«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2006 жыл - Қазақстан өз дамуында жаңа серпіліске ұмтылады»

None
None
ТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздіктің 15 жылдығын жас Қазақстан бақуаты беки түскен елдердің қатарында қарсы алды. Сындарлы саясаттың арқасында елдің ішкі әлеуеті артып, халықаралық аренадағы елдің беделі жоғарылай түсті. Әлем Қазақстанның қарымды қуатын ғана емес, қайратты саясатын, сауатты жолын мойындап, небір түйінді мәселелерде Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттің тың бастамасымен санаса бастады.

Осы жылы Финляндия бәсекеге қабілеттіліктің Давостық индексінде өз көрсеткіштері бойынша көш басында тұрса, одан кейінгі қатарда АҚШ, Швеция, Тайвань, Норвегия, Исландия, Сингапур, Австралия, Канада, Швейцария, Жапония,Ұлыбритания, Германия және Израиль орын тепкен болатын. Ал 2005-2006 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстан 117 елдің ішінде 56 орынды иеленді. Бұл көрсеткіш ТМД-ның барлық мемлекеттерінен Қазақстанның озық келе жатқанын айғақтады. Әрине, тәуелсіздік тудырған сындарлы реформаның, ұлттық жаңғырудың арқасында елдің мерейі де үстемдікке қол соза бастады. Халықаралық рейтингтік агенттіктерден еліміздің аты атала бастауы да соны аңғартады. Ал ішкі жағдайға келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активі 2006 жылғы 1 қарашадағы мәліметі бойынша 12 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Қордың негізгі түсімдері шикізат секторы ұйымдарының түскен жоспардан тыс кірістерінен түсті.

Осындай байлықтың арқасында әлеуметтік саясат жаңа арнаға бұрылды. Мәселен, 2006 жылы еліміздің білім беру саласына 344 млрд. теңге жұмсалды. 2006 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің жылдық өсімі 7,1 пайызды құрады.Статистика агенттігінің мәліметіне орай жыл соңында еліміздегі инфляциялық өсім 0,8 пайызға жетті. Ұлттық экономиканың қауқарын саралай келе, Елбасы осы жылғы жолдауында мемлекеттің жаңа жаңғыру жолын нұсқап, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірігу стратегиясын жариялады. «Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр.
Мен өзіміздің әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер тобының ішінен орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздер мыналар деп білемін. Біріншіден, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл - жеке меншік институты мен келісім-шарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылығы мен іскерлігіне негізделген экономика.
Екіншіден, біз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған қоғам, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам құрудамыз. Үшіншіден, біз еркін, ашық әрі демократиялық қоғам орнатудамыз.
Төртіншіден, біз дәйекті түрде саяси тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесіне негізделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта береміз. Бесіншіден, біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз. Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз. Алтыншыдан, біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.
Жетіншіден, біз өз елімізді халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде қарастырамыз, ал мұның өзі біздің аса маңызды басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарып отыр», - деп түйіндеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жолдауда Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына қарай қадам басуы жолындағы негізгі басымдықтарын ұсынды. Бұл да елдің ұзақмерзімді айқындалған даму стратегиясының айқын бөлігі еді.

Яғни, тәуелсіздіктің 15-інші жыл еліміздегі саяси-экономикалық реформалардың жүзеге асу барысын одан әрі жетіліп, сонымен қоса демократиялық үдерістермен үндесе дамуға бет бұрған жыл ретінде есте қалды. Осы жылдың басында былтырғы желтоқсан сайлауындағы жеңісінен кейін таққа отыру ұлықтауы өткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев салиқалы сыртқы саясатты одан әрі жалғастыруға кірісті. Соның нәтижесінде индустриялық серпінді жобалардың жүзеге асуына септік болатын елге инвестиция тарту мәселелері оңтайлы шешімін тауып, кейінгі жылдардың жемісті болуларына негіздер қаланып жатты. Президенттің шетелдік сапарлары сәтімен өтіп, оның ішінде еларалық байланыстардың ықпалды шаралары жүзеге асты. Әсіресе, 2006 жылдың еншісіндегі толайым дүниенің бірі Елбасы Н. Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болатын. Өйткені дәл осы жылы Президент Н. Назарбаев алыстағы АҚШ мемлекетіне ресми сапар жасап, онда ол әдеттегі мемлекет басшылары орналасатын резиденциялардың біріне емес, осынау алып мемлекеттің Президентінің әкесінің үйіне қонған болатын. Әлемдік саясаттағы ықпалды, алпауыт елдің Қазақ халқының басшысын іш тарта қабылдауы елімізге, Елбасыға көрсетілген ерекше құрмет болатын. Ал бұндай ерекше жоғары құрмет соған дейін де, содан кейін де бұрынғы КСРО мемлекеттерінің бірде-бірінің басшысына бұйырмағанын айта кеткен орынды деп білеміз. Түптей келгенде, 2006 жылғы Н.Назарбаевтың Америкаға сапары еліміздің, ұлтымыздың құрметін арттырып, келешегінің жарқын болуына негіз қалағаны даусыз. Оның қаржы-экономи­калық пайдалылығынан бөлек басқа елдермен ықпалдастықты арттыруға да септігі тигені айдан анық болатын. Мәселен, сыртқы саясаттың сарапшылары дәл осы АҚШ-пен Қазақстанның стратегиялық қарым-қатынасы орныққаннан кейін Қытай басшы­лығы да екі ел арасын­дағы байланысты стратегиялық деңгейге көтеруге мүдделі екенін дүркін-дүркін көтере бастағанын алға тартады. Бұның сыртында Ресеймен ежел­ден стра­тегиялық әріптес болғанымыз бар. Осыны ескерсек, әлемнің үш алыбымен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстанның келешегі де зор болатыны күмәнсіз еді. 2006 жылдан кейінгі жағдайға көз салсақ, Қазақстанға енген шетелдік инвес­тицияның көлемі 100 миллиард доллардан асып жығылған екен. Бұл да осы кезеңдер арасындағы сауатты һәм дербес саясаттың жемісі.

Осы жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі елордада қайта жалғасып, Қазақстанның діни кеңпейілдігін әлемдік өркениет мойындай түскен еді.


2006 жылдың еншісінде:

- 2006 жылдың қаңтарында - мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтың сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н. Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі - Н.Ә.Назарбаев;

- 11 қаңтар - Астанадағы «Ақорда» резиденциясында Қазақ­стан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі болып өтті. Қазақстан Президентін ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Астанаға әлемнің 70-тен аса елінен өкілдер келді.

- 28 қаңтарда - Елбасы «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» акционерлік қоғамын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент холдинг басшылығы алдына мынадай өзекті стратегиялық міндеттер қойды: корпоративтік басқаруды жақсарту арқылы ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру, демек, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігі мен басқару деңгейін арттыру есебінен ел экономикасының өсуі жеделдетіледі. Жеке меншік сектордың компанияларына үлгі бере отырып, корпоративтік басқару сапасын жақсарту қажет, мұның өзі тұтастай алғанда қаржы жүйесінің ашықтығына жеткізеді;

- 19-20 наурыз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан мемлекетіне ресми сапармен барды. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республи­касының Президенті Ислам Каримов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Алдымен мемлекет басшылары екеуара кездесіп, екі елге ортақ өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, халықаралық лаңкестікпен, діни экстремизммен және есірткі тра­фигімен күрес мәселелері де бар. Бұдан кейін тараптар мемлекет басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөз үстеліне отырды;

- 15 маусым - Шанхай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшыларының мере­келік саммиті өтті. Оған Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев қатысты. Кездесу барысында өңірдегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Мемлекет басшылары ШЫҰ бес жылдық Декларациясы мен халықаралық ақпарат­тық қауіпсіздік туралы Мәлімдемеге қол қойды;

- 17 маусым - Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) екінші саммиті өтті. Саммит барысында АӨСШК екінші саммитінің Декларациясы қабылданып, Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселе­леріне ортақ көзқарас білдірілді. Аталған шара шеңберінде АӨСШК хатшылығының құрылуы және оның Алматыда орналасуы туралы шешім қабылданды. Азиядағы өзара іс қимыл және сенім шаралары кеңесінің ІІ саммиті туралы «Би-Би-Си», «Ассошиэйтед пресс», «Синьхуа», «Әл-Жазира» секілді азулы ақпарат құралдары хабар таратты. Ең үлкен топ - 30 тілші көршілес Ресейден келді;

- 30-31 тамыз - ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың Түрік­менстанға сапары өтті. Қазақстан Республикасы сыртқы саяси ведомствосының басшысы Түрікмен­стан Президенті С.Ниязов пен Сыртқы істер ми­нистрі Р.Мередовтың қабылдауында болды. Қа­зақстан - Түрікмен шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі жөніндегі Шарттың ратификациясы туралы грамоталармен алмасу жө­нін­дегі хаттамаға қол қойылды;

-Қыркүйек айында - Әлемнің дәстүрлі діндер басшылары Астанада екінші рет бас қосты. Олар жер жүзінің барлық адамдарына бейбітшілік, қайырымдылық және келісім мұраттарын таратушы мемлекеттің астанасы ретінде Қазақстанның жаңа астанасына бата берді. Бұл жолы да әлемдегі соғыстар, апаттар мен сілкіністер таусылмай тұрғанда Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы діндер кездесетін жерге айналды;

- 26-29 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары өтті. Сапар шеңберінде АҚШ Президенті Дж.Бушпен, АҚШ Конгресі палаталарының өкіл­дерімен, басты министрліктер мен ведомстволардың, ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен, көрнекті қоғам және діни қайраткерлерімен кездесулер болды. «Қалыптасқан дәстүр бойынша Н.Назарбаев өзінің АҚШ-қа ресми сапары қарсаңында қазіргі Президенттің әкесімен жолығуға бел буды. Өткенді еске алып, қазіргі жайттарды талқылап, әрі Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының келешегіне көз жіберуді ойлады. Мэн штатының Кеннебанкпорт қалашығында орналасқан, Атлант мұхитының тура жағалауында тұрған үйде президентті Джорж Буш пен оның зайыбы Барбара жылы қарсы алды. Бұл кездесуге АҚШ-тың 41-ші президентінің ескі досы және үзеңгілесі, белгілі саясаткер, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы арнайы кеңесші Брент Скоу­крофт шақырылды. АҚШ-тың бұрынғы президенті мен зайыбы Нұрсұл­тан Әбішұлына және онымен бірге жүрген адамдарға Қазақстан басшысы қонып шығатын бөлмені көріп шығуды ұсынды. Барбараның өзі жылытқыштардың қосылғанын, перделердің дұрыс ілінгенін тексеріп шық­ты. Сосын ол көрпе-жастықты түзеп, аналық мақта­ныш­пен: «Сіз АҚШ-тың қазіргі президенті жатқан төсекте ұйықтайсыз», - деді. Нұрсұлтан Әбішұлының жауабы шұғыл болды: «Бұл төсекте сіздің келініңіз Лора Буштың жатпағаны қандай жақсы болды». Көптің күлкісі арасында Барбара: «Менің келінім көрші төсекте жатқан», - дейді. Үш ұл, соның ішінде әлемдегі ең қуатты да, ықпалды мемлекет басшысын және ірі штаттың губернаторын тәрбиелеп өсірген президенттік отбасымен қоштасып, осы елдің 43-ші президенті Дж.Бушпен кездесіп келіссөздер жүргізу үшін біз АҚШ астанасына ұшып кеттік», - деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр мен көлеңке» атты еңбегінде.

- 29 қыркүйек - АҚШ-тағы Ақ үйде екі жақты қарым-қатынастардың келешегі үшін айрықша маңызға ие болған Қазақстан-Америка жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Президент Н.Назарбаевты Дж.Буш: «Менің досым, сені Вашингтонда көргеніме қуаныштымын!», - деп жылы ықыласпен қарсы алды. Н.Назарбаев: «Сіздің әке-шешеңіздің сәлемін жеткіземін. Олар маған Сіздің төсегіңізге қонып шығуға рұқсат етті»,- деп жауап қайтарды. Дж.Бушқа кезде­судің бұлай басталуы ұнап қалды.

- 15 қарашада - Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге жаңа басылыммен қайта шықты;

- 17 қараша - Президент Н.Назарбаев Анталья қаласында (Түркия) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыла­рының VIII саммитіне қатысты. Саммит барысында «Анталья декларациясына» қол қойылды. Бұл жолғы басқосуға Түркия президентi Ахмет Неджет Сезар, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзiрбайжанның елбасы Ильхам Әлиев және Қырғыз елiнiң мемлекет басшысы Құрманбек Бакиевтер қатысты.

- 20-22 қараша - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары болды. Сапар барысында Елизавета II Королевасы, Премьер-Министр Т.Блэйрмен және Британияның саяси және іскер топтарының танымал өкілдерімен кездесулер өтті. Н.Назарбаев Т.Блэрдің өтініші бойынша Орталық Азиядағы жағдайға сипаттама бере келе, энергетикалық ресурстарды тасымалдау проблемаларын тілге тиек етті.

- 19-22 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік сапармен Қытайға барды. Қытай басшысы Н.Назарбаевпен келіссөздер мен кездесулерге жоғары мән береді. Қазақстанның ұлттық мүдделері үшін барынша маңызды жаңа уағдаластықтарға қол жет­кізілді.

2006 жылы академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Ақтөбеде Ғ.Жұбанова атындағы филармония алдында А.Жұбановтың ескерткіші қойылды.
Жалпы 2006 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 15 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толды.

Соңғы жаңалықтар