Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері қалай құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды.

Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларын баяндайды, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген.

Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алған. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.


Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері қалай құрылды

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ

Мемлекеттік және әскери қайраткер, Халық қаһарманы, армия генералы

Мен Кеңес Армиясының соңғы Бүкілодақтық офицерлер жиналысының қатысушысы болдым. Ол кезде қиын және қауіпті жағдай туындады: Кеңес Одағы жоқ, бірақ Кеңес әскері бар. Бұл жиналыста бұдан әрі не болатынын ешкім нақты айта алмады. Ядролық қаруы бар әскерді кім басқаратыны белгісіз болды. КСРО-ның соңғы Қорғаныс министрі Е.Шапошников шынымен «тығырыққа» тірелді.

Жиналысқа қатысушылар проблемалардың шешімін таба алмай, ТМД елдерінің президенттерінен ағымдағы жағдай бойынша түсініктеме беруді талап етті. Біз, Кремльдегі Конгресс сарайында бес мың генерал мен полковник жиналып, оларды ұзақ күттік. Кеңес Әскері мен оның қару-жарағын не күтіп тұрғанын түсіну бәрімізге маңызды еді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тарих қалай жасалды» арнайы тележобасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барып жағдайды түсіндіріп, оларды тыныштыққа шақыру керек деп айттым»,-деген сөздерін еске алды. Украина президенті: «Жоқ, бармаймын», - деді. Жағдай қиындай бастады. Н.Ә. Назарбаев пен Б. Н. Ельцин Сарайға келгенде залдың іші әскери адамдарға толы еді. Президиумда үш адам болды. Е. Шапошников жиналысты жалғастыруға тырысты, бірақ оны ешкім тыңдамады. Соңында ол президиумнан шығып кетті.

Осы министрдің дәрменсіздігін тек біраз жыл өткен соң ғана түсінуге болатын еді. Қорғаныс министрі генералдарын тастап, залдан шығып кетті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы оны қуып жетіп, орнына қайтарды. Барлығы Борис Ельцин сөз сөйлейді деп күтті. Алайда трибунаға Н.Ә. Назарбаев көтеріліп, дәлелді сөз сөйлеп, тыңғылықты түсініктемелер берді. Бұл Елбасын алғаш көрген кезім еді. Мені ерекше қуаныш сезімі баурап алды. Ал сол кездегі туындаған жағдайға келсек, оның аса қауіпті екені де түсінікті: ядролық қару - иесіз, әскер – Бас қолбасшысыз қалды. Менің ойымша, осының өзі сол кезде бүкіл әлемді дүр сілкіндірген.

Жаңа мемлекет құру және реформалар жүргізу үшін сенімді әскери жүйе қалыптастыру қажет болды. Сондықтан, тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет маңызды міндеттердің бірі ретінде Елдің егемендігін, аумақтық тұтастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті әскер құруға ерекше назар аударды. Бұл бағыт әрдайым Елбасының ерекше назарында болды.

Шындығында, сол кезеңдегі қиыншылықтардың барлығын тізіп бере алмаймын, бірақ, дәйекті болу үшін олардың бірнешеуін атап өтуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскери басшылықтың көптеген өкілдері Қазақстаннан тарихи отанына кетті, соның кесірінен арамызда кәсіби білікті мамандарымыз аз қалды. Мен Түрікменстандағы әскери қызметте жүргенімде Қазақстанға ауысу туралы бірнеше рет өтіндім, бірақ сәйкес лауазым болмады. Соңында, бақытымызға қарай, біздің ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Отаннан алыс орналасқан Қазақ әскери күштерін шұғыл жинау туралы тапсырма берді. Осының арқасында 1992 жылы Қазақстанға оралдым.

Алдымен, мен корпус командирі болып тағайындалдым, бірақ біраз уақыттан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов Әскери-әуе күштерін басқаруды ұсынды. Бұл өзі әбден тозығы жетіп тұрған сала болатын. Сондықтан оған жауапкершілік те үлкен еді. Сағадат Қожахметұлының ұсынысынан мен бірнеше рет бас тарттым, бірақ кейін Елбасының өзі шақырып, осы маңызды жұмысты маған жүктеді.

Қазақстанның дербес әскерінің құрылған жылдары өте күрделі кезең болды. 1992 жылғы 8 мамырда маған қоңырау шалып, шұғыл арада Алматыдағы резиденцияға шақырту алдым. Ол кезде корпус командирі едім. Резиденцияға келдім, сол жерде Сағадат Нұрмағамбетов те болды. «Бұйрығыңыз бойынша келіп тұрмын» деп баяндап едім «Сіздер бұл жерге Президенттің бұйрығы бойынша шақыртылдыңыздар» деді. Сосын ол жерде не болып жатқанын түсінбей, елу минуттай отырдық. Ал дәл бір сағаттан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы шығып: «Ендігәрі ТМД-ның ортақ біріккен армиясы жоқ, Ресей президенті Борис Ельцин Ресей Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды», - деді. Сөйтті де Қазақстан Президенті біздің көз алдымызда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес Одағының үлкен армиясы құрдымға кетті және егемен елдің әскерінің тарихы басталды.

Елбасы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындады және оған генерал-полковник атағын берді. Қазақстанда қорғаныс саласының құқықтық негізі қаланды. Сонымен қатар, сол жылдары әскери салада жедел шешімді талап ететін көптеген өзекті мәселелер болды. Ыдыраған КСРО құрамынан біздің әскерлерімізді шығару және Қазақстанның юрисдикциясына ауыстыру шарттарында әскерлердің жауынгерлік әзірлігін төмендетуге жол бермей, қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен базалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір еді. Дербес әскери құрылыс тәжірибесінің жоқтығына және өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшылығымен біз қысқа мерзім ішінде өзіміздің Қарулы Күштерімізді құра алдық. Бұл-тәуелсіздік шежіресіне жазылған тарихи ақиқат.


Соңғы жаңалықтар