Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Тұңғыш сайлау қарсаңындағы Тұңғыш Президентпен кездесу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Тұңғыш сайлау қарсаңындағы Тұңғыш Президентпен кездесу

Ирак ЕЛЕКЕЕВ

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері

Менің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен алғашқы кездесуім тарихымыздағы тағдыршешті кезеңдерінің бірі – тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау қарсаңында, 1991 жылдың 15 қыркүйегінде болды. Ол кезде мен Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Әділет басқармасының бастығы әрі облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болып қызмет істейтін едім. Болашақ Президент сайлаушылармен кездесу үшін бізге екі күндік іс-сапармен келген болатын.

Шынында да, Президент ол кезде тыным таппайтын, аса жұмысбасты болатын: тіпті тәуелсіз Қазақстанның бірінші Әділет министрі Ғалихан Ержанов маған қоңырау шалып: «Нұрсұлтан Назарбаев бар уақытын Жоғарғы Кеңестің отырыстарында өткізеді. Мен біраздан бері оның қабылдауына кіре алмай жүрмін» деп шағымданған-ды.

Мені Нұрсұлтан Әбішұлына облыстық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров таныстырды: «Бұл - біздің заңгер Ирак Елекеев. Ол облыстық сайлау комитетінің төрағасы». Тағдыр осылай болды – және сол екі күн өмір бойы менің есімде қалды.

Кандидаттың кездесуінің бірі Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының Құлсары қаласында өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір жиналысқа аса мұқият және ықтияттылықпен дайындалатынына, негізгі тезистерді жазып алатынына куә болдым. Баратын жері бойынша аудиторияның ұлттық және тілдік құрамын, оның кәсіби мамандануын, проблемалық мәселелерін зерделейтін. Мен өз тарапымнан Нұрсұлтан Әбішұлына мұнда халықтың көпұлтты екенін, көптеген сұрақтар болатынын және олар қазақ және орыс тілдерінде қойылатынын айттым. Яғни, алда маңызды диалог күтіп тұрғанын меңзедім.

Сосын сайлаушылар тарапынан сөз сөйлеп, мүдделерін білдіретін спикерлер тізіміне қарадым: Социалистік Еңбек Ері, мұғалім, дәрігер, мұнайшы және құрылысшы сөз сөйлеуі керек еді. Неге құрылысшы? Өздеріңіз білетіндей, Атырау облысында Кеңес Одағындағы ең үлкен құрылыс алаңы – «Теңіз» кен орны болды, онда бүкіл КСРО-дан және алыс шетелдерден келген адамдар жұмыс істейтін.

Сонымен, тізімді бір қарап шығып, мен Елбасына сөз сөйлеушілердің арасына бір судьяны қосуды ұсындым. Кейбіреулер түсінбей қалған секілді. «Егер бір судьяға сөз бермесек, онда мен мында неге отырмын?» деп төтесінен қойдым. Президент те тәуелсіз әрі сайлау процестеріне араласпайтын сот өкілінің мұндай кездесуде сөз сөйлеуі дұрыс па деп, менің сұрағыма күмән келтірді. Ал мен Нұрсұлтан Әбішұлын сот жүйесіндегі проблемаларды білу азаматтарымыздың көптеген өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік беретініне сендіруге тырыстым. Ақыры Президент келісімін берді. Судья Гүлнәр Қарабалина әжептәуір ұзақ сөз сөйледі. Ол шынымен де қазіргі сот проблемалары мен оларды шешу жолдары туралы көп жайларды ашып айтты. Айтпақшы, Гүлнар Қарабалина одан кейін отыз жыл бойы Атырау облысының сот жүйесінде мінсіз қызмет етіп, 2020 жылдың басында құрметті демалысқа шықты.

Осындай тынымсыз кездесулердің арасындағы үзілісте бір қызық оқиға болғаны есімде: біз Нұрсұлтан Әбішұлына сүт қатқан шай бергіміз келген, бірақ менің орынбасарым: «Ирак, мен шайды ұйымдастырайын, бірақ сүт болады деп уәде бере алмаймын», - деді. Қиын уақыт болғаны сонша күнделікті ішіп-жейтін тағамдар да тапшы еді. Шынымды айтсам, тазартылған су да жетіспейтін – суды краннан ішетінбіз.

Әрине, сезімтал, жанашыр, барлық проблемалардан үнемі хабардар болуға тырысатын Президент сол кезде маған үлкен әсер қалдырды. Алматыға ұшар алдында ол мені шақырып алып: «Сот-құқықтық жүйесінің өңірлік деңгейде тағы қандай проблемалары бар?», - деп сұрады. Мен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Ресейде Ельцин компартияның аудандық комитеттерінің барлық ғимаратын сот билігіне беріп жатыр. Мүмкін біз де осы тәжірибені қарастырармыз?», - дедім.

Ол кезде Ресейде Коммунистік партияның жетекші рөлі жойылған болатын-ды. «Бізде де солай болады», – деп кесіп айтты Нұрсұлтан Назарбаев. Президентпен облыстық компартияның бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров та келісті. Қазақстанда да айналдырған 3-4 айдың ішінде коммунистік партия тақтан тайды. Атырау облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша райкомдардың барлық ғимараттары жергілікті соттарға берілді.

Сонымен қатар, судьяны спикерлікке шақыру жалпы алғанда биліктің үш тармағының тәуелсіздігін, Монтескье теориясын, судьялардың объективтілігі мен бейтараптығын талқылап, орнықтыруға себеп болды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында және өңірлерге сапары кезінде әрқашан осы бағытқа ерекше назар аударып отырды. Сондай-ақ Президент біздің нотариатты шаруашылық есепке ауыстыру туралы идеямызды да қолдады. Ол кезде бюджетте нотариаттарды ұстауға ақша болмаған, сондықтан нотариустарды жеке секторға беру туралы біздің дәлеліміз сенімді болды. Кейін сот орындаушыларына қатысты да осындай шешім қабылданды. Осылайша, Ұлт көшбасшысының арқасында жеке нотариус және жеке сот орындаушысы институты құрылды. Бүгінде олар жұмыстарын мемлекеттік қаржыландыруға тәуелсіз атқаруда.

Сонау осыдан отыз жыл бұрынғы, 1991 жылғы оқиғаларды талдай отырып, оның өте қиын кезең болғанын, жас мемлекеттің көптеген проблемалармен бетпе бет келгенін айтуымыз керек. Бақытымызға қарай, халық Нұрсұлтан Назарбаевқа сенді және оны ел тарихындағы алғашқы жалпыхалықтық президенттік сайлауда басым көпшілік дауыспен қолдады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде мен Нұрсұлтан Әбішұлының сайлаушылар арасындағы беделі мінсіз болғанын, адамдардың онымен елдің жарқын болашағын байланыстырғанын сенімді түрде айта аламын. Түптеп келгенде қалың халықтың бұл шешімі өте дұрыс еді. Оны өмірдің өзі көрсетті.


Соңғы жаңалықтар