«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2007 жыл -Қазақстан экономикасының тұрақтылығы сыннан өтті»

None
None
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2007 жыл - Тәуелсіздіктің 16 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің егемендікпен есеюдің тағы бір жылын еңсерді. Бұған дейінгі қызыл империяның құрсауынан босап, кеңес қирандысынан қаз тұра аршылып жаңғырғанның арқасында Қазақстан бәсекеге қабілеттілік жолдарын ізденуге кіріскен болатын. Бұл күн де бірден келе қалған емес. Мемлекет алдынан тақыр жерден тау тұрғызардай қауқар талап етіліп, қыруар сынақтар алдында күтіп тұрды.

Дегенмен, сауатты қалыптасқан іргелі саясаттың нәтижесінде экономика мығымдалды, тұрмыс жақсарды. Әлемдік кеңістікте «мұнай долларлары», «голланд ауруы», «экономиканың ентігуі» секілді түрлі экономикалық қатерлер де осы тұста пайда бола бастаған еді. Қазақстан ондай «аурулардан» сақтанудың жолын таба алды. Әйтсе де 2007 жылы ел экономикасының тұрақтылығы сыннан өтті. Жылдың басынан жаңа Үкімет жасақталып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың командасы іске кіріскен еді. Қаңтардың 12-сі күніндегі алғашқы отырысында-ақ Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау мен дамыту, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру, аграрлық саланы дамыту, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс істеді.

2007 жылдың екінші жарты жылдығында АҚШ-тың ипотекалық рыногында орын алған дағдарыстың салқыны Қазақстанның да қаржы жүйесіне әсер етті. Бұған қоса әлем елдерінің басым бөлігінде орын алған азық-түлік тапшылығы Қазақстанның нарығына да тікелей әсер еткенімен, ұлттық экономика шатқаяқтап, тұралап қалудан аман шықты. Бұған ең алдымен Үкіметтің сол дағдарыстардың қарқындауына жол бермей, олардың салдарын жою үшін дер кезінде қолға алған шаралары себепкер болды.

Дағдарыстың төтенше салдарымен күресе жүріп, отандық экономиканы әртараптандыруға бағытталған шаралар да жүзеге аса бастады. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, еліміздің жеті өңірінде «Жетісу», «Ертіс», «Батыс», «Оңтүстік», «Тобыл», «Сарыарқа», «Каспий» сынды Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құрылып, жұмыс істей бастады. Бұған қоса экономиканы әртараптандыруға тың серпін беретін «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында еліміздің әр өңірлерінен экономиканы алға сүйрейтін серпінді жобалар сұрыпталып, қазіргі таңда экономиканы ілерілетуші жобалардың құрылысы басталып та кетті.

Осы жылғы деректерге көз жүгіртсек, 2007 жылы Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 млрд. долларға жетті. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 триллион теңгені құрады. Отандық зейнетақы қорларындағы зейнетақы жиналымдарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсерді. Осы жылы Қазақстанда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Қазақстан - астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты.

Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикамызда үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары да осы жылы басталып кетті. 2007 жылы республика бойынша 65 мектеп ашылды. 2007 жылы еліміздегі орташа айлық көлемі 51 мың теңгеге, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы 35 мың теңгеге жетті.

Экономикамен қоса саясаттағы жаңғырулар да осы жылдың еншісінде үлкен рөл атқарды. Атап айтқанда, Елбасының тікелей бастамасымен Ата заңға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізіліп, 2007-ші жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заңымыз бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осыған орай жаңа құқықтық алаңда қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі тарқатып, сайлау өткізді.

2007 жылдың еншісіндегі Қазақстанның тағы бір жетістігі осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жетті. Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010-шы жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдауы болды. Бұл шын мәнінде халықаралық аренадағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға болды. Осы шешімімен әлемдік қоғамдастық Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында экономика, саясат, әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын танып, мойындады.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 16-шы жылдығын ел ішіндегі елеулі жаңалықтарымен ғана емес, халықаралық дәрежедегі салмақты қадамдарымен де табысты еңсере алды. 2007 жыл елді өмірдің қай саласында болмасын шыңдай түсті. Еліміз өркендеген және бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында салмақты түрде алға жылжыды. Елбасының сөзімен айтар болсақ: «Алдымызға қойған міндетіміз қанша қиын болса да, біз жаңа даму кезеңіне түстік. Тәуелсіздікті құру, экономиканы жетілдіру, тығырықтан шығу бір мәселе. Ал жаңа даму сатысына көтеріліп, ғылым мен білімнің шыңына жетіп, дүниедегі ең озық технологияны үйреніп, Қазақстанда енгізу - бұл басқа жағдай». 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000-нан аса құжатты қарап, қол қойған. Оның ішінде 127 заң, 274 жарлық, 91 өкім, әр түрлі мәжілістердің 10 хаттамасы, 1400-дей сараптамалық және ақпараттық-анықтамалық құжаттар, 150-ден аса азаматтардың өтініштері бар.

2007 жылдың еншісінде:

- Қаңтар айында Үкімет ауысып, жаңа Үкімет жасақталды. 12 қаңтар күні Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтті.

- 20 қаңтар - Қазақстанға АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни ресми сапармен келді. Елбасы мәртебелі мейманды Ақордада қабылдады. Сапар барысында екі ел ара­сынд­ағы ынтымақтастық мәселесі тағы бір електен өткізіліп, талқыға салынды.

- 29-31 қаңтар - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапар жасады. Сапар барысында ГФР Канцлері А.Меркельмен, Бундестаг төрағасы Н.Ламмертпен, ГФР Федералдық Президенті Х.Келлермен, ГФР экс-Канцлері Г. Шредермен, экс-Президенті Р. фон Вайцзекермен, Германияның қоғамдық-саяси және іскер топтары өкілдерімен кездесулері болып өтті. Сонымен бірге ҚР Cыртқы істер министрі М.Тәжин­нің ГФР Федералдық сыртқы істер министрі Ф.В. Штайн­майермен келіссөздері өтті;

- 13 ақпан - Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысына қатысып, баяндама жасады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының идея­сы әуел баста ұзақ мерзімдік үлкен жоба ретінде көзделгендіктен, өткен үш жылға арналған бағдарламаны осы жобаның бірінші кезеңі деп қарай отырып, қолға алынған көптеген ауқымды шараларды әрі қарай жалғас­тыру қажет. Өйткені, осының бәрі үлкен істің бастамасы ғана. Алда атқарылар шаруалар шаш-етектен екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Осыған байланысты бастаған ісімізді жүйелі жалғас­тыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министр­лігіне тиісінше 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама жасап, жүзеге асыруды тапсырамын. Мұны «Мәдени мұраның» жалғасы деп біліңіздер. Әрине, бұл салада жасалып жатқан істің бәрі тамаша деп өзімізді өзіміз мақтай беру міндет емес. Проблемалар баршылық, оларды осы үш жылғы тәжірибені пайдалана отырып, шешуге тырысу керек. Әсіресе, реставрациялық-жөндеу жұмыстарының сапасына мұқият болған жөн. Баяғыдай, биыл қыруар қаржы жұмсап жөндеп, жылға жетпей сылағы тү­сіп, кірпіші құлап, жәдігер-мұраларымыз қотыр тайға ұқсап қалып жүрмесін. Осы жағына абай болыңыздар. Сонан соң, құлан жортпас құла түздегі сол ескерт­кіштерімізді қалай пайдаланбақ ойдасыздар? Осыған орай арнайы Туризм және спорт министрлігін құрдық. Кімге көрсетпексіздер? Бұл да мықтап ойланатын мәселе. Яғни, жәдігер-ескерткіштерді жөндеумен қатар, қазірден бастап оларды ел игілігіне айналдыру жағын - туристік инфрақұ­рылым жасауды қолға алу керек. Қорыта айтқанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы ел тарихында, ұлттық тағдырымызда айрықша орын алатын әлеуметтік жоба болып қалары сөзсіз. Бұл баста­маның ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізетін құбылыстардың біріне айналғаны ақиқат», - деді жиын барысында Елбасы.

- 5 наурыз - Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станға жұмыс сапарымен келген Грузия Президенті Михаил Саакашвилимен кездесті.

- 10-11 наурыз - Елбасы Мысыр Араб Республикасының Прези­денті Хосни Мүбарактың шақыртуымен Мысырға сапар жасады. Сапар барысында Елбасы Абу Симбил қаласында тарихи ескерткiштермен, перғауындар заманынан қалған мұрамен танысты. Каирде Египет республикасының Президентi Хусни Мүбаракпен кездестi. Қазақстан перғауындар елiне бидайдан бөлек, металл, химия, мұнай өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн экспорттауға дайын екендiгiн жеткiздi. Каирде Президент Ислам теологиялық орталығына барып, тарихи орындарды аралады. Әсiресе, Сұлтан Бейбарыстың мешiтiне көңiл аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы Араб мемлекеттерi лигасының бас хатшысы Амро Мұсамен кездестi;

- 18 наурыз - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Ресей Федерациясының астанасы - Мәскеу қаласына келді. Кремльде екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесті. Президенттер кездесу барысындағы әңгімеде Қазақ­стан мен Ресей мүше болып табылатын ТМД, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арасында іс-қимылды тереңдету жөнінде де пікір алмасты;

- 19-21 сәуір - Алматыда алтыншы рет өткізілген Еуразиялық Медиа-Форумның жұмысына РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Евгений Примаков қатысты.

- 23 сәуір - Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин дүниеден өтті. Н.Назарбаев әрқилы, тіпті күрделі, қиын ахуалдарда 20 жылға жуық уақыт бойына қатар жүріп, қызметте үзеңгілес болған адамды соңғы сапарға шығарып салуға қатысты. Нұрсұлтан Әбішұлының Мәскеудегі азалы рәсімге қатысуы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілікті. Орталық Азияның басқа басшыларындай емес, Қазақстан президенті ресейдің бірінші прези­дентінің сіңірген еңбегіне лайықты ілтипатын білдіріп, қоштасып қалуды парыз санады.

- 10 мамыр - Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ресми сапармен Астанаға келді. Қазақстан мен Ресей басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізеді. Оның барысында ғарышты бірлесе игеру, отын-энергетика кешені, ядролық энергетика, көлік салаларында екі елдің өзара екі жақты іс-қи­мылы және ынтымақтастығы мәселелері талқыланды;

- 21 мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа Конституцияның қабылдануы саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігіндегі терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болды. Сөйтіп Қазақстан өзінің демократиялық дамуының жаңа кезеңіне берік тұғыр жасады. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заң бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтілді, жергілікті өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аудырылды

- 10 маусым - Санкт-Петербургте халықаралық дәрежедегі екі үлкен басқосу өтті. Оның біріншісі - ХІ Петербург халықаралық экономикалық форумы, екіншісі - ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті. Мемлекетаралық деңгейде өтіп отырған бұл екі басқосуға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

- Шілденің басында Мемлекет басшысы Астана қаласының индустриялық паркі аумағындағы 3 зауыт құрылысының іргетасына капсула қойып, серпінді жобалардың тұсауын кесті. Сол күні бағдарлама негізінде еліміздің сегіз аймағында жиырмаға жуық макрожобаның негізі қаланды. Жалпы 2007 жылы тағы да осындай сексенге жуық жобаға жол ашылды.

- 4 шілде - Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының кезектен тыс ХІ съезі өтті. Партияның бас форумында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Біздің партиямыз өзімен одақтас үш саяси күшті қатарына қабылдап, нығайды, сөйтіп бүгінгі күні жал­пыұлттық күшке айналды. Бұл шын мәнінде халықтық партия, ол - саяси салмағы мен қызметінің ауқымы жө­нін­де саяси жүйенің дербес тірегі, Қазақстандағы саяси үдерістерді тұрақтандырушы фактор», - деп атап өтті партияның Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

- 15 тамыз - Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті, жетінші отырысы өтті. Саммитке ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин, Қытай Халық Республи­касының Төрағасы Ху Цзиньтао, Қырғыз Республика­сының Президенті Құрманбек Бакиев, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты. ШЫҰ бұл жолы ақпараттық қауіпсіздік, есірткі қатеріне қарсы күрес, энергетика салаларындағы, сондай-ақ БҰҰ шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелеріне баса көңіл бөлінген декларацияны қабылдады.

- 17-18 тамыз - Қазақстанға ресми сапармен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао келді;

- 18 тамызда - Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы жаңа Конституция қабылдануына орай тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті. Сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылардың 88 пайыздан астам дауысын алған «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті. Қалған партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық межені еңсере алмады. Сөйтіп заңға сәйкес, Мәжілістегі 98 орынды «Нұр Отан» партиясының мүшелері иеленді;

- 24 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйледі;

- қазан айында - 2008-2010 жылдарына арналған «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілді;

- 1 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түрік Респуб­ликасына ресми сапары болды. Анкарада Қазақстан Президенті Түркия Президенті Абдулла Гюлмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев Абдулла Гюлді президент лауазымына сайлануымен құттық­тады;

- 6 қараша - елдің жедел жаңару тарихында «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының ресми бастау алған күні ретінде енді. Жалпы бағдарламаға 97 жоба енді. Олардың жалпы құны 60 млрд. доллар;

- 16 қараша - Испания астанасы Мадридте өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің отырысында Қазақстанның 2010-шы жылы аталған ұйымға төрағалық етуі бірауыздан қолдау тапты;

- 20 желтоқсан - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Мәскеу қаласына барды. Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесіп, екі елдің стратегиялық әріп­тестігін және интеграциялық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді тал­қылады.

Жалпы 2007 жылы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары бағдарламасы», Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

Соңғы жаңалықтар