Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: «Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы осында орналасады»

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманағы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды. Айта кетерлігі, 1997 жылы Ақмола қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған еді. Осыған орай, бүгінгі әңгіме де астанаға арналады.

«Елдің бас қаласы осы жерде болады»


Сара МҰСТАФИНА

Журналист

Ел басшылығына елорданы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру туралы шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Бұл шешімге қарсылардың қарасы да аз емес еді. Осы тақырыпта қаншама әңгімелер айтылды, сұхбаттар жарияланды. Ал мен үшін астана дегенде есіме бірден түсетін ерекше күн – 1994 жылдың 14 желтоқсаны. Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігі сол күні Қазақстанның жаңа астанасы қайда орналасатынын шетелдік дипломаттар тобына көрсеткісі келген еді. Осы топтың құрамына ҚазТАГ Фотохроникасының бас редакторы А.Устиненко екеуміз де ендік. Міне, астанамен алғаш танысатын сол күн - қазіргідей есімде.

Ол кездегі Ақмола облысының басшысы Георгий Браун қар басқан қамыс қопалы даланы қолымен нұсқап: «Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы, міне, осы жерде орналасады», - деді. Күн өте суық. Далада бір нәрсені тамашаламақ тұрмақ, жай ғана тұру тіпті мүмкін еместей. Сондағы дипломаттардың суықтан тоңған келбеті де әлі есімде. Сарыарқаның сары аязы ешкімді де аяр емес. Ал Иран елшісі бұндай болады деп ойламаса керек, жеңілдеу киініпті. Суықтан тісі тісіне тимей сақылдап тоңып тұрған дипломаттың қасына тақаған Браун оның жалаң басына құндыз бөркін кигізе салды. Елші де оған қарсы ештеңе айтпады. Кейін, қас қарая қайтып келе жатқанымызда, Иран елшісі бас киімді қайтарғысы келген, бірақ әкім: «Біз, қазақтар, берген сыйлығымызды кері қайтарып алмаймыз», - деп әдемі қалжыңдады. Айтпақшы, дипломаттар делегациясының ішінде астанамен танысуға «ең жақсы дайындалған» канадалық дипломатиялық миссияның басшысы болып шықты. Ол Иран елшісі мен әкімнің арасындағы осы әңгімеге араласып «бекерге осынша жылы киінгенім-ай» деп елді дүр күлдірді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақмола облысы активінің отырысы өткен 1996 жылдың күзі де есімде. Бұл бір тағдыршешті жиын болды. Тікелей және бүркемеленген қайшылықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы жаңа астананың болуы керектігіне қазақстандықтардың көздерін жеткізді! Президенттің осы шешімін бірінші болып сол кездегі Жол қатынасы және Ауыл шаруашылығы министрліктері қолдады. Осылайша олардың қызметкерлері Ақмолаға 1997 жылғы желтоқсанның басында алғашқы лек болып көшті. Кейіннен біз, бір топ журналистер, Қазақстан Президенті келген поезды қарсы алдық. Осы жиында сол кездегі Қазақстан темір жолдарының басшысы Юрий Лавриненко Алматы мен жаңа елорданың арасындағы жолды барынша қысқартуға уәде берді. Міне, қазір тап солай болды: кешке пойызға отырасың, ал таңертең ертемен Нұр-Сұлтан қаласына келіп түсесің.

1998 жылдың маусымы – Қазақстанның жаңа астанасының құрметіне ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Мен осы тұста бір айға созылған мерекелік іс-шаралардан ақпарат тарататын шығармашылық топтың жетекшісі етіп тағайындалған едім. «Елорда кілтін» табыстау, облыстар шеруі, фестивальдар, концерттер, Қазақстан басшылығының, белгілі тұлғалардың қатысуымен түрлі мекемелердің, әлеуметтік нысандардың, тіпті дүкендердің ашылуы бірінен кейін бірі өтіп жатты. Оның ешқайсысы да журналистер қаламынан тыс қалған емес. Біз бүкіл республика жұртшылығының назары өзімізге ауғанын да сезінетін едік.

Ең маңызды сәт - ресми мереке өткен 9-10 маусым күндері еді. Қазақстандықтарды құттықтауға сол кезде бірқатар мемлекеттердің, негізінен ТМД-ның басшылары келді. Журналистер, жалғыз көлікпен – директордың «Волгасымен» жүруге мәжбүр болдық. Жалғыз көлік болса да, маңызды және ірі іс-шаралардың барлығына үлгердік. Күн сайын кешке өткен күннің қорытындысын жасап, алдағы күнгі шаралар жоспарын талқылайтын едік. Күні бойы титықтаған журналистер шаршағаннан аяғын баса алмай тұратын. Осындай қызу жұмысымызды тек Үкімет қана бағалап қойған жоқ. Қаржылық проблемаларға қарамастан, бүкіл шығармашылық топ сыйақы алып, «шала байып» қалған едік.

Кейіннен «ҚазААГ» Ақпарат агенттігі астаналық тілшілер қосынын ашты. Қатарымызға жаңа журналистер қосылып үлгергенше мен Астанаға «вахталық әдіспен» жиі баратын едім. Есімде қалғаны, сол кездері астанадағы қызметкерлерге жалақы аударудың өзі мұң болатын. Сондықтан да, журналистердің айлықтарын кәдімгі жол сөмкесіне салып алып, поезбен тасып жүруге тура келгені бар. Осындай сәттерде «Алматыдан айлық әкелетін» мені вокзалдың перронында астаналық тілшілер қосыны түгел келіп, гүлмен қарсы алатын еді... Бұл да – жанға жылы естеліктер.

2000 жылғы сәуірде мемлекеттік ведомстволар мен мекемелер де түгелге жуық көшті. Осы ұлы көштің ішінде біздің ақпарат агенттігіміздің бас кеңсесі Астанаға барып жайғасты. Кейіннен, жұмыс бабымен, жеке шаруаларыммен елордаға мен де жиі-жиі барып, Астананың, қазір «Нұр-Сұлтан» атанған бас қаламыздың жыл сайын өсіп, көркейгеніне қарап, ерекше қуанып, сүйсінемін.


Соңғы жаңалықтар