«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2005 жыл -Елдің Елбасын таңдаған жылы»

None
None
ТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елі төрткүл дүниеге береке бірлігімен, бекем тірлігімен танылып келеді. Осындай бірлік пен тірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында аз ғана жылдар ішінде қыруар шаралар тындырылды. Ел тәуелсіздігінің 14-ші жылына дейінгі кезеңнің өзінде алдағы жүрер жолы толық айқындалып, мемлекеттілік үшін маңызды шешімдер қабылданып үлгерді.

Сонау егемендіктің алғашқы онжылдығы ішінде сараланған ұзақмерзімді стратегиялық бағыт жыл сайын арманнан шынға айналып, жұртшылыққа да жақын әрі түсінікті бола бастады. Бұның құрғақ қиял емес, анық бағдар екенін халық та жыл өткен сайын сезінді.

Ең бастысы 2005 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі экономикалық‑әлеуметтік дамуы қарқынды қалыпқа түсіп, сыртқы сауда байланысы жандана бастады. Сыртқы елмен сауда саттық қана емес, саяси ықпалдастық пен ынтымақтастық мәселелерінде де көпвекторлы қазақстандық дипломатия өзінің білгірлігін танытты. Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындаған жолы, ұстанған бағыты бойынша Орталық Азия елдерінің ынтымағына қатысты қадамдар ерекше жаңғырды. Өз бастамасымен дүркін‑дүркін кездесулерге ұмтылған Елбасы Орталық Азия елдерінің тұтастығына, бірлігіне баса мән беріп келген болатын. Сондықтан да, Орталық Азия елдерінің одағын құру ұсынысы бірнеше мәрте көтерілді. Дегенмен көршілес елдер тарпынан нақтылы нәтиже, батыл қадамдар болмағандықтан басталған істің баяндылығы байқалмады. Бірақ дәл осы мәселенің уақытылы әрі өзекті болғанын көптеген саясаткерлер мойындап та жүр.

Расында Қазақстанның осы жылдардың өзінде‑ақ бағындырған биіктері Орталық Азия елдерінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де көшбасшы ретінде танылды. Мәселен, Қазақстанның қаржы жүйесі топжарғандар қатарына шықты. ТМД елдерінің ішінде бірінші болып, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, сыртқы қолайсыз факторларға тәуелді болмау үшін Ұлттық қор құрған Қазақстанның табысы арта түсті. 2005 жылдың басында Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталса, осы қаражатты қоса есептегенде, еліміздің алтын-валюта резервтері 14 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізудің нәтижесінде Қазақстан әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін ене бастады. Бүкіл дүниежүзілік банктің сыныптамасы бойынша 2005 жылы Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына кірді.

Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатты мығымдауға, әлемдік өркениетті елдермен ынтымақтастықты дамытуға бағдарланған сапарлары 2005 жылы да тынымсыз жалғасып жатты. Бұлардың ешбірі де нәтижесіз болмады. Жоғары деңгейде өткен бұндай кездесулерінің қай-қайсысында болсын Мемлекет Басшысы бұрынғыдан да экономикасы нығайып, жағдайы тұрақтанған, заңы бекіп, ішкі құрылым тұрақты жұмыс істеуге көшкен, ғылым мен өндірістің ұштасып, жерасты байлықтарын еселеп өндіруге шамасы келетін жаңа Қазақстанға шетелдік компаниялардың назарын одан әрмен аударуға тырысты. Ал ондай келіссөздердің нәтижесінде жасалған келісімшарттардың пайдасы кейінгі жылдары анық байқала бастады. Қазақстан Орталық Азия елдері арсында инвестицияға аса тартымды мемлекет ретінде ғана емес, шетелдік инвесторлардың ұзақ жылдарға келіп, қызмет етуіне де қолайлы ел ретінде таныла білді. Бұның өзі еліміздегі индустриялды-инновациялық жобалардың қарқын алуына өз септігін тигізгені айқын.

Жыл сайын жариялау дәстүрге айналған Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қалың жұртшылық 2005 жылы да аса ықыласпен қабылдады. Бұл жылғы Жолдауды Мемлекет Басшысы тәуелсіз Қазақстанның өткен кезеңдерін саралай келе, бүгінгі жетістіктерді алдыға тартып, алдағы кезеңдерде атқарылуы тиіс міндеттерді айқындады. «Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Биылғы жылы кепілді тегін медициналық көмек көлеміне жұмсалатын мемлекеттің шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсті. Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды», ‑ деді Елбасы осы Жолдауында. Сонымен қатар, Президент таяу жылдардағы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жөніндегі өзінің пайымы мен көзқарасын ортаға салып алдағы алынбаған асуларға жол сілтеп: «Жүрер жолымыздың жеңіл боларына мен бұрынғы жылдардағы сияқты бұл жолы да уәде бере алмаймын. Реформаларды жүргізу тактикасы, оларды жүзеге асырудың мерзімдері мен тетіктері жөнінде біздің көзқарастарымыздың әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси бірлестіктерді ортақ прогресс пен еліміздің болашағы жолында бірлесуге шақырамын», ‑ деді.

2005 жылы Қазақстанның ішкі саяси үдерісінде орын алған ерекше оқиғаның бірі - Президент сайлауы. Осы жылдың желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды. Өзінің жеңісін ел алдында жариялай отырып, Елбасы: «Бұл жеңіс - халықтың жеңісі» деп атап өтті.

2005 жыл:

‑ 12 қаңтар ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыда Қазақ­станға жұмыс сапарымен келген Ресей Президенті В.Путинмен кездесті. Кездесуге орай болатын келіссөз барысында тал­­қы­­­ланатын шекара мәселесіне байланысты Қазақ­стан Президенті былай деп атап көрсетті: - Кейбі­реулердің ойлап жүргеніндей, әңгіме демаркация туралы емес, делимитациялау жайында. Шекара іс жүзінде бұ­рынғы қалпын сақтап қалады және Ресейден Қазақ­станға және кері бағытта азамат­тары­мыздың келіп-кетуі бұрынғыдай еркін болады. Осылай дей келе Нұрсұлтан Назарбаев 7,5 мың шақы­рым бойынша шектесетін көршілес екі ел қарым-қатынас пен өзара іскерлік байланыс үшін халықаралық нормаларды сақ­тайтынын айтты;

‑ 4 ақпан ‑ ЕурАзЭҚ ұйымына мүше мемлекеттердің вице‑­премьерлері кездесті. Қазақ­стан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан мүше болып табылатын осы ұйымның шеңберінде өкілдер интеграция­лық комитеттің 22-ші отырысын өткізді. Сол жолы 6 негізгі құжатқа қол қойылды;

‑ 25 ақпан ‑ Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қа­тысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері Ке­ңесінің отырысы өтті.
Осы күні Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерін қа­былдады. Президентпен кездесуде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қасым­‑Жомарт Тоқаев, Қытай Халық Республи­касы­ның Сыртқы істер министрі Ли Чжаосин, Қырғыз Рес­публикасы Сыртқы істер министрі Асқар Айтматов, Ресей Федерация­сының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Талбақ Назаров, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Эльер Ганиев және Шанхай ын­тымақтастық ұйымы­ның атқарушы хатшысы Чжан Дэгуан болды. Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен әңгіме кезінде ұйым шеңберіндегі ынты­мақтастықты дамыту мәселелері деңгейінде жоғары баға берілді, сондай-ақ, ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының алдағы болатын саммитіне әзірлік барысы талқыланды;

‑ 15-17 наурыз ‑ ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев БҰҰ Бөлім­шесі басшылығының шақыруымен Женевада өткен БҰҰ адам құқығы жөніндегі комиссиясының 61-ші сессиясының жұмысына сондай-ақ, Қарусыздандыру конференциясына қатысты.
Қасымжомарт Тоқаев конферен­цияға қатысушыларды Президент Н.Назарбаевтың Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасын іске асыру барысы туралы да хабардар етті. Қатысушылар министрдің сөзін зор ынтамен тыңдады және дипломатиялық корпус өте жоғары бағалады. Қ.Тоқаев БҰҰ Женева бө­лімшесінің бас директоры С.Орджоникидземен кездесті. Ол Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына жоғары баға берді;

‑ 24 наурыз ‑ Астанада Еуразиялық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің Премьер-министрлерінің басқосуы өтті.
Қазақстан Үкіметінің басшысы Даниал Ахметов төрағалық еткен жиын барысында қауым­дастық елдерінің интеграциялық әріптестік мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық, энер­гетикалық, әлеумет­тік, басқа да салалардағы мә­се­­лелер талқыланды;

‑ 30 наурыз - 1 сәуір‑ Қазақстанға мемлекеттік сапармен Грузия Президенті М.Саакашвили келді. Қонақты Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев қабылдады. Грузия Пре­зиденті осы жолы Қазақстанмен мұнай, газ тасымалымен айналысатын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіссөздерді бастау қажеттігін пысықтады. Грузия прези­ден­тінің сапарының соңында екі ел президенті терроризммен, есірткі тасымалы, басқа да қылмыс түрле­рімен күрестегі әріптестік туралы келісімдерге қол қойды. Нұрсұлтан Назарбаев әріптесінің тығыз ынтымақ, әріптестік орнату ниетіне жауап ретінде Қазақстан мен Грузия арасындағы әріптестікке саяси, экономикалық кедергі жоқ деп есептейтінін мәлімдеді;

‑ 18-19 мамыр ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қытайға сапары барысында ҚХР-дың бұрынғы Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесті.
Цзян Цзэминь Н.Назарбаевты «Чжуннаньхай» сарайының аумағындағы өзінің резиденциясында қабыл­дады. Цзян Цзэминь байырғы досының әрі сенімді серіктесінің келгеніне қатты қуанды;

‑ 24 мамыр ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Әзірбайжан Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында бірқа­тар құжаттарға, соның ішінде Стратегиялық серік­тестік және одақтас қатынастар туралы келісімге қол қо­йылды. Келіссөздер қоры­тын­дысында Қазақстан мен Әзірбайжанның ынтымақтас­тығын дамытып, байланыстарын нығайтуды көздейтін алты құжатқа қол қойылды;

‑ 9 маусым ‑ Елбасы Н. Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабының таныстырылымы болып өтті. Елбасы өз кітабының таныстырылымында: «Жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын аттай отырып, еліміздің ұлттық мүддесін ескере отырып, тарихымызда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанымыздың елордасы қай жерде орналасатындығы туралы шешім қабылдадық, оның саяси және ұрпақтар үшін өнегелік мәні зор. Бұл таңдау арқылы салынған Астана еркін және тәуелсіз болған егеменді елдің ерік-жігерін сипаттай алды» деді;

‑ 21 маусым ‑ Мәскеуде ҚР Президентінің қатысуымен ЕурАзЭҚ қатысушы мемлекеттер басшыларының Мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібі бойынша өзара интеграциялық байланыстардың кең ауқымды мәселелері қаралды. Атап айтқанда олардың қатарында ЕурАзЭҚ-ты 2003-2006 және одан кейінгі жылдарда дамытудың басым бағыттары, оның ішінде Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінің суэнергетикалық қорларын тиімді игеру, мемлекетаралық банктің халықаралық инвес­тициялық-несиелік және есеп айырысу ұйымы функ­цияларын жүзеге асыру сияқты мәселелер бар;

‑ 3 шілде‑ Қазақстанға ресим сапармен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао келді. Қонақты Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев қабылдады.
Келіссөздерден соң екі ел басшылары стратегиялық әріптестік туралы декла­рацияға қол қойды;

‑ 5 шілде ‑ Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 10-шы отырысы өтті. Отырыс барысында Пәкiстанға, Иранға және Үндістанға ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді;

‑ 24 тамыз‑ ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райстың шақыр­туымен АҚШ-қа ресми сапармен барды;

‑ 6 қыркүйек ‑ Алматыға АҚШ-тың бұрынғы президенті Б.Клинтон жеке сапармен келді. Бұл сапарында ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен кездесті. «Жаһандық қордың» басшысы ретінде Б.Клинтон Президент Н.Назарбаевпен түн ішінде келіссөздер жүргізіп, АҚТҚ/ЖҚТБ індетіне қарсы күрес жүргізу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды;

‑ 2-4 қазан ‑ ҚР Президенті Н. Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды. Сапар барысында ол Грузия Президенті М.Саакашвилимен және Грузия Парламенті Төрайымы Н.Бурджанадземен кездесті.
Сонымен қатар, Президент сапары барысында Қазақстан мен Грузия Үкіметтері екі ел арасындағы 2006-2010 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламаға, сонымен бірге Әуе қатынасы жөніндегі үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қою рәсімі болды;

‑ 6 қазан‑ Санкт-Петербургте «Орталық Азия ынтымақтас­тығы» ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыла­рының саммитінде аталмыш ұйымның ЕурАзЭҚ-мен бірігуі туралы шешім қабылданды. Іс-шараға ҚР Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев қатысты;

‑ 12 қазан ‑ Елімізге екі күндік сапармен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс келді. Сапар барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
Кездесу барысында К. Райс Н.Назарбаев­тың атына біраз мақтау айтып, оның Қазақстан мемлекеттілігінің алғашқы кезеңдерінде елді табысты басқарып, Қазақстанды Орталық Азия өңірінің көшбас­шысы, қауіпсіздік пен экономикалық реформалар жағы­нан жетекші елге айналдырғанын мәлімдеді. Ол президент сайлауы қарсаңында «Қазақстан демократиялық болашаққа Орталық Азияны өзінің соңынан ерте білу­дің және Америка - Қазақстан қатынастарын жаңа деңгейге көтере білудің айрықша мүмкіндігін иеленіп отыр» деген үмітін білдірді; ‑ желтоқсан айында ‑ Астанада қайталанбас өзіндік ерекшелік беретін жаңа бірегей ғимараттар құрылысы басталды. Соның бірі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хан шатыр» атты болашақ сауда-ойын-сауық орталығының алғашқы кірпішін қалауға қатысты;

‑ 4 желтоқсан ‑ Елімізде Президент сайлауы өтті. Қазақстан Республикасының Президентін сайлауында Нұрсұл­тан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетіп, қайта сайланды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша: Президент сайлауы елдің 9 мың 580 сайлау учаскесінде өткен. 8 миллион 880 мыңнан астам сайлаушының 77 пайыздан астамы (6 миллион 850 мыңы) дауыс беруге қатысты. 14 мың 447 учаскеде кәдімгі қағаз бюллетеньдермен қатар электронды тәсілмен дауыс беру қол­данылған. Орталық сайлау комиссиясына 9 мың 542 сайлау учаскесінен келіп түскен мәліметтер бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 91,01 пайыз дауыс жинап, қарсыластарынан басым түсті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті: « - Бүгін ел тарихында өте бір елеулі кезең: Қазақстан халқы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, өз Президентін сайлады. Қазір дүниежүзінің барлық ақпа­рат құралдары «Назарбаев жеңді!» деп хабар таратып жатқанын білесіздер. Бірақ мен бұл жеңіс халықтікі екенін айтар едім. Қазақстан халқы тәуел­сіздігіміздің болашағы үшін, ел бірлігі үшін, мемлекетіміз ішіндегі тыныштық үшін бірауызды бола алатынын осылайша танытты. Екіншіден, мұны тәуелсіздігіміздің 14 жы­лындағы менің істеген қызметімді халықтың мақұл­дауы деп бағалауға болады. Үшін­шіден, жария еткен бағ­дарламаларымды алдағы 7 жыл ішінде жүзеге асыруға елім маған осылайша мандат беріп отыр. Ел экономи­касының жаңаруы, Қазақстанның әлемнің ең озық да­мыған елу мем­лекетінің қатарына қосылуы, ол үшін индус­триялық-инновациялық стратегияны іске асыру, ауыл шаруа­шылығын жаңа деңгейге шығару, тұрғын үй құры­лысын дамыту, денсаулық сақтау және білім салаларына бағытталатын қаржыны үш еселеу, жалақы, зейнетақы және студенттер шәкіртақысын алдағы жылдары екі есе өсіру, орта және шағын бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 20 пайыздан 40 пайызға жеткізу осының бәрі енді менің мойнымда» деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар