Тәуелсіздік тартуы: Ақмола облысында балық өңдейтін цех ашылды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, мереке күндері қарсаңында Қорғалжын ауданында балық өңдейтін цех ашылды. Бұл Абай ауылында ашылған цех өңірдегі балық өңдейтін жалғыз өндіріс орны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Нысанның ашылуына Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Дарын Сабырғалиұлы, мәслихат хатшысы Берік Оралбайұлы қатысты. Кәсіпкер Ерсайын Хасенов мырза шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша өндіріске қажетті құрылғылар алуға 30 миллион теңге сомасына несие алды.

Бүгінгі таңда кәсіпкер өз есебінен 20 миллион теңге сомасына ауданы 100 шаршы метр өндірістік ғимарат салып, балық өңдейтін цех жұмысын бастады. Алдағы уақытта кәсіпкер балық өнімдеріне жеке-жеке сертификат алады. Цехта Қорғалжын ауданындағы көлдерде мекен ететін балықтардан қатырылған жартылай дайын котлеттер, тартылған балық еті секілді тағам түрлері өндірілетін болады. Дайын өнім ең алдымен Қорғалжын ауданы дүкендеріне сатылымға шығарылып, кейін облыс аумағы және Нұр-Сұлтан қаласы саудаға шығарылады.

Кәсіпкердің айтуынша кәсіпорынға бастапқы мерзімде 4-5 адам жұмысқа алынып, оларды арнайы жабдықтармен жұмыс жасауға оқыту да жоспарлануда. Осындай бағыттағы кәсіпорын ашуға үш жыл мерзімі жұмсалған. Цехтың жұмысы алға басатын болса, ауданның экономикалық әлеуетін көтеруге үлкен табыс әкелетіні сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар