ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Қолбасы білікті болса, сарбазы тозбайды - А.Шыныбеков, Сырым ауданының әкімі, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жас қырандай қалықтап ұшып, күн сайын қарыштап дамып келеді. Даланың дана билерінің бірі «Керуен басы білікті болса, түйе азбайды, қолбасы білікті болса, сарбазы тозбайды» деген екен. Қазақстан қашанда кездескен қиындықтарды жеңе білді: ол өзінің рөлін жете сезіне білудің және өз мүмкіндіктерін айқын бағалай алуының арқасында Орталық Азияның көш бастаушысына айналды. Оның іргетасы Елбасының саяси сұңғылалығы мен шеберлігі арқасында берік қаланды. Ендігі мақсатымыз - ең басты құндылығымыз саналатын бірлігіміз бен тұрақтылығымызды өскелең ұрпақ бойына сіңіру. Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ой-толғамын осылайша білдірді.

Оның айтуынша, тәуелсіздік - қастерлі ұғым. Тәуелсіздік күні - ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл - ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздік - тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт».

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасымыз әлемдік саясаттағы дағдарыс пен санкцияларға байланысты жаһандық экономикада қиындық туып тұрғандығын, сондықтан алдағы сын-қатерлерге дайын болу керектігін айтты. Бұл бағытта Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы - әлемде туып отырған күрделі жағдайларды алдын ала терең түйсінудің айқын көрінісі екенін жақсы білеміз. Жаңа экономикалық саясатқа сәйкес алдағы уақытта көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарға, шағын және орта бизнеске көңіл бөлініп, осы салаларды дамытуға күш салынатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүзеге асырылып, алдағы жылдардың еншісіне жоспарлануда.

-Абат Абайұлы, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым батыр есімін иеленген тарихи ауданда алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығынан бастап Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақын Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығы, Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы сынды елеулі мерейтойлар аталып өтілмекші. Осы атаулы даталарға әзірлік қандай деңгейде?

-«Мәңгілік ел» дегеніміз - Қазақстан Республикасының тарихы, бүгіні мен болашағы, халықтың қалыптасқан рухани, материалдық мұраны қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуі.

2015 жыл ел тарихындағы даталы жылдардың бірі болмақ. Нақты айтсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ел Конституциясының 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерімізді мәңгі есте қалдыру мақсатында арнайы кітап шығарылмақ. Бұл жұмыс қазіргі таңда басталып та кетті. Ауылдық жерлердегі ескерткіштер қайтадан жаңартылып, өңделмек. Бүгінгі таңда Жосалы ауылдық округінде жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің бастамасымен «Елге аман оралғандар» атты ардагерлерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Күні бүгін ауданда көзі тірі қос майдангер ғана қалды. 27 желтоқсан күні Уәлихан Қасымханов пен Ләтифолла Кереевке Елбасымыздың құттықтауы мен жаңажылдық тартуларын табыс еттік. Біздер әркез құрмет тұтатын ардагерлеріміз Президентімізге шынайы алғысын білдіріп, оның көрегендігі мен салиқалы саясатын қолдайтындығын тағы да атап өтті.

Ауданымызда қазақтың абыз ақыны Қ.Мырзалиевтің 80 жылдық, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қайсар ақын А.Жұмағалиевтің 100 жылдық мерейтойларын лайықты деңгейде атап өту жоспарлануда. Облыстық Қадыр оқуларын өткізу, ақын туралы фильм әзірлеу, түрлі байқаулар мен конференциялар, жыр мүшайраларын өткізу, ақынға арнап ас беріп, дала қызықтарын өткізу шараларына әзірлік қазірден жүргізілуде.

А.Жұмағалиевтің мерейтойына байланысты жаңа тың деректермен толықтыра отырып, ақын жырларының жинағын қайта басып шығару, облыстық конференция өткізу, ақынның туған жері Жосалы ауылындағы ақын атындағы мектепте музей ашу мәселелері, спорттық шаралар өткізу қолға алынбақ. Мұның бәрі ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ жадына сіңіріп, олардың бойында патриоттық сезім орнату бағытында жүзеге асырылмақ.

-Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, Сырым ауданнындағы ең басты жыл жаңалықтары жөнінде не айтар едіңіз?

-Елімізде мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде, уақтылы қолға алынуының арқасында ауданымызда да бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Елбасы Жолдауындағы басты бағыттар бойынша ауданда атқарылып жатқан оңды істер осы мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты жолға қойылып отыр.

Аудан экономикасының негізгі саласы - ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында жасалған 15 шебер жоспардың алты бағыты бойынша 2014-2016 жылдары ауданда 23 жоба жүзеге асырылуда. Олар: мал азығы өндірісін дамыту, етті мал шаруашылығын дамыту, жылқы және қой шаруашылығын дамыту, тауарлы балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту. Осы бағытта аудандағы «Жібек жолы» шаруа қожалығы 330 бас, «Мансур - Жаһан» шаруа қожалығы 40 бас, «Қарақұдық» шаруа қожалығы 95 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын сатып алды.

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық ауруханаға жаңа медициналық жабдықтар алынып, 4 жедел жәрдем автокөлігі берілді.

Республикалық «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша Жымпиты ауылының «Қарасу» шағынауданына 70 тұрғын үй құрылысы алаңына инженерлік-коммуникациялық жүйелері тартылып, тұрғындарға жер телімдері берілді. Сондай-ақ осы шағынауданда 15 бір пәтерлік мемлекеттік-жалдамалы тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 695,1 млн. теңгеге Жымпиты ауылын ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Талдыбұлақ ауылы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, іске қосылды.

Аудан бойынша елді мекендерді газдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы аудан бойынша 6 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Бүгінгінің өзінде осы округтерде 140 тұрғын үй көгілдір отынның пайдасын көруде. Жалпы аудан бойынша көгілдір отынға 12 елді мекен қосылып, аудан тұрғындарының 62 пайызы қамтылып отыр. Жалпы құрылыс құны 84,0 млн. теңге болатын Жырақұдық, Қособа, Бірінші май, Шағырлой, Қосарал, Жетікөл ауылдарындағы 18 әлеуметтік нысан газға қосылып, қалыпты жұмыс жасап тұр.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы Сырым саябағында балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, жаз бойы балалар сол саябақта қызықты демалыстарын өткізсе, Бұлдыртыда спорт алаңы, Көздіғара ауылындағы негізгі мектеп осы бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржыға ағымдағы жөндеуден өтті.

Аудан аумағында орналасқан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға биылғы жылы 55 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты ауылына баратын екі шақырымдық жол және респуликалық маңызды жолдардың бойында орналасқан Алғабас ауылына кірме 2 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудандағы өзекті мәселе электр желілерінің қыс мезгілінде істен шығуы болып тұр. Бұл мақсатта да жұмыстар басталды десек болады, биылғы жылы Қызылағаш, Қазақстан елді мекендерінің электр жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 57 электр бағандары ауыстырылып, 13 км электр желілері жаңартылды. Жыл соңындағы ауа райының қолайсыздығынан қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты ауданның электр желілеріне үлкен шығын келуі бұл мәселені түбегейлі қолға алу қажет екендігін көрсетіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын таба бермек.

«Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша 66 млн. теңге несие беріліп, жаңадан жол және көлік қызметі, халыққа қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілмек.

Аудан орталығында мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын шешу мақсатында 280 орындық балабақша құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Жалпы білім беретін Қособа, А.Жұмағалиев атындағы Жосалы және Жетікөл ауылдық округіндегі Сырым орта мектептерін күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.

Сырым ауданында 2014 жылдың ең басты жыл жаңалықтары ретінде алты елді мекенге көгілдір отынның берілуі және 15 бір пәтерлік мемлекеттік-жалдамалы тұрғын үйлердің пайдалануға беріліп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларының шешілуін айтар едім. Сондай-ақ бұрыннан өнерге бай өлкенің болашақ жас өрендері - аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жанындағы «Еркеназ» бишілер тобының республикалық «Айгөлек» телевизиялық байқауында бас жүлдеге ие болуын да атап өтуге болады.

-Алдағы жылға жаңа жоба-жоспарларыңыз қандай, шешілуі кезек күттірмейтін басты мәселелерді атасаңыз?

-Өңірлерді дамтыу бағдарламасы аясында аудан орталығы Жымпиты ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жұмыстары жүргізілуде.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы Жымпиты ауылындағы қатты жамылғылары бар сегіз көшені орташа жөндеу жұмыстарын (8,3 шақырым) жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, тиісті қаржы бөлінуде. Сондай-ақ облыстық маңызы бар жолдардың қатарындағы Бұлдырты ауылына кірме 12 шақырымдық жолды да жөндеу жоспарлануда.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 2015 жыля 3 көппәтерлі тұрғын үйге 24 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары басталмақ.

«Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында Өлеңті көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттары жасақталды.

2015 жылы 10 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылмақ.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздік үшін күресіп, азаттықты аңсап өткен Сырым Датұлындай бабаларымыздың ұрпағы деген атқа сай болып, Елбасы тапсырмаларын дер кезінде жүзеге асыра білсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.

Соңғы жаңалықтар