«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2002 жыл - Тәуелсіз сыртқы саясаттың жемісті жылы»

None
None
ТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттың саулығы - мемлекеттің байлығы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 11-жылы, яғни 2002 жыл - Денсаулық жылы ретінде жарияланды. Расында, да ұрпақтың келешегіне, ұлттың денсаулығына қатысты алаңдауға боларлық жағдай осы тұста қалыптасқаны да шындық.

Денсаулық жылы жарияланған кезеңде денсаулық сақтау саласындағы жағдай, жасыратыны жоқ, көңiл құлазытарлықтай деңгейде едi. Мәселен, сол кездің деректеріне сүйенсек, тұрғындардың орта жасының 64 жасқа тең екендiгi, мұның ТМД елдерiнiң арасында ең төменгi көрсеткiш болып табылатыны дәлел бола алады. Елiмiзде сонымен қатар туберкулез ауруы, есiрткiқұмарлық, ана мен жалпы өлiмнiң көптiгi, бала туудың кемуi, медициналық көмекке қол жеткiзудiң қиындығы үлкен проблемаға айналған болатын. Дегенмен, қолға алынған түбегейлі шаралардың нәтижесінде Денсаулық жылының мiндеттерi дер кезiнде орындалды. Бұл ұлттың болашағы үшін атқарылған кемел істердің бастауы еді. Осы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде тегін медициналық көмектің кеңеюіне жол ашатын денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл кейінгі жылдары өз жемісін де берді.

Сонымен қатар, 2002 жылы негізінен сан бағдарлы сыртқы саясатымыздың жетістіктері де барынша айтарлықтай оқиға ретінде орныққаны рас. Таңдамасақ та ықылым тарихтан қатар орныққан көршілес елдермен, оның ішінде де әлемнің алпауытына саналатын мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесіп, ықпалдастықтың ырғағын тең деңгейде ұстай алдық. Соның нәтижесінде Қазақстан мемлекеті халықаралық аренада өзінің салмақты бағыты, ұстанған жолы бар, сондай-ақ ықпалдастық пен ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге келтірген ел ретінде танылып үлгерді. 2002 жылы БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Кофи Аннанның Астанаға сапары да осыны айғақтаса керек. Бұл бір кездері қаһарлы кеңес одағынан мұраға қалған әлеуеті зор атом қаруынан бас тартып, жер жаһанға бейбітсүйгіш ел, татулық пен бірліктің ордасы ретінде үлгі болғанының айқын көрінісі болатын. Осы сапары барысында Коффи Аннанның Қазақстандағы татулық пен ұлттар арасындағы ынтымаққа құрметін білдіріп: «Бұл Қазақстанның жетістігі ғана емес, күллі посткеңестік елдерге үлгі боларлық жағдай» дегені де есте. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан осы жолы «Достық» орде­німен марапатталып, соның салтанатты рәсімінде «Мен Сіздердің тілі­ңіздегі «достық» деген сөздің мағынасын жақсы түсі­немін және бүгінгі таңда Қазақстан үшін бұдан ар­тық мәнді де өзекті тақырыпты көре алмай отырмын. Бұл - этникалық өзгешеліктеріне қарамастан, Сіздердің халықтарыңыздың арасындағы достық. Бұл «сан алуан­дықтағы бірлік» тұжырымдамасын іске асыру. Бұл ай­мақтық ынтымақтастық және жанжалды болдырмау жолымен Сіздердің көршілеріңізбен достық. Және ақы­рында, бұл, бейбітшілік пен дамуды қолдау ісінде Сіздер­дің сенімді әріптесіңіз - Біріккен Ұлттар Ұйымы­мен достық», - деп атап өткен болатын. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктен бергі 2002 жылға дейінгі кезеңде атқарылған істердің негізгі қорытындысы бойынша Қазақстан азат, өз тізгіні өз қолында, әлемдік қауымдастықтың теңқұқылы әріптесі ретінде таныла білді. Мәселен, халықаралық саясатта ғана емес, 2002 жылы Қазақстан экономикалық бағытта да сапалы дамуға қол жеткізді. Еуропа одағы мен АҚШ жылдың басында Қазақстанды нарықтық экономикалы ел ретінде мойындады. Елдің экономикалық даму перспективаларына назар аударылып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлдыраған кәсіпорындар мен ұйымдарға көмектің негізгі бағыттары да жүзеге аса бастады.

Осы жылғы «Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы» Президенттің дәстүрлі Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев ауылға айрықша назар аударды. «Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiнгендi оңды-солды мемлекеттiк қаржыландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз баяғыдай масылдық болушылық тәжiрибесiн қайта түлете алмаймыз және олай iстемеймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiлетiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттiң халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр», - деп атап өтті Елбасы жолдауында. Бұл ретте Президент Үкiметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегi болатындай етiп қоныстандыру үлгiсiн жасауды тапсырды. Әлеуметтiк салаға ерекше назар аударуды жүктеп, ауылға қатысты жаңа саясат маңызды орын алуға тиiстігін атады, Елбасы. Мұғалiм мәртебесiн арттыру мәселесі де Жолдауда айтылып, сол жылдың өзiнде мұғалiмдердiң жалақысы 30 пайыздан астамға ұлғайтылды. «Экономист сарапшылардың есебi бойынша шағын және орта бизнестi қоса алғанда, экономикалық өсiмнiң 25-тен 35 пайызға дейiнгi активтерi мен ресурстары астыртын айналыста жүр. Ендеше оларды нарық айналысына қосу бүкiл елiмiздiң экономикасы үшiн орасан зор тиiмдiлiк бередi. Мiне, осыған сүйенiп, шағын және орта бизнестi жан-жақты нығайта беру қажет, сол үшiн кезең-кезеңiмен: - салық ауыртпалығын азайту; - меншiк пен активтердi жария ету; - несие ресурстарына жол ашуды жеңiлдету; - әкiмшiлiк ресiмдер мен рұқсат берудi оңайлату; - бюрократиялық бейбастақтық пен бақылау-тексеру органдарынан қорғау; - шағын және орта бизнестi қолдайтын аймақтық орталықтар құру, маркетингтiк зерттеулер жүргiзуге, бiлiктiлiктi арттыруға, орталықтандырылған бухгалтерия құруға көмектесу сияқты өзектi мiндеттердi шешу қажет», - деді Елбасы Жолдауында. Сонымен қатар мемлекеттiк құрылыс пен қоғамды демократияландырудың негiзгi бағыттарына байланысты бiрқатар шаралар кешенi мақұлданды.

2002 жылдың тағы бір ерекшелігі осы жылы киелі Түркістан байтағында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті.
«Бүгінгі күн жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың төрт жүзге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері ата жұрт деп алып ұшқан алыс­тағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болуда. Қуаныш­тарыңыз құтты болсын, бауырлар! Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», - деді Дүниежүзі қазақ­тары құрылтайының ашылуында тебірене сөз сөйлеген Президент Н.Назарбаев.

2002 жылы:

- 22 қаңтар - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Г. Рапотамен кездесуі барысында ЕурАзЭҚ қызметіне байланысты бірқатар стратегиялық мәселелер тал­қыланды;

- 11-14 ақпан - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары болды. Елбасы Үндістан Респуб­ликасының Президенті Кочерил Раман Нараянмен, Премьер-министр А.Б.Ваджпаимен кездесті. Сапар шеңберінде ҚР Президенті Делиде Абай атындағы көшеннің ашылу салтанатына қатысты;

- 28 ақпан - Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің бас­шы­лары «Орталық-Азиялық ынтымақтастық» ұйы­мының құрылуы туралы шартқа қол қойды;

- Сәуір айында - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы» Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда ауылға баса назар аудару қажеттігі айтылды;

- 25-27 сәуір - Алматы қаласында бірінші Еуразиялық медиафорум болып өтті. Бұл форумға әлемнің 30 елінен келген жетекші ақпараттық агенттіктердің 200-ге жуық журналистері қатысты. Олар Еуропа, Азия және Америка ақпараттық кеңістігінің көшбасшылары еді. Сонымен бірге оңтүстік астанада өткен шараға жетекші саясаткерлер, экономистер мен саясаттанушылар да жиналды. Форумның негізгі мақсаты әлемдік медиа қауымдастығындағы көшбасшылар мен сарапшыларды біріктіру болып табылады. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған оқиғадан кейінгі Шығыс пен Батыс арасында орын алған айырмашылықтарды жою үшін журналистердің кәсіби диалогы жүрді. Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының саяси, мәдени және әлеуметтік рөлі айқындалып, мемлекеттің баспа және электронды БАҚ-тарды идеологиялық құрал ретінде пайдалануы қарастырылды;

-7 наурыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды;

- 26 наурыз - Вашингтон Қазақстанға нарықтық экономикалы мемлекет мәртебесін беру туралы мәліметті хабарлады. Мұндай мәртебе беру елімізге инвесторларды тартуға мол мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл республикамыздың халықаралық имиджін көтеруге зор септік болды;

- 13 мамыр - Мәскеуде Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің кездесуі болды. Кездесу мен келіссөздер барысында екі елдің экономикалық қарым-қатынасына байланысты мәселелердің үлкен ауқымы қаралып, ше­шім қабылданды. Солардың ішінде Каспийдің Ресей мен Қазақстанға қатысты солтүстік бөлігінің табанындағы көмірсутегі шикізатын пайдаланудың мәселесі айрықша маңызды болып отыр. Бұл құжатты Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий жағалауындағы мемлекет­­тердің бәрі негізге алуға болатын бағыт» деп атады.
Осылайша, 1998 жылдан бері екі елдің арасындағы өзекті мәселеге айналған Каспийдің солтүстік бөлігіндегі түбін қалай пайдалану керектігі енді айқын шешім тапты;

- 22-25 мамыр - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Словенияда және Польша мемлекеттерінде болып, Словенияның Президенті М. Кучанмен сондай-ақ, Польша Президенті А. Квасневскиймен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды;

- 3-4 маусым - Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бірінші саммитінің ашылуы болды. Сол күндері Азия құрлығында жетекші рөл атқа­ратын әрі қазіргі заманғы ғаламдық даму сипатын елеулі түрде айқындайтын көптеген мемлекеттердің басшылары Қазақстан жерінде бас қосты. Олардың қатарында Қытай Төрағасы Цзян Цзэминь, Ресей Прези­денті В. Путин, Үндістан Премьер-министрі А. Ваджпаи, Пакистан Президенті П. Мушараф және басқалар болды. БҰҰ-дан, Еуропалық Одақтан, ЕҚЫҰ-дан және Араб мемлекеттері лигасынан Саммитті қолдаған мәлімдемелер келіп түсті;

- 7 маусым - Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің саммиті өтті. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясына, Аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды. Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерация­сының Президенті В. Путинмен және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесіп, бірқатар мәселелер жөнінде пікір алысып, келісім жасады;

- 3 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Африка Республикасында өткен тұрақты даму жөніндегі БҰҰ саммитінің жұмысына қатысты;


- 9 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті И.Кәрімовты қабылдады.
Екі жақты әңгіменің негізгі тақырыбы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы болды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік шекараны заңды тұрғыдан межелеудің аяқталуын аса маңызды тарихи оқиға деп атай келіп, екі жақты «даулы телімдер» туралы мәселеге толықтай және нақты нүкте қойылғанын мәлімдеді;

-23 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Словенияның Президенті М.Кучанды қабылдады;

- 25-26 қыркүйекте - Ежелгі Тараз қаласының көптен күткен 2000 жылдық мерейтой мерекесі ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті;

- 5-6 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Тәжікстанда өткен Орталық-Азиялық ынтымақтастық ұйымының мемлекет басшыларының төртінші кездесуіне және Аралды құтқару халықаралық қорының отырысына қатысты;

-17 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас Хатшысы К. Аннанмен кездесті. Аталған оқиға елдің саяси өмірінің көрнекті оқиғасы және Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы дамуы­ның маңызды кезеңі болды.
«К.Аннан парламентте сөз сөйлегеннен кейін, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ұлттық-мәдени орта­лықтарының басшыларымен кездесу өткізді. Бас хатшы аз ұлт өкілдерінің қысқаша айтқан сөздерін мұқият тыңдады. Әйтсе де бұлардың арасынан шешен-ингуш диаспорасы жетекшісінің сөзі оның жадында қалыпты. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін ол сыпайы ғана: «Бұлар Ресейде соғысып жатқан әлгі сол халық па?»,- деп сұрады. Сұрағына нақты жауап алған К.Аннан: «Өзіндік сипаты бар халық екен» ,- деді ойлы жүзбен. Содан соң іле: «Олар Сіздерге қиын проблемалар тудырмай ма?», - деп сұ­рады. Бұл диаспора тарапынан ешбір қиындық жоқ­тығы жөнінде жауап алған ол, мұның себебін өз тұрғы­сынан пайымдап жатпай, іштей сәл ғана ойланып қалды», - деп жазады осы айтулы оқиға туралы естелігінде Қасым-Жомат Тоқаев.

- 23 қазан - Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысына 32 мемлекеттен келген 400-ден астам өкілдер қатысты. «Ардақты ағайын! Құрылтайдың құрметті қонақ-тары! Бүгінгі күн жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың төрт жүзге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері ата жұрт деп алып ұшқан алыс­тағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болуда. Қуаныш­тарыңыз құтты болсын, бауырлар! ...Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», деп сөйледі салтанатты жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

- 23 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіс­сөздер нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойды, оның ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт бар.

- 27 желтоқсан - Астанада «Орталық Азия Ынтымақтастық» ұйы­мының қатысушы мемлекеттері басшыларының төртінші кездесуі болды.

2002 жылы Қазақ елінің байтағы - Астана төрінде, сулы жасыл-желекті бульвар орталығынан - шыңына алтын шарды көтерген күміс түсті жарқыраған мұнара - «Бәйтерек» монументі пайда болды. Ол көкке ұмтылған Астананың символына айналды. Н.Ә.Назарбаев жасаған сызба-нұсқаның жобасы негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» халықаралық байқауда ТМД елдеріндегі 2002 жылдың ең үздік нысаны ретінде алтын медальға лайық деп танылды.

Соңғы жаңалықтар