Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Қазақстандық экономика моделі қалай пайда болды
2021 жылғы 22 қараша 17:16

Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Қазақстандық экономика моделі қалай пайда болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер ұсынады.

Қазақстандық экономика моделінің пайда болуы

Серік АХАНОВ, Экономист

1990 жылдардың басында мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары экономикалық кеңесте, жалпы экономикалық реформалар бөлімінде жұмыс істедім. Әрине, бұл қарама-қайшылыққа толы, біздің тәуелсіздігіміздің тарихындағы ұлы транзиттік кезеңнің енді бастау алатын күрделі кез еді. Социализмнен жаңа жүйеге көшу жүріп жатты. Осы тұста экономикада «трансформациялық құлдырау» деп аталатын жағдай байқалды: кәсіпорындар арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндірістің құлдырауы жалғасты, инфляция (құнсыздану) жеделдей түсті, бюджет тапшылығы артты. Біздің көз алдымызда өндіріс әдістерінің, меншік нысандарының, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өзара әрекеттерінің өзгеруімен ұштасқан шынайы экономикалық революция болып жатты.

Бұл кезде сөзсіз экономика мен қаржы секторына терең, сапалы ең бастысы батыл өзгерістер қажет болды. Міне, сонда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жауапкершілікті өз мойнына алып, қоғамға жаңа экономикалық бағыт ұсынды. Бұл өте сындарлы, барынша оңтайлы және қоғам қолдау білдірген бастамаға айналды.

Елбасы өзін нағыз реформатор және көрнекті экономист ретінде көрсетті: Тұңғыш Президенттің бастамасы бойынша сол кезең үшін аса маңызды екі құжат – 1992 жылғы 16 мамырдағы Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы және 1993 жылғы 28 қаңтардағы Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламасы әзірленді. Бұл екі құжат отандық экономиканың нарықтық қатынастарға көшуінің іргетасы, кейіннен барлық сапалы өзгерістерді енгізуге және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін базис еді.

Алғашқы реформаларды жүзеге асыру барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің даму барысы мен логикасын қайта қарастырды. Ол қазақстандық қаржы-экономикалық сектордың іргелі ұстанымдарын, көлемін, қарқыны мен құрылымын кешенді түрде талдап, саяси және әлеуметтік факторларға назар аударды, шетелдік тәжірибеге үлкен зерттеу жүргізді. Нәтижесінде экономикалық дамудың бірегей қазақстандық моделі қалыптасты, онда басқарудың модернистік батыс және дәстүрлі азиялық қағидаттарының үйлесімі қамтамасыз етілді.

Батыс пен Шығыс экономикаларындағы барлық оң және прогрессивтік тәсілдердің үйлесімі Қазақстанда бір мезгілде, мінсіз жасалған қорытпа ретінде іске асырылды. Мұнда кең ырықтандыру және белсенді мемлекеттік реттеу жалпы тұжырымдамаға сәйкес келіп, қабысты. Шын мәнінде, Нұрсұлтан Әбішұлы жедел экономикалық реформаларды және осындай жылдамдықтарға тән әлеуметтік күйзелістерсіз кезең-кезеңімен алға жылжуды үйлестіруге мүмкіндік беретін «ағза» жасап шығарды. Сондықтан, менің ойымша, қазақстандық экономикалық даму моделінің бірегейлігі оның өз бойында озық халықаралық тәжірибенің барлық оң элементтерін үйлесімді біріктіруінде жатыр.

Бұл реформалардың ішінде қаржы блогы – ең алдымен банк, сақтандыру және қор секторлары өте маңызды болды. Алайда, осы жылдары біз қаржылық төңкерісті ғана емес, сонымен бірге адамдардың санасындағы төңкерісті де байқадық. Көзқарастар, пікірлер, дүниетанымдар қайта құрылды. Қазақстандықтар өз көшбасшысының үлгісімен өмірдің жаңа шындығы мен нарықтық жағдайларға тез бейімделе бастады. Бұл жерде Президенттің жоғары беделі, оның стратегиялық ойлауы, батылдығы, принциптілігі, ерік-жігері өмірлік маңызды реформалар кезеңінде Қазақстанның табысты дамуын қамтамасыз еткенін айрықша атап өтуге болады.


Jańalyqtar

MURAǴAT