, ерлерім, бар екенсің ғой, тірі екенбіз ғой?» деп, бөркімізді аспанға атып, жаңа өмірге қадам бастық.

Мен ол тұста Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің кеңес құрылысы және денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі едім. Әлі есімде, газеттің 18 желтоқсан күнгі нөмірінде «Жоғарғы Советтің сессиясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды» деген тақырыппен ҚазТАГ-тың хабары жарияланды. Келесі күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы да басылды газетте.

Біз сол кезде халық депутаттары облыстық кеңесімен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясын жалпыхалықтық талқылауды ұйымдастыруға, басқа да қоғамдық үдерістерге белсенді атсалыстық.

Жалпы, менің ұлттық тәуелсіздікке құлшынысым 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бастап өткірлене түсті. Біз қазақтың өз елінде, өз жерінде азшылыққа ұшырап, тілі ресми қолданыстан шығып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып бара жатқан ел, халықтар санатына іліге жаздаған кезін көзімізбен көріп, көңілімізбен сезінген ұрпақпыз.

Ұлттық дағдарыс 1986 жылы желтоқсанда нағыз шарықтау шегіне жетіп, одан әрі шиеленісе түсті. Сол тұста «Қазақ бұдан былай өз алдына дербес өмір сүре ала ма? Арамыздан ұлтқа ұйытқы болатын сауатты басшы табылар ма екен?» деген сұрақты күн тәртібіне шығарып еді.

Компартия басшылығы қазаққа орыстан басшы тағайындап, бұл сұраққа үзілді-кесілді жауап беріп те тастаған кезі еді ғой ол. Желтоқсан дүмпуі ұлттық сана мен өршіл рухты оятып кетті.

-Газет қызметкері ретінде азаттық тақырыбында қалам сілтеп, сол кезге дейін ақтаңдақ болып келген жайлардың беті ашылуына сүбелі үлес қостыңыз.

-Газетке қоса қоғамдық ұйымдармен байланыс, тәуелсіздік талаптарын орнықтыру, егемен елдің құқықтық іргетасын нығайту бағытындағы бұқаралық насихат жұмыстары ұлт-азаттық күреске қатысты құпия құжаттарға қол жеткізуіме жол ашты.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында ұлттар мен ұлыстардың саяси бостандығының жылдар бойы тұмшаланып келген шымылдығы серпілді. Саяси қуғын-сүргін тақырыбы өзектілене түсті.

Солардың ішінде менің назарымды аударған құжаттардың бірі – КСРО Президентінің 1990 жылғы 13 тамызда жарияланған «20-50 жылдардағы барлық саяси қудалау құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы болды. Осы Жарлық шыққаннан кейін Кеңестер Одағы шеңберіндегі жаппай саяси жазаланғандар заңды түрде ақталды.

1993 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай жазаланғандарды ақтау туралы» Заңы шығып, архивтегі қылмыстық істер жан-жақты тексеріліп, саяси жазаланғандар тағы ақталды. Жазықсыз жапа шеккендердің тізімі баспасөзде жарияланды. Облыста «Зерде» кітабы әзірленіп, оған 3 мыңнан астам адамның тізімі берілді.

Осы бір аласапыран кезеңде, нақтылап айтсам, 1995 жылғы қараша айында Батыс Қазақстан облысына Өскеменнен біздің өңірдің Жалпақтал ауданында туып-өсіп, саяси қуғын-сүргін дауылымен барып, Шығыс Қазақстан жеріне тұрақтап қалған, сол кезде жасы жетпістен асқан Сейтқали Бажекенов деген ақсақалдың Президент әкімшілігінің тапсырмасымен елге келіп, онымен сұхбаттасуым шығармашылығымның жаңа бір тынысын ашып кетті.

Облыс әкімшілігінің редакцияға берген нұсқауы бойынша журналистік тапсырма алып, өңірге зайыбымен келген бостандық боздағымен әңгімелесіп, жыл бойы дерлік осы тақырыпта үзбей жарияланымдар жасадым.

Ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Жалпақтал (ол кезде Фурманов) ауданында құрылған жастардың «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын кеңес үкіметіне қарсы саяси ұйымның белді мүшесі болған. Кеңестік дәуір тұсында бар ғұмырын саяси қудалауда өткізіп, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің арқасында ғана азаматтық теңдігіне қол жеткізген.

Он жеті жасында саяси көзқарасы үшін шаталып кеткен Сейтқалидің атажұртына араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, тұңғыш рет еркінсіп, еңсе тіктеп келе жатқан беті екен. Сейтақаңның арманы енді елдің жүзіне тіке қарап, туған топырағында алшаң басу көрінеді. Ендігі мақсаты қандас туысқандарына, жерлестеріне қол жеткен ұлт бостандығын аманаттап, өздері азабын шеккен тәуелсіздікті уыстан шығармауды табыстау, қазақ халқының тәуелсіздігі жолында қыршынынан қиылып кеткен сол «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының жетекшісі Ғұбайдолла Әнесовтей қаһарман перзентті туған жерінде мәңгі есте қалдыру жұмысына ұйтқы болу екен.

Халқымыз өтпелі кезеңнің таршылығына ұшырап жатқан алмағайып кезде Сейтақаңның елінің сонау Шығысынан Батысына зайыбымен сапар шегуі де, әрине, оңайға түспеген. Ол 1995 жылғы тамыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің атына хат жолдап, өзінің саяси қуғын зардабын тартқан тағдырын, ендігі ой-жоспарларын, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай жазаланғандарды ақтау туралы» Заңының тиісті баптарының орындалмай отырғандығын айқын дәлелдемелермен жазған екен. Көп кешікпей Елбасынан жауап келіп, Сейтқали Бажекеновтың Батыс Қазақстан облысына баратын сапар шығынын жергілікті әкімшіліктерге жүктеген. Бұл туралы облыстық «Орал өңірі» газетінің үш санында (1995 жылғы 5, 7, 9 желтоқсандағы сандар) «Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы сталиндік репрессияға ұшырап еді» деген мақаламда кеңінен жаздым.

Кейін Сейтқали Бажекенов ақсақалмен хат-хабар алысып тұрдым, оның айтуы бойынша аталмыш ұйымның тағы бір белді мүшесі болған Орал қаласының тұрғыны Сатқали Молдағалиев ақсақалмен де кездесуімнің сәті түсті. 1996 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінің Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған 14 желтоқсандағы санында өзім әуестене бастаған мәселені одан әрі тереңдетіп, «Олар да тәуелсіздік үшін күресіп еді» деген мақала жарияладым.

Кешікпей менің ұстана бастаған бағытым мемлекеттік саясатпен үндесе түсті. 1996 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылды «Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жылы деп тану туралы» Жарлығы шығып, жер-жерде осы Жарлыққа байланысты бұқаралық саяси-көпшілік жұмыстары қолға алынды.

-Шығармашылық бағытта құлашыңызды кеңінен сермеуге мүмкіндік туған екен ғой?

-Иә, өтпелі кезеңмен өзектес тақырыбымды тереңдете зерттеуге бел будым. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архивінде мұқият сақталған жеті томдық іспен таныстым. Құпия құжатта кеңестік үкіметке қарсы құрылған жалпақталдық жастардың жасырын ұйымның мүшелерін тұтқынға алып, тергеп, жазалаған, кейін де көптеген жылдар бойы саяси қылмыскерлер ретінде бақылауға алған және ақтаған құжаттар сақтаулы екен.

Шын мәнінде КСРО МҚК органдарының дәлелдеулері бойынша Қазақ КСР-інің Орал облысындағы Фурманов ауданында 1941 жылдың шілде айынан бастап жұмысына осы жердің жас азаматы Ғұбаш (Ғұбайдолла) Әнесов басшылық ететін «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деп аталатын, жастардың астыртын ұйымы әшкереленген. Астыртын ұйым Қазақстанның Кеңестер Одағынан бейбіт жолмен бөлінуін, олай болмаған жағдайда Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізіп, Қазақстанда өз алдына дербес Қазақтың социалистік ұлттық мемлекетін құруды мақсат еткен. Ұйым мүшелерінің куәліктері, листовкалары, жасырын баспаханалары, басқа да құжаттары мен материалдары тұтқындалған. Олар он төрт еді. Ұйым жетекшісі – Ғұбаш Әнесов, мүшелері: Сейтқали Бажекенов, Ғұмар Тұрымов, Сатқали Молдағалиев, Сайфолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Мәззап Әлиев, Мәннап Ахметов, Иманғали Насыров, Қамал Мақұлбаев, Өтеген Аманов, Сүндетқали Қаражанов, Қайырғали Сапаралин.

Содан кейін саяси қуғын-сүргін тақырыбы менің шығармашылығымның елеулі бір қырына айналды. Осы ақтаңдақ жылдар оқиғасы туралы 2002 жылы «Сол бір сүргін», 2017 жылы «Қорғаймын» деп қазақты «атты деректі-публицистикалық кітаптар шығардым.

Биыл осы еңбектерім толықтырылып және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аға ұрпақ өкілдері туралы бұрын баспасөз бетін көрмеген шығармаларымның басы құралып,»Қара кітап«деген атпен жаңа туындым жарыққа шықты. Бұл еңбегім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын түпкілікті ақтау» жөніндегі туралы Жарлығымен де толық сәйкес келеді. Жаппай қуғын-сүргін оқиғаларының 85 жылдығына орай жарық көрген еңбекте Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің, сонымен қатар кеңестік әкімшілік-әміршілдік жүйе тұсында жазықсыз жазаланған жасырын жастар ұйымының, саяси қудалауға ұшыраған заң қызметкерлері мен судьялардың, оқымысты ұстаздардың қилы тағдырлары туралы айтылады.

Жалпы, биыл екі кітабым басылып шықты. Бірі – жаңағы айтқан «Қара кітап» та, екіншісі – «Малтақан би».

-Ағаңыз Аманжол екеуіңіздің туған күніңіз дәл 16 желтоқсан екен, бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-Қандай сәйкестік екенін дөп басып айту қиын шығар, ауыр сырқатқа шалдығып, қырық бес жасқа қараған шағында 1994 жылы дүниеден озған, менен дәл төрт жас үлкен, облыстағы белгілі айтыс ақыны Аманжол Ғұбайдуллин екеуміздің туған күндеріміз 16 желтоқсан екені шындық. Үлкендердің айтуына қарағанда, өткен ғасырдың елуінші жылдарының бедерінде құжаттандыру ісі алыс ауылдарда енді ғана бір ізге түсіріле бастаса керек. Соғыстан аман оралған жеті кластық білімі бар әкем Ғұбайдолла Шахин сол жылдары жолдамамен Орал қаласындағы колхоз басқармаларын даярлайтын желделдетілген 2 жылдық курста оқиды. Әкем алыс жолға жүрер қарсаңда дүниеге келген ағама ырым етіп Аманжол, ал оқудан келгеннен кейін дүниеге келген маған Аманкелді деген есімді береді де, ауданға барған бір сапарында екеумізге туыс куәлікті бір мезгілде жасатып әкеледі.

Екеуіміз де желтоқсан айында дүниеге келіппіз. Бірақ, дәл 16 желтоқсан болды ма, әлде солай жазғызып алды ма, ол жағы анық емес. «Екеуіңді де бір күнге салдырдым» дейтін. Ағам қуақылау адам болды. Кейін есейе келе: «Мен туған күн түбі күнтізбенің қызыл парағы болатынын іште жатқанда білгенмін. Арқалымын ғой» деп жауырынын қасытатын. «Онда мен де тегін адам болмаспын» десем: «Иә, екеуіміз де сау сиырдың тезегі болмаспыз» дейтін. Кейін тәуелсіздік тақырыбында өндіре жазып, масайрап жүрген кездерімде осы әңгімені мен де түрлендіріп: «Желтоқсан – қанды маусым. Тарихқа қызыл әріппен жазылатын ай. Тек оның қай күні қызыл болатыны ғана белгіленбей келіп еді. Ол менің дүниеге келген күнім екенін білсем де, біреу-міреу «Мақтана алмайды екен?!» деп жүрер деп, айтпаушы едім. Оны да бекіттік. Ал, тойлаңдар енді!» деп достардың ортасында шаттанған күндерім болды.

Тағы бір назар аударатын жай – әкем оқуға кеткенге дейін дүниеге келген ағам мен апам Ақұлыш екеуінің тектері – Ғұбайдуллиндер де, әкем оқудан келгенде дүние есігін ашқан мені мен төрт қарындасымның тектері Шахиндер. Ол да сол кездегі құжаттандыруға қойылатын талаптың өзгерістері тұсындағы уақыттың белгісі болса керек. Қазақ отбасыларының осы шамада дүниеген келген балаларының қай-қайсысының да құжаттандырылуында сол уақыт ізі байқалатын сияқты.

Тағы бір жұрттың назар аударатыны біздің Шахин деген тегіміз. әкемнің әкесі – Бесаяқов Мұхамедияр деген адам. Ол кісі туралы әкеміз бізге тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Аумалы-төкпелі заманның адамы ғой, бір себебі болар. Бірақ үлкендердің әңгімелерінен еміс-еміс құлағымызда қалғаны, Мұхамедияр атамыз ел ішінде «Шақа» атанған қызыл шырайлы кісі екен. 1931 жылы ашаршылық кезінде «зәңгіден» (цинга) қайтыс болған. Үлкендеріміздің «зәңгі» дегені – қазіргі медицинада айқындалған, денеге витамин жетіспегендіктен болатын цинга, қазақша қырқұлақ ауыруы екен.

Аралас-құралас болған белгілі әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтың тоқсаннан асып, дүниеден озған анасы Жұбай әңгімешіл, көпті көрген шежіре адам еді. Көзін көре қалдық. Әңгімесін әріден тарқатып, «онда Ленин тірі» деп бастайтын. Сол кісінің «Үш рет аштықты көрдім. Бірақ өз басым арып-ашыған жан емеспін. Соңғы 1931 жылғы аштықта аталарың – Шақаны көрдім, етжеңді, орнықты, ел ішінде беделі бар адам еді. Біздің ауыл «Шақа келді» деп алдына барын тосып, сыйлап, қонақ қылатын. Жарықтық, «зәңгіден» қайтыс болды деп естідік» дегені бар.

Аумалы-төкпелі заманда әкем Ғұбайдолла фамилиясын әкесінің лақап есімінен тарқатып, кеңестік құжатқа «Шахин» деп жазғызған. Ертерек жылдары ауызша баяндау негізінде төлқұжат жасай бергеніне бұл да бір айғақ. Әкем 1994 жылы қазан айында 72 жасында дүниеден озды. Жаңақала кентінің сыртындағы зиратта жатыр.

-Соңғы сауал, алдағы шығармашылық іс-жоспарыңыз қалай, не жазу ойыңызда бар?

-Айтайын, негізі төрт-бес кітабым баспаға әзір. Бірақ, оны қалай, қашан, қайдан шығарам, ол жағы белгісіз. Кітап шығару өте қиындап кетті. Баспа материалдары бұрынғыдан 4-5 есе қымбат. Шағын бір кітапты шығару үшін кем дегенде 1-2 милион теңге қаражат керек. Қазір баспада «Сөз сүлейі» деген 200 беттік шағын кітабым жатыр. 500 данасын басып шығаруға бір миллион теңге қаражат сұрап отыр.

Ал оны өткізу одан асқан қиямет. Шығармашылық адамдарына қамқорлық өз деңгейінде емес. Бұл енді басқа тақырып болар, осы жерден тізгін тартайын.

Қазіргі кезде екі томдық шығармалар жинағым баспаға әзір. Бірі – «Мені ізде» деп аталатын өлеңдер жинағы, екіншісі – «Күміс кесе» атты әңгімелер жинағы. «Сарыкөл-Самар» атты деректі-публицистикалық кітабымды да аяқтай келдім.

-Әңгімеңізге рахмет. Ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілеймін.

Аманкелді Шахин (әдеби лақап аты – Аманшах) 1954 жылы 16 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Айдархан ауылдық кеңесіне қарасты Фокеев ауылында (қазіргі Сарыкөл ауылдық округі, Сарыкөл ауылы) дүниеге келген.

1972 жылы Жаңақала ауданының орталығындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Фурманов (қазіргі Жалпақтал) кентіндегі автокөлік жүргізушілерді даярлайтын қысқа курста оқып, еңбек жолын Жаңақаладағы Орта Азия – Орталық газ құбырының Қисық-Қамыс желілік «Союзгазремонт» өндірістік-техникалық кәсіпорынының көшпелі бригадасында жүргізушіліктен бастаған.

Жаңақала ауданының «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытында есепші, қатардағы жұмысшы, Жаңақала аудандық өрт сөндіру мекемесінің автокөлік жүргізушісі болып жасады.

1979 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факуьтетін үздік дипломмен бітіріп, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде тілші, хат, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілші, агроөнеркәсіп, кеңес құрылысы бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған.

1998-2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотында жетекші, бас маман болды.

«Батыс Қазақстан облыстық соты: қалыптасу және даму кезеңдері (2002 ж.), «Батыс Қазақстан облыстық соты» (2012 ж.), «Батыс Қазақстан облыстық соты: соғыс және еңбек ардагерлері» (2015 ж.) атты тарихи-танымдық кітаптарын құрастырып шығарды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының Құрмет грамотасымен (2012 ж.), «Қазақстан халықтары Ассамблеясына – 20 жыл» (2015 ж.) мерейтойлық медалімен, Батыс Қазақстан облысы әкімінің (1998, 2015, 2018 жылдар) және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының (2014 ж.), сот жүйесінің алғысхаттарымен және грамоталарымен, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» (2021 ж.) төсбелгісімен, ҚР Судьялар одағының «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» (2022) құрмет белгісімен марапатталған.

ҚР Жоғарғы соты ұйымдастырған «Интелектуал – парасат» (2006 ж.) журналистер конкурсының, республикалық «Атырау – асыл мекенім» (2013 ж.) ән-сазгерлер конкурсының (ІІІ орын), республикалық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» (2014 ж.) байқауының (ІІІ орын), облыстық «Тіл мен тілші» (2014 ж.) байқауының (ІІ орын) жеңімпаз-жүлдегері.

Жаңақала ауданының құрметті азаматы (2014 ж.).

Республикалық және облыстық жыр мүшайраларының бірнеше дүркін жеңімпаз-жүлдегері.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Шығармалары: «Мәңгі көктем» (1999 ж.) өлеңдер жинағы;

«Сол бір сүргін» (2002 ж.) деректі-публицистикалық кітабы;

«Езуіңді жи» (2003 ж.) деректі және көркем әзіл әңгімелер;

«Жайсаңдары-ай Жайықтың» (2005 ж.) өлеңдер, әзіл әңгімелер, әндер;

«Жарқ еткен дәурен» (2009 ж.) таңдамалы;

«Тілім қышиды» (2012) әзіл әңгімелер;

«Қорғаймын!» деп қазақты...» (2017 ж.) деректі-публицистикалық кітабы;

«Қара кітап» (2022 ж.) публицистика;

«Малтақан би» (2022 ж.) публицистика.


Соңғы жаңалықтар