Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Дамудың жаңа парадигмасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Дамудың жаңа парадигмасы

Мәулен ӘШІМБАЕВ

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, мемлекет қайраткері

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде болған күрделі әрі жүйелі дағдарыстың бәрі де біртіндеп Қазақстанға мұраға қалды. Барлық шешілмеген проблемалар – тиімсіз командалық-әкімшілік экономика, күйреген әлеуметтік сала, түбі бос қазына, инфляция және басқалары – КСРО ыдырағаннан кейін құрылған тәуелсіз мемлекеттерге біртіндеп өтті.

Осы ауқымды геосаяси ығысудың нәтижесінде посткеңестік республикалар арасындағы барлық шаруашылық байланыстар күрт жойылды. Мысалы, Қазақстанның өнеркәсібіндегі алпауыттар шығаратын өнімдердің шамамен 90%-ы одақтық нарыққа бағдарланған және керісінше солардан жеткізілетін шикізаттарға тәуелді болған-тын. 1990-шы жылдардың басында Қазақстанның ең ірі 130 кәсіпорнының жұмысында іркілістер басталды, кейбірі жұмысын тоқтатты, қайсібірі өндіріс көлемін күрт қысқартты. Индустрияның 100 мыңнан астам адам – индустрияның жоғары білікті мамандары – жұмыссыз қалды. 1991-1992 жылдары өнеркәсіптің күрт құлдырауы салдарынан инфляция 1000 пайызға дейін жетті. Бұл күн сайын бағалар айтарлықтай өсіп бара жатқан, ал жалақы мен зейнетақыны төлеу қайта-қайта кешіктірілетін кезең болды.

Осындай күрделі жағдайларда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан жаңа экономиканы қалыптастыруға кірісіп, мемлекеттілікті нығайтуды қолға алды, өзінің даму бағытын тұжырымдай бастады. Ең күрделі проблемаларға қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын қазақстандықтар үмітсіздікпен, жаппай пессимизммен және жағымсыздықпен байланыстырмайды. Өйткені, бұл сынақтармен қоса шабыт, үлкен үміт және болашаққа деген сенім кезеңі де болды. Адамдардың бойында табысқа жетеміз және дағдарысты еңсереміз деген зор үміт болды. Және көп жағдайда бұл үміт Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына, оның болашаққа деген сенімді бойға сіңіру қабілетіне, тіпті ең қиын деген жағдайларда да оптимистік сезімді егу қабілетіне байланысты болды. Халық оған сенді және оның іс-қимыл бағдарламасын, оның экономиканы реформалау, инвесторларды тарту және басқа да бағыттар бойынша батыл шараларын қолдады.

Нұрсұлтан Әбішұлы адамдармен ұдайы кездесіп, өңірлерге шығып, кәсіпорындарға барып, жағдайды түсіндіріп, елді тыныштандыруға көп уақыт жұмсай жүріп, мәселелерді шешу жолдарын табатын. Елбасы үзілген экономикалық байланыстарды іс жүзінде қолмен жалғай жүріп, біздің өнеркәсіп кешеніміздің дамуын қалпына келтірді. Осы тұрғыдан алғанда, дәуірлер түйіскен соқтықпалы-соқпақсыз тұста біздің дамуымыздың парадигмасын өзгерту үшін барын салған бірегей, харизмасы мықты көшбасшының елімізді басқаруы Қазақстанның бағы болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бүкіл ұлтты фашизмге қарсы күреске біріктірген Уинстон Черчилль Ұлыбритания үшін осындай көшбасшы болды. Түркия үшін елдің қирандылары мен үзіктерін жинап, халықты біріктіріп, тәуелсіздік үшін күреске бастаған Мұстафа Кемал Ататүріктің орны ерекше еді. Мұндай мысалдар, әрине, Қытайда да болды – Дэн Сяопиннің есімі бүгінде бүкіл әлемде тиімді экономикалық реформалармен және Қытайдың қайта жаңғыруымен байланыстырыла айтылады. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы – өзінің бірегей көшбасшылық қасиеттерінің арқасында ең қолайсыз экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайларда Қазақстанның дамуын қамтамасыз ете алған ұлы тұлға.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елді күйзелткен күрделі дағдарысты еңсерудегі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке тұлғасының рөлі орасан зор екені анық. Біздің осыншама қиын кезеңді салыстырмалы түрде тез өтіп, еңсемізді тіктеуіміз сол жылдары Тұңғыш Президентіміз атқарған аса ауқымды, жүйелі жұмыспен тікелей байланысты.


Соңғы жаңалықтар