+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Елбасының қоғамдық-саяси және тарихи-философиялық көзқарасын оқыту заман талабынан туып отыр

2014 жылғы 22 желтоқсан 09:47
Бөлісіңіз:
ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Елбасының қоғамдық-саяси және тарихи-философиялық көзқарасын оқыту заман талабынан туып отыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президентінің қоғамдық-саяси және тарихи-философиялық көзқарасын оқыту, талдау және насихаттау заман талабынан туып отырған қажеттілік. Бұл туралы пікірімен тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі Жүгенбаева Гүлбану бөлісті.

Сарапшы бүгінгі таңда жалпы қазақстандық қоғамдағы тарихи сауаттылықты лайықты орнықтыру мәселесі өзекті екендігін айтып өтті.

«Түрлі форматта дамыған отандық бұқаралық ақпарат құралдарында және жоғары, орта білім беретін оқу орындарында қазақстандық тарихи сананы жүйелі, сапалы дамыту ісін терең таразылап, әрдайым жетілдірудің тетіктерін енгізген жөн. Заманауи мемлекет құру тәжірибесінде барынша батыл қадамдар жасауға төселе бастаған елдің Тұңғыш Президентінің қоғамдық-саяси және тарихи-философиялық көзқарасын оқушылар мен студенттерге оқыту, талдау және насихаттау қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр», - деді Гүлбану Саламадинқызы.

Оның айтуынша, тарих сабағынан тағылым ала білген халықтың мемлекет құру тәжірибесі нәтижелі болмақ.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік толғауын» осындай тарихи-философиялық астармен ұғынсақ керек. Өзінің қоғамдық-саяси көзқарасында әрдайым тарихқа жүгінетін Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіздік - сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткеніндей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі» деп, Тәуелсіз ел болудың баға жетпес құндылығын, теңдессіз қадір-қасиетін пайымдайды.

Адамзат ұрпағына берілетін бір сәттік ғұмырды даналыққа жетелейтін жасампаз еңбек пен ізденімпаз білім мен ғылым ғана. Тіптен өмір философиясының негізі де, мәнісі де осы. Асқақ идеалдар мен утопиялық мұраттардың ешбір халықтың, ешбір ұлттың болашағын баянды етпейтінін тағы да сол өткен тарих дәлелдеп берді. Мұны Елбасы сөзімен айтсақ, «Тәуелсіздік дегеніміз - бұл жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дарытатын қазақстандықтардың еңбегі», - деді ол.

Гүлбану Саламадинқызы толғауды тыңдай келе, халқымыздың ұлттық болмысындағы ерекше табиғи қабілеттілік, жаңалыққа, кез-келген кәсіпке бейімділік пен өмірге құштарлық сияқты асыл қасиеттерін аялап, оны Тәуелсіз еліміздің гүлденуіне, өркендеуіне жұмсау, сөйтіп, Отанымыздың бүкіл байлығына тек өзіміз ғана ие болу керектігі туралы нақтылы пікірге келгенін айтады.

«Қазақ халқының және оның Тәуелсіз мемлекетінің болашағы айқын. Ол - халық даналығынан түйінделген ішкі және сыртқы саясат, ол идеядан идеологияға айналған «Мәңгілік Ел» бағыты», - деді ол.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT