Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2008 жыл -Қазақстан жаһандық дағдарыстың екінші қуатты толқынын сәтті еңсерді

None
None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шайқалу нүктесі мұхиттың арғы бетінен басталды делінетін 2007 жылы сезіле бастаған жаһандық дағдарыс салқыны 2008 жылы әлемдік мәселеге айналып шыға келді.

Қаржылық-кредиттік құлдыраудың азық-түлік тапшылығына ұласып кетуі жұртшылықты біраз әуреге салды. Беделді деген болжаушылардың өзі болашақ кезең тұрмақ алдағы аптаға тұжырым жасаудан қалған шақ еді. Мұнай бағасы бірде құлдыраса, енді бірде секіріп шыға келді. Сөйтіп, әлемді тұрақсыздық жайласа, сол тұрақсыздық кез-келген елдің шыдамын тексеріп бақты. Бір сөзбен айтқанда, дағдарыстың салқыны кез келген елге де оңай болмағаны анық. Бұндай жағдайда қуаты қарымды Қытай сауда-саясаттық бағытын қымтап ұстай отырып, әлемдік дамудың негізгі ойыншысына айналса, Америка, Еуропа секілді мемлекеттер қарқын алып келе жатқан Азияға үрке қарай бастағандай еді. Әлемдік дамудың болашағын Азия елдерімен байланыстыратын түрлі сәуегейлік ойлар айтыла басталды. Дегенмен, бұл дағдарыстан да әуелден ұстанған іргесі берік, саясаты сауатты, қуаты мығым елдер құлпырып шықты. Солардың біріне біздің Қазақстанды да жатқызуға әбден болады.

Тәуелсіздігінің 17 жылында тап келген жаһандық күйзелістен шығудың аса тиімді жолын қалыптастырған Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен ТМД елдерінің ішінде ең тиімді жол болып саналғанын да әлем мойындайды. Бұл бағытта ең алдымен Америка мен Еуропада күрт белең алғанындай жұмсыссыздық деңгейін арттырмау Үкіметтің күн тәртібінен түспеді. Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, жұмыссыздық пен қымбатшылыққа тосқауыл болар тетік қосылды. Билік жұмыссыздар санын уақытша жұмыс орындарын құру арқылы шешіп, индустриялы жобаларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын шапшаңдатып ашуға бел буды. Қаржылық саясатты уыста ұстау үшін екінші деңгейлі банктерге көмек жасалды. Президент шұғыл шешім қабылдап, осы уақытқа дейін жеке дара қызмет істеп келген мемлекеттік екі холдингті біріктіріп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Бұндай шешімнің маңызы зор болатын. Өйткені, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қысқа мерзім ішінде әлсіреп қалған екінші дең­гейдегі банктердің басқару пакеті акцияларын иемденіп, сыртқы қарыздарды қайта құрылымдаумен, ішкі «қайтарылмайтын несие» атты ауыр жүкті өз мойнына алумен тікелей айналысып, нәтижесінде жекеменшік қаржы жүйесіне айтарлықтай демеу жасай алды. Кейіннен «Самұрық-Қазынаның» банктерді қолдауы арқылы дағдарыс бастауында қаңтарылған құрылыстарға жан бітті.

Түйіндей айтқанда, 2008 жылы дағдарыс­тың екінші қуатты тол­қынымен күресте 10 миллиард дол­лар нақты бес бағытқа жұм­салады. Оның біріншісі - банк сек­торын тұрақтандыру. Екінші - үлескерлер мәселесі, құрылыс мәселесі. Үшінші мәселе - шағын және орта бизнес, бұл сала да зардап шек­пеуге тиіс. Төртінші мәселе - ауыл ша­руа­шылығы. Бұл салаға 360 миллиард теңге бөлінеді, бұл сала осыншама ақшаны ешқашан алып көрген емес еді. Ең соңғы бағыт - индустрия­лық бағдарламаны жалғастыру. Бұл іске де 1 миллиард доллар бөлінді. Осылайша, бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы шаралар бағдар­ла­масы экономиканың нақты сек­торына тікелей көмек көрсетуді көздеді. Ақыры аяғында осындай сәтті қадамдардың нәтижесі де жемісті бола бастады. Бұдан барып дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер ізденуге, сөйтіп әлемді шайқаған құбылыстан жаңғырып шығуға бел байладық. Осындай тиянақты ұстаным арқасында дағдарыстың бетін қайтарып, «Жол картасы» атты тәжірибелер уақытшадан ұзақмерзімге қарай ойыса бастады. Сөйтіп, тұтастай алғанда жаһандық қаржы қыспағына түскенімен Қазақстан үшін 2008 жыл өте сәтті болды. Осы жылы бұдан бір жыл бұрын шатқаяқтаған қаржы жүйесі де өзінің орнықтала бастағанын аңғартты. Мәселен, 2007 жылдың тамыз айынан бастап қаржы дағдарысының алғашқы толқыны басталған болса, соған қарамастан, Қазақстанға бұрын-соңды болмаған инвестиция тартылды. 2008 жылы банктердің сыртқы активтері 1,6 млрд. доллардан асты. Ал олардың сыртқы қарыздары 6,9 млрд. долларға қысқарды.

2008 жылдың көрсеткіштеріне үңілсек, бұл жыл елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 135 миллиард американ долларына жетті. Мұның өзі әр адамға, жан басына шаққанда 8 мың 450 доллар ІЖӨ келеді деген сөз. Бұл елеулі нәтиже, бұрын қол жеткізлмеген меже еді. Жалпы макроэкономикалық көрсет­кіш­тер бойынша: 2008 жылы бойынша инфляция 10 пайыздан төмен болады. Ал жұмыссыздық деңгейі кері­сінше, 7,6 пайыздан 6,5 пайызға төмен­деді. Бір сөзбен айтқанда, 2008 жыл, Тәуелсіздігіміздің 17-ші жылы, бұрынғы жылдар сияқты, қауырт шаруаларға толы өтті. Елдің ішкі дамуында дағдарысқа қарсы іс-шаралар дамылдамаса, жаһандық маңызы бар бірқатар халықаралық іс-шараларға Қазақстан тарапы бастама жасады. Тіпті әлемдік күйзеліс қыспағына қарамастан, 2009 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезіне, 2010 жылы өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, 2009 жылдан басталатын ЕҚЫҰ-ның басқарушы үштігінің жұмысы және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шараларына әзірлік осы жылдан басталып кетті.

2008 жыл:

- қаңтар айында - Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты;

- 17 қаңтар - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орта­лығында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. «Біздің кездесуіміз - 2008 жылдағы алғашқы ірі форум. Бүгін біз «Нұр Отан» партиясының жаңа форматтағы Саяси кеңесінің мәжілісіне жиналып отырмыз. «Нұр Отанның» дамуында жаңа белес басталды. Партия Қазақстандағы жүйелі өзгерістердің нақты алға апарушысы, елдегі бұқаралық саяси жұ­мыстардың ең тиімді тетігі болуға тиіс. Қарышты дамитын қуатты мемлекет қана өзінің алдына үлкен міндеттер қоя алады. Біз біртұтаспыз, қуаттымыз және сондықтан ел бізден жаңа табыстар мен же­ңістер күтеді. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» жалпы­ха­лықтық іргелі саяси ұйымға айналды. Біз қай салада да алдыңғы саптан көрініп, ұлттық да­муымыздың ұзақ мерзімді бағыттарын кезең-кезеңімен іске асыра беруіміз керек. Сөз соңында айтарым, біз «ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып» бірлесе еңбек еткенде ғана осынау өміршең істеріміздің сабақ­тастығын қамтамасыз етіп, саяси бастамаларымызды баянды ете алмақпыз», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев­;

- 30 қаңтар - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумында аталмыш халық­аралық бағдарламаны жаңғыртуды ұсынды.

- 22 ақпан - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми бас­қосуына қатысты.

- 5-6 наурыз - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Украина Президенті Виктор Ющенкомен кездесу өткізді. «Мен өзімнің былтыр сіздің елге жасаған сапарымды аса бір ризашылықпен еске түсіремін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. - Сонда біз «Қазақстанның Украинадағы жылын» ашқан болатынбыз. Осы мерзім ішінде Украинаның барлық өңір­лерінде 200-ден артық әртүрлі сипаттағы бір­лескен іс-шара өткізіліпті. Соның нәтижесінде біздің алдымызда саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық салалардағы ынтымақтастығымыздың жаңа көкжиек­тері ашылды».

- 22 наурыз - Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ұлыс­тың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтады. «Аяулы отандастарым, қадірменді қауым! Күн мен түннің теңелген, малдың аузы көкке тиген, адам аузы аққа тиген, түннің күнге бет бұрған, табиғаттың гүлденіп құлпырған қуаныш кезеңі - Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Жаңа жылды 1 қаңтарда атап өтуді І Петр патша Ресейге Еуропадан алып келсе, одан бізге жеткен. Қытайдың өзінде бұл мереке ақпанның ортасына таман бір апта бойы тойланады. Шығыс халықтарының барлығында дерлік солай. Түбінде біз де өз мерекемізге оралатын шығармыз. Бұл - халықтығымыздың, тәуел­сіздігіміздің негізгі тамырының бірі», - деді Президент өз құттықтауында.

- 2 сәуір - Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бей­жің - 2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиадалық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

- 22 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанаға екі күндік ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесті. Кездесулер барысында әдеттегi­дей екiжақты келiссөздерге қол қойылған жоқ. Дегенмен көрші мемлектетердің басшылары екi ел арасындағы кең ауқымды мәселелерді талқылады;

- 12-13 мамыр - Астанаға екі күндік ресми сапармен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон келді. Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келіссөздер жүргізді. «Соңғы екі жылда Тәжікстанда 47 бірлескен қазақ-тәжік кәсіпорны құрылды. Оның 15-і қазақстандық капиталдың 100 пайыздық қатысуы­мен құрылды», - деді Э.Рахмон кездесу барысында;

- 14 мамыр - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Жас Отан» Жастар қанатының І съезіне қатысты;

- 6 шілде - 2008 жылғы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам - 6 шілде - Астана күні тарихқа енді. Елбасы осы Астана күні мерекесі қарсаңында елімізге келген шет мемлекеттер Президенттерімен екі жақты кездесу өткізді. Астананың туған күніне Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев, Түрiк Республи­касы­ның президентi Абдулла Гүл, Әзiрбайжан Респуб­ликасының президентi Ильхам Әлиев, Армения Республикасының президентi Серж Саркисян, Тәжiкстан Республикасының президентi Эмомали Рахмон, Қырғыз Республи­касының президентi Құрманбек Бакиев, Түрікменстан Республикасының президентi Гурбангулы Берды­мұхамедов, Грузия Президентi Михаил Саакашвили келдi. Қазақстан Президентi шет ел президенттерiнiң басшыларына, Астана мерейтойына шақыруын қабыл алып, келгендерi үшiн алғысын айтты.

- 6 шілде - Елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болып өтті. Идеяның негізгі авторы - Елбасы Н.Назарбаев. Монументтің биіктігі 91метр. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады», - деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейдi. Бүгiнгiдей кең байтақ жерi бар, киелi төрi бар қазақ - шын мәнiнде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда, бұл бақыт бiзге оңайлықпен, өздiгiнен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретiнде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметiн тартты. Бүгiнгi тәуелсiздiкке дейiнгi аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелi тағдыры, арманы мен аңсары арпалысқа толы күресiп жатыр. Iштей булыққан бұлқынысы мен өкiнiшi, жеңiстерi мен жеңiлiстерi де жатыр. Бүгiнде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы iстердiң, ұлағатты дәстүрлердiң, iргелi мем­лекеттердiң заңды мұрагерi болып саналады», - дедi «Қазақ елi» монументiн ашу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

- 8 тамыз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР астанасы Бей­жіңде өткен 29-шы жазғы Олимпиадалық ойындардың салтанатты ашылуына қатысты. Бейжіңдегі жергілікті уақыт бойынша кешкі 8 сағат 08 минөтте 29-шы жазғы Олимпиадалық ойын­дардың салтанатты ашылу рәсімі басталды. Төрт жыл­дықтың ең басты спорттық жарысының ресми ашылу салтанатына әлемнің 80-нен астам елінің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Жалпы Бейжің Олимпиадасына әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олимпиада ойындарында 41 спорттың түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы спортшыларымыз қатысып отырған осымен төртінші жазғы олимпиадалық ойындар еді. Осы жолғы - 2008 жылғы Бейжіңде өткен 29-шы жазғы Олимпиадалық ойындарында қазақстандық спортшылар спорттың 6 түрінен 13 медаль иеленді.

- 28 тамыз - Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақ­тастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммиті өтті. Отырыста Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы ұйымның даму қарқынына және алға қойылған міндеттердің шешілу барысына қанағаттанатындығын білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев қауіп­сіздік пен тұрақты дамуға қатер төндіретін бірқатар проблемаларды, ең алдымен халықаралық лаңкестікті, экстремизмді, заңсыз көші-қон және есірткі айналымын бөліп көрсетті;

- 5 қыркүйек - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында болып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйы­мының (ҰҚШҰ) отырысына қатысты

- 5 қазан - Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстанға бір күндік, яғни қысқа мерзімді ресми сапармен келді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысымен Ақордада кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда Мемлекет басшысымен Кондолиза ханым халықаралық, аймақтық мә­селелердi талқылады. Қазақ-америка қатынастары көпсалалы, арада ешқандай дүрдараздықтар жоқ, дамудың қалыпты ырғағы өз бағытынан ауытқыған емес, деген әңгiмелер айтылды;

- 10 қазан - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ке­зекті отырысы, ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Достастықтың аймақаралық және шекара ынтымақ­тастығы жөніндегі кеңесі туралы келісімге қол қойылды. Есірткі заттарымен, психотроптық заттармен және олардың прекурсорларымен күресудегі ынты­мақтас­тықты жандандыру туралы бірлескен мәлімдеме қабыл­данды. Ал экономикалық саладағы ықпалдастық үдеріс­терін дамытуға бағытталған Достастықтың эконо­микалық дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясының жобасы толықтырылуға жіберілді;

- 13 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазына» тұрақты даму қоры мен «Самұрық» мем­лекеттік активтерді басқару холдингі біріктіріліп, «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қоры болып құрылды. Президенттің айтуынша, біріккен бұл екі алпауыт холдинг енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры деп аталатын болады. Ол дағдарысты еңсеру бағытындағы қазақстандық үкіметтік бағдарламаның діңгегіне айналады;

- 6 қараша - Астанада Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі форум болып өтті. Форумда Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

- 2 желтоқсанда - 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді;

- 15 желтоқсан - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Тәуел­сіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 17-ші жылдығына байла­ныс­ты өткізілген салтанатты жиында сөз сөйледі. «Біз бүгін Тәуелсіздік мерекесін тұңғыш рет Аста­наның елордалық сипатын аша түсетін аса айшықты нысан - Тәуелсіздік Сарайында қарсы алып отырмыз. «Қазақ Елі» мемориалдық кешенін, Бейбітшілік пен келісім сарайын және Тәуелсіздік сарайын бүгінгі Қазақстанның ажырамас ең қастерлі үштаған сим­волдық белгісі деп айтуға болады. Елорданың бұл жаңа нысандары - бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырған қасиетті атамекенге, бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп, халықтар дос­тығы, бейбітшілік пен келісімді ту еткен Отанымызға деген ортақ тағзым мен құрметті білдіреді. Қымбатты қазақстандықтар! Тәуел­сіздіктің он жеті жылы Отанымыздың тарихи шежіре­сіндегі жарқын беттерге айналды. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Қазақта «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» деген аталы сөз бар. Біз жас ұрпақтың әлеуметтік шиеленістер мен қақтығыстарсыз, үйлесімі жарасқан бейбіт қоғамда өмір сүруі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұрпақпыз. Отанға деген сүйіс­пеншілік - еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ. Ол: «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындықтың белгісі. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін! Отан үшін отқа түс - күймейсің. Опасызда Отан жоқ. Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды», - дейді. Біздің хал­қымыз, әсіресе жастар осы қағидаларды естерінде ұстаса деймін. Мінеки, Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің он сегізінші жылына аяқ басып отыр. Алдымызда талай-талай асу-белдер, сын кезеңдер кезде­сері хақ. Біз ондай қиындықтардан талай мәрте өткенбіз, келешекте де жұмған жұдырықтай бірлесіп еңсереті­німізге кәміл сенемін. Барша отандастарымды еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға бақыт пен береке, елімізге әрдайым тыныштық берсін!», - деді өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаев.

- 29 желтоқсанда - Елбасы Н. Назарбаев 2008 жылды қорытындылап еліміздің жетекші БАҚ басшыларына сұхбат берді. «2008 жыл, Тәуелсіздігіміздің 17-ші жылы, бұрынғы жылдар сияқты, қауырт шаруаларға толы өтті. Бұл жолы біздің бәріміз күрделі әлемдік қаржы дағдары­сына куә болдық. Дағдарыс бүкіл әлемді шарлап бара­ды, баршаны қамтып барады. Бұрын да мұндай дағдарыстар бол­ған, мысалы, АҚШ-тағы 30-шы жылдардың Ұлы күйзелісі белгілі. Алайда, ол кездегі Кеңес Одағы сол күйзелісті сезіне қойған жоқ. Еуропа сезінді. Қытай да, тегі, сезіне қоймаған шығар. Біздің есімізде бұрынғы Кеңес Одағындағы дағдарыс әлі тұр, үлкен елдің қирауы оңайға түскен жоқ. Алайда, оны да негізінен сол бұ­рынғы Кеңес Ода­ғының тұрғын­да­ры сезінді, өзге әлемге оның әсе­рі бола қойған жоқ. Біз ол дағда­рыс­қа қатты қиналдық, үлкен ауырт­пашылықтарды бастан кештік. Үшінші дағдарыс - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс. Оның өзі Американы, Еуропаны қамти қойған жоқ. Ал мынау жаһандық дағдарыс, бұл баршаға әсер еткелі отыр», - деген Елбасы Н. Назарбаев биылғы жылы қолға алынған шаралар еліміздің дағдарыс салдарын сәтті еңсеруге септігін тигізгенін айтып, оған нақты бірнеше мысалдар келтірді.

Соңғы жаңалықтар