Тәуелсіздік туралы алғаш хабар халыққа қалай жетті – ардагер журналистің естелігі

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан тәуелсіз ел болды. Осы жаңалықты алғаш естіген кезде сол кезде ақпарат саласында жүрген тілшілер қауымы қандай сезімде болды, сүйінші хабарды халыққа қалай жеткізді? ҚазАқпарат тілшісі осы сауалды 1991 жылы Маңғыстау облысы телерадиокомпаниясының бас редакторы болған ардагер журналист Жоламан Бошалаққа қойған еді.

«Тәуелсіздік» деген сөз 1991 жылға дейін көп естілмейтін еді. Жоғарыдан хабар келгенде елдің қуанышында шек болмады. Өйткені, бұл – ата-бабаларымыз жүздеген жылдар күткен күні ғой. Ал дәл сондай кезге біздің ұрпақтың тап болуы – нағыз бақыт. Ол кезде тікелей эфирге шыға алатын техникамыз да жоқ. Жазып алғанымызды монтаж жасаймыз. Дегенмен қолымыздан келгенінше, халыққа қуанышты жеткізе білдік» - деді ол.

Журналист ел егемендігі жайлы жаңалықты қуана қарсы алғанын айтады.

«Халықтың көңіл күйі өте жоғары болды. Бұл қуаныш әкесі базардан сыйлық әкелгенде қуанатындай жай ғана сезім емес қой, үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс еді. Тәуелсіздік алынды, ал сол тәуелсіздіктің тұғырын бекіту, мәртебесін биіктету жауапты жұмыстарда жүргендердің міндеті болды. Ал біздер - баспасөз қызметкерлері өзіміздің қолымыздан келгенінше, тіліміздің жеткенінше, бұл – үлкен қасиетті ұғым екенін, өте жауапты кез әрі бізге аса қымбатқа түскенін айта білдік» -деп толғанды Жоламан Бошалақ.

Тәуелсіздік декларациясы қабылдағаннан кейін Жоламан Бошалақ басқарған телеарна эфирінен күн сайын аймақтағы зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін бере бастаған. Сол арқылы көрерменге ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетін жеткізе отырып, қандай жауапкершілік екенін де түсіндіруге тырысқан.

«Ел ішіндегі зиялы қауым, өмір көрген үлкен ақсақалдарымызды, еңбек озаттарын сөйлеттік. Олар қуаныштарын жеткізумен бірге халықты, әсіресе жастарды бірігуге, жақсы жұмыс істеуге шақырды. «Міне, тәуелсіздікті алдық!» деп той тойлап кетпей, бірлікте болу керек екенін үлкен кісілерге айттырдық», - деді ардагер журналист.

Тәуелсіздік туралы алғашқы қуанышты жаңалықты жеткізген жергілікті журналистер енді еркіндіктің қадірін халыққа тұрақты түрде насихаттай берген.

«Біз оны бір-екі күндік жұмыс деп ойлаған жоқпыз.Тұрақты түрде хабарларды бере бастадық. Осы жолда еңбегі бар адамдарға арнайы рубрика ашып, үнемі насихаттап отырдық», - деді ол.

Ардагер тілшінің айтуынша тәуелсіздіктің қадір-қасиетін халық жақсы түсінген. Ұсақ шаруалар жергілікті жерде шешіліп, алысқа алаңдамайтынына қуанған.

«1991 жылдан кейін халықтың еңбекке деген ынтасы да, көңіл күйі де өзгерді. Өңір де, өмір де - бәрі жайнап кетпегенімен, алдағы күнге деген арман-тілегі орындалатындай сезім болды. Соның бәрі «Тәуелсіздікке тәубе!» деп айтуға тұратындай еді. Біз әлі де тәуелсіздіктің тұғырын биіктете түсуіміз керек. Елдің жетістіктерін еселей түсуіміз қажет. Қазақ елінің Тәуелсіздігі тұғырлы болсын!», - деп Жоламан Бошалақ сөз соңында елді мерекемен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар