Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2004 жыл - Бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт!»

None
None
ТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Тәуелсіздігінің бір мүшелінде елдің барлық дерлік саласындағы табыстары толайым болды. 2004 жыл ұлттық экономика қарышты өсімді бағындырды. Бір кездері бой бермей төске өрлеген жұмыссыздықтың деңгейі де ауыздықталды, жұмыссыздар саны төмендеді, мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты саясаты мығымдалып, жәрдемақылық төлемдер мөлшері біршама артты. Бұл Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі әлеуметтік‑экономикалық саясаттағы жетістігі ғана емес еді.

Расында 2004 жыл - бұрынғы кеңестер «шинелінен» шыққан тәуелсіз мемлекеттер шеңберінде экономикалық, саяси дағдарыстар дірілі әлі де басылмаған шақ еді. Кейбір елдерде экономикалық қиындықтар толқыны шарпылып, саясатта тығырықтан шығу жолдары тұйыққа тіреле бастағанда Қазақстанды әлемдік қауымдастық қарыштап дамушы мемлекет ретінде көре бастады. Мәселен, сол 2004 жылғы наурыз айының басында «Оксфорд аналитика» британ компаниясы өздерінің экономикалық талдауын жариялап, онда Қазақстан транзиттi экономикасы бар мемлекеттердiң арасында аршынды дамып келе жатқан елдердiң бiрi ретiнде аталып өтіледі. Осындай талдаудың өзі ТМД‑дағы әріптестеріне қарағанда Қазақстандағы реформалардың оқ бойы озғанын білдірді. Әлгі британның тәуелсіз талдауларында 2004 жылдың басында-ақ осы жыл бойына Қазақстанның көшбастаушы тұғыры сақталатыны жайында болжам жасалыпты. Бұл да елдің еркін дамудағы даңғылына түскенін білдірсе керек. Тағы бір мысалға көз жүгіртсек, осы жылғы зерттеулер нәтижесінде әлеуметтiк-экономикалық дамудағы табыстарының негiзгi өлшемдері бойынша Қазақстан Орталық Еуропаның бiрқатар елдерiне барынша жақындай түсуге мүмкiндiк алып, бірқатар Оңтүстiк-Шығыс Еуропа елдерiнен iлгерiлеп кеттi. Дәл осы жылдың қорытындысына орай Бүкiлдүниежүзiлiк Банктiң сыныптамасы бойынша Қазақстан ендiгi жерде орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердiң тобына жататын болып есептелді.

Десе де, Қазақстанның қарышты дамуына ең алдымен ұлттық байлығымыз, қазақтың «қара алтыны» - мұнайдың септігі мол болғанын айту керек. Расында экономиканың өрлеуі мен ұлттық әл-ауқаттың көтерілуіне мұнай қаражатының әсері аз болмады. Оның ішінде де әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсатының кеніші Қарашығанақ болса, 2004 жылы осы алып кенішке 25 жыл толған болатын. Бүгінде оның қоры 1,2 млрд. тоннадан астам сұйық көмірсутегі және 1,3 трлн. текшеметрден астам газ көлемінде болып отыр. Тоқтала кетейік, кенішті игеру 1979 жылы ашылғаннан кейін 5 жылдан соң барып басталған болатын. Ұлттық тәуелсіздіктен бергі кезеңде ел игілігіне қарай сауатты жұмсалып, экономикалық һәм әлеуметтік дамуда көп демеу болған мұнай Жаратқанның қазаққа тартқан сыйы іспеттес еді. Әйтсе де ондай кеннің көзіне баланысты «мұнай долларлары», «экономиканың ентігуі» секілді «ауруларға» көптеген елдің ұрынып жатқанын еске алсақ, бұл үлкен сауаттылықты талап ететінін ұғына түсеріміз анық.

Дәл осы мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық дүниесі де осы 2004 жылы орын алғаны белгілі. Атап айтар болсақ, 2004 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде Қытай мен Қазақстанның ұлттық мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Мұнай құбырының іргетасы сол жылдың 28 қыркүйегінде қаланды. Осы жылғы әлемнің ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы осынау қадамды жарыса жазып, Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімді «ғасыр жобасы» ретінде атаған болатын. Расында келісімнің маңызы, оның ішінде елдің ішкі әлеуеттік мәнімен қатар, халықаралық саясат сахнасындағы маңызы зор болатын. Бұнда мұнай өнімдерін сату арқылы тиімді сауда‑саттық базасын құру ғана емес, жақын, алыс көршілермен, әлемдік алпауыттармен Қазақстанның теңдей дәрежеде сөйлесе алатындығын таныту еді. Сондықтан да, «ғасыр жобасының» ішкі ғана емес, сыртқы саясаттағы жетістігі де орасан зор болатын. Ал Қазақстанның алғашқы мұнайы Қытайға 2006 жылдың 25 мамырында құйыла бастады. Атасу (Қазақстан) мен шекаралас пункт Алашаңқай (Қытай) арасын жалғап жатқан осы мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 млн. тоннаға дейін мұнай экспорттау мүмкіндігіне ие болды.

Сөйтіп, 2004 жылы немесе өз Тәуелсіздігінің 13-і жылы Қазақстан ұлттық экономикасын түпкілікті реформалауға бағыт ұстанып, қысқа мерзімнің ішінде нарықтық реформаларды сәтті жүргізе білді. Жан-жақты дамудың тетігі кәсіби Парламенттің қабылдаған заңнамаларымен қамтамасыз етілді. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, 1994 жылдары елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 700 доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол 2 мың 700 долларға жетті. Бұған қоса, ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізген еліміздің осы бағыттағы жетістігіне де әркім қызығар еді. 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда, 3 еседен астам өсім деген сөз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен ТМД ауқымымен шектелген Қазақстанның сыртқы саудасының географиясы да біршама тарамдала түсті. Бұл ретте Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты. Осылайша Тәуелсіздігінің мүшел жасында Қазақ елі әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін енуге ұмтылды. 2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты. Мінеки, осындай жетістіктерді саралап, келешекке көз жүгірткен Мемлекет басшысы стратегиялық міндет ретінде бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алуды діттеді. Бұндай міндеттің басым бағытын Елбасы Н. Назарбаев 2004 жылғы 19 сәуірде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жария еткен болатын. Бұл Жолдауында Президент: «Ендiгi жерде күн тәртiбiндегi мәселе әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы, бiздiң экономикамыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы және қазақстандық ғалымдардың, менеджерлердiң, бизнесшiлердiң, мамандардың, жұмысшылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы болып отыр. Бұл мiндеттi шешу үшiн бiздiң экономикалық, сондай-ақ әлеуметтiк салаларда да еуропалық стандарттарға жету стратегиясын әзiрлеуге кiрiсуiмiз керек», - деп атап өтіп, бірқатар негізгі бағыттарды айқындады. Бәсекеге қабілетті экономика, адам ресурстарын дамыту және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мәселелерін топтастырып, оның әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар жүктеген Елбасы осы Жолдауында мемлекеттік саясаттың басты бағдарын да ашып көрсеткен еді.

Бір сөзбен айтқанда, осы жылдар ішінде Орталық Азия өңiрiндегі Қазақстанның рөлi мен беделi күшейе түстi. Еліміздің әлемнiң саяси және экономикалық картасындағы маңызы да артты. Елдің әл-ауқаты да экономика өсімімен бірге нығайып отырды.

2004 жылы:

- Қаңтар айында - Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы сапарда Астанада Қазақстан мен Ресей басшылары Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Бұл екі жақтың ұзақ мерзімді ғарыш бағдарламасын білдіреді. Ал дәл бір жылдан кейін, 2005 жылы 25 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының ғарыштық қызметінің 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасы бекітілді. Айтпақшы, осы 2004 жыл - Ресейдің Қазақстандағы жылы болып жарияланған болатын;

- 13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойды. Бағдарламаның мақсаты: халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау; ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету; ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, өмiрбаяндық дестелер жасау; мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау.;

- 18-22 қаңтарда - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары болды. «Қазақстан Президентінің 2004 жылғы алғашқы мемлекеттік сапары Араб әлеміндегі бақуатты әрі дамудың қарқынды жолында келе жатқан БАӘ мемлекетінен бастауы біраз сырды аңғартатын тәрізді. Қалай айтсақ та, бізге араб дүниесінің алыстығы жоқ. Әңгіме барысында Н. Назарбаев Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынастар шапшаң дамып келе жатқанын айтып, БАӘ Қазақстанның аймақтағы басты сауда әріптесі екендігін жеткізді», ‑ деп жазады осы сапар жайында "Егемен Қазақстан" газеті.

- 28 қаңтар - Мемлекет басшысы Астанадағы резиденциясында Испания Корольдігінің ғылым және жаңа технологиялар министрі Хуан Коста Климетті қабылдады;

- 30 қаңтар - Елбасы Қазақстан Республикасына ресми сапармен келген Чех Республикасының Вице-премьері-сыртқы істер министрі Цыил Свободаны қабылдады;

- 5 ақпан - Президент Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің басшысы Джек Строны қабылдады;

- 10- ақпан - ҚР Президенті Н. Назарбаев РФ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысын қабылдады;

- 13 ақпан - ҚР Президенті Н. Назарбаев Франция сенаторы Эмери Монтескьюді қабылдады;

1-2 наурыз - Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевтың президент ретінде Қазақстанға тұңғыш сапарының маңызына жоғары баға беріп өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті тәуелсіз Әзірбайжанның қалыптасуына және Қазақстан-Әзірбайжан қатынастарының нығаюына Қазақстан жұрты аса зор құрмет тұтатын Әзірбайжанның бұрынғы президенті, марқұм Гейдар Әлиевтың үлкен үлес қосқанына айрықша тоқталды. Жүздесу нәтижесінде бірқатар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісімшарттар жасалды;

- 2-5 наурыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары болып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корольдіктің Мұрагер Ханзадасы Абдалла бен Әбдел Әзизге Саудия тарапының Қазақстанға қолдау көрсетіп, түрлі гранттар мен кредиттер бөлгеніне ризашылығын білдірді. Кездесу соңынан Нұрсұлтан Назарбаев Тақ мұрагері Абдалла бен Әбдел Әзизді «Достық» орденімен марапаттады. Ал Саудия басшысы Қазақстан Президентіне Ұлы Бабыр алқасын тақты. Осы жолғы сапар туралы Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былай дейді: «2004 жылы болған кездесуде қазіргі Сауд Арабиясының королі маған бір әңгіме айтты: бұрын өздері шетелдіктерді жұмыс істеуге мәжбүр етсе, енді бұл өзі арабтарды жұмыс істеуге мәжбүр етеді екен. Себебі, арабтар мемлекеттің есебінен күн көрген масылдықтан барып, жұмыс істеу қабілетінен айырылып қалыпты. Қазір мұндай мемлекеттік жәрдем көрсету тоқтатылған. Әрине, бұл ұлтқа жаны ашымағандық емес, масылдықтың жаппай етек алуынан келіп туындаған шара болса керек»;

- 6 сәуір - Президент Н. Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы - Болгария Республикасының сыртқы істер министрі Соломон Пассимен кездесті;

- 16-17 сәуір - Өтпелі Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзай Қазақстанға ресми сапармен келді;

- 17 - 19 сәуір - ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары болды. Онда Мемлекет басшысы ГФР канцлері Герхард Шредермен ресми кездесу өткізді. Бұдан бөлек, Президент осы елдегі үш күндік сапары барысында алпауыт компания басшыларымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған нәтижелі шаралар қабылдады. Сапар соңында Президент Н. Назарбаев пен канцлер Г. Шредер журналистер алдында кездесу қорытындылары туралы айтып, өзара тиімді уағдаластықтар екі елдің экономикалық әріптестігін жаңа сатыға көтеретініне айрықша тоқталды;

- 20 сәуір - ҚР Президенті Н. Назарбаевтың РФ жұмыс сапары болып өтті. Қазақстен басшысы мен Ресей Президенті арасындағы кездесуде негізінен мемлекеттік шекараларды делимитациялауды анықтау мәселелері қозғалды;

- 16-19 мамыр - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары болып өтті. Сапар шеңберінде Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының құрылысы туралы келісімге қол қойылды. Аталмыш мұнай құбырының техникалық, технологиялық жобаларын дайындауға үш жылдай уақыт кетті. Құбыр құрылысы 1,5 айдан соң басталды. Қатысу 50 де 50. Алғашқы қаржыландыруға әр ел 50 млн. доллардан бөлді;

- 21-23 мамыр - ҚР Президенті Испанияға жұмыс сапарымен барды;

- 25-26 мамыр - Норвегия Корольдігінің Премьер-министрі Кьелла Магне Бондевиктің Қазақстанға ресми сапары болып өтті;

-28-29 мамыр - Астанада «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысы болып өтті, Оның барысында Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің басшылары өңірдегі теледидар және радиохабарларын тарату туралы келісімге қол қойды. Отырыстағы тағы бір басты мәселе Ресей Федерациясы «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымына мүшелікке өту ниетін танытты. Сондай-ақ, отырыс барысында мұнай мен газды, электр қуаты мен су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық проблемаларды бірлесіп шешу және ортақ рынок жасаудың алғышарттары секілді мәселелер талқыланды;

- 3 маусым - Эстония Президенті Арнольд Рюйтель ресми сапармен Қазақстанға келді;

‑ 16-17 маусым - Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлектетер басшылары Кеңесінің отырысы өтті;

- 18-19 маусым - ҚР Президенті Ыстамбұлда өткен НАТО/СЕАП Солтүстікатлантикалық альянстың мүше мемлекеттерінің Саммитінің жұмысына қатысты;

‑ Маусым айында ‑ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттінде «Еуразиялық ықпалдастық: осы заманғы даму үрдістері және жаһандану сынақтары» деген тақырыпта халықаралық форум өтті:

- 29 маусым - 1 шілде - ҚР Президентінің Татарстанға ресми сапары болды;

- 1‑2 шілде ‑ Қазақстан Президентінің Башқұртстан Республикасына сапары болды;

-2-3 шілде - Қазақстан Президентінің РФ сапары болды;

- 2 тамыз - ҚР Президенті АҚШ Орталық басшылық қолбасшысы генерал Джон Абизаидты қабылдады;

- 13-19 тамыз - ҚР Президентінің Грекияға жұмыс сапары болып өтті. Оның шеңберінде Мемлекет басшысы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты;

- 26 тамыз - Елбасы Н. Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Супачай Паничпакдиді қабылдады;

- 27 тамыз - Қазақстанға ресми сапармен Жапония мемлекетінің Сыртқы істер министрі И. Кавагучи келді. Сапар барысында екіжақты келіссөздерден басқа «Орталық Азия және Жапония» сұхбаты шеңберінде жапон үкіметі бастамашылық жасаған министрлер деңгейіндегі алғашқы кездесулері өткізілді. Осы сұхбат алаңы арқылы Жапония үкіметі Қазақстанға Орталық Азияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі неғұрлым белсенді әрі дайындығы мол «ойыншысы» ретінде қарайтынын танытты.

- 1-5 қыркүйек - Испания королі Хуан Карлос І Қазақстанға жұмыс сапарымен келді;

- 8-10 қыркүйек - Чех Республикасының Президенті Вацлав Клаус Қазақстанға ресми сапармен келді;

- 9-11 қыркүйек - Қазақстан Президенті Австрия Республикасына ресми сапармен барды;

- 15 қыркүйек - Астанада Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысы болып өтті.

- 16 қыркүйек - Мемлекет басшысы Астанада өткен ТМД елдері басшыларының саммитіне қатысты. Осы саммит барысында алғаш рет ТМД тиімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізу қажеттілігі көтерілді. Осыған орай реформалаудың тұжырымдамаларын жасау, Еуропалық одақтың тәжірибелерін зерделеу керектігі туралы сөз болды;

- 19-20 қыркүйек - Корея Республикасының президенті Но Му Хен Қазақстанға ресми сапармен келді;

- 24-25 қыркүйек - ҚР Президенті ҚХР‑дың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен барды;

- 7-9 қазан - Латвия Республикасының Президенті Вайра Вике-Фрейберг Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді;

- 8 қазан -Президент Н. Назарбаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Фрадковпен кездесті;

- 15 қазан - Башқұртстан Республикасының Президенті Мұртаза Рахимовтың Қазақстанға сапары болды;

- 17-18 қазан - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен «Орталық Азия Ынтымақтастық» ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты. Аталған жиында негізінен төрт мәселе қаралды. Біріншіден - Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан арасындағы ұйымға Ресейді қосу туралы, екіншіден - осы жылдың мамырында Астанадағы қол жеткен келіссөздерді жүзеге асыру барысы, үшіншіден - ұйымға мүше мемлекеттердің Ауғанстанмен аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы, төртіншіден - Ұйымға мүше мемлекеттердің келесі төрағалығы туралы. Ескере кететін жайт, аталмыш саммитке Ауғанстан өкілі де қатысқан болатын;

-19 қазан - Елбасы Н. Назарбаев НАТО Бас хатшысы Яаап де Хооп Схефферді қабылдады;

‑ 5-26 қазан - ҚР Президенті Швеция Корольдігіне ресми сапармен барды;

-27-28 қазан - Татарстан Президенті М. Шаймиевтың Қазақстанға ресми сапары болды;

- 1 қараша - Елбасы Н. Назарбаев Азия Даму Банкінің Президенті Тадао Чинноны қабылдады;

‑ 24 желтоқсанда ‑ Астанада еліміздің басты ғимараты - «Ақорда» атауына ие болған Президент резиденциясының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метр. Ол қазақстандық ақ мәрмәр мен малтатасты пайдаланып, озық құрылыс әдістерімен соғылған. Нұрсұлтан Әбішұлы ғимараттың ашылу салтанатында елімізді басқару елорданың жаңа орталығынан жүзеге асырылатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, 2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылатын болды.

Соңғы жаңалықтар