Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2001 жыл - Тәуелсіздіктің жүз жылға татитын он жылы

None
None
ТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ХХІ ғасырдың алғашқы жылы - Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы. Осы он жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай өзгерді.

Кезінде КСРО қирандысынан қалған қордалы проблемалармен бетпе-бет келіп, елдің егемендігі екіұшты болған жағдаяттарды сәтті еңсеріп қана қойған жоқ, Қазақстан өзінің келешек даму даңғылын дөп басып тапты. Осылайша, өткен Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Қазақстан өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асырды. Алғашқы онжылдықта елдіктің іргетасы сапалы қаланды. Атап айтар болсақ, мемлекеттілікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді, ұлттық қорғанысымыз - Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді, жаңа Конституция қабылданып әлемдік өркениетке тән демократиялық даму бағытына таңдау жасалды, саяси жаңғырдық, ел экономикасына қан жүгіріп, әлеуметтің әлеуеті де артты, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз да бекем болды, әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделіміз арта түсті, ең бастысы осы жылдар ішінде Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз елдің жаңа елордасы - Астана тұрғызылды. Азат халықтың санасы да, сапасы да жаңарды. Отарлаудың салдарынан сан ғасырлар бойы сіңісті болып келген бодандық сезімінен, масылдық дертінен аршылдық.

Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы 10 жылдығында елдің экономика негіздеріне түбегейлі өзгерістер орнығатын реформалар жасалды. Расында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары терең дағдарысқа ұшыраған ұлттық экономика құрдымға кете құлдыраудың аз алдына барып қайтып еді. Кейіннен сауатты саясаттың арқасында өсімге ұмтылатын болдық. 1997 жылы Қазақстанның ішкі-сыртқы дүниелерінде қай бағытпен жүретінін, нені мақсат етіп, қандай межеге ұмтылатынын айқындайтын «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді даму стратегиясы дүниеге келді. Мінеки, осындай мысалдардың барлығынан-ақ Тәуелсіз елдің өткен онжылдығында жүз жылға татитын қыруар дүниелер тындырылғанын байқауға болады.

Осындай ғасырға татитын он жыл турасында Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніндегі салтанатты жиында былай деген болатын: «Осы жылдардың iшiнде бұл жолдың сорабын алдымен Түркi қағанатын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы бабаларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, армандағанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше, көкiрегi ояу кез келген азамат Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағымнан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сыншым екенiн айтуым керек. Көне «Күлтегiн ескерткiшi» жазуында: «Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi», деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздер бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты».

Жалпы 2001 жылында да еліміз бойынша елеулі оқиғаларға толы болды. Осы жыл елімізде автомобиль жылдары болып жарияланды. Елдің жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстыруға еш келмейтін. Салыстырмалы түрде айта кетейік, әлемдiк тәжiрибе бойынша жинақтау нормасы 15 пайыздан төмен болмайтын деңгейге жеткен кезде экономиканың тұрақты өсуi басталады. Олай болса Қазақстан 2001 жылы жалпы Ұлттық табыстың 25 пайызға тарта жинақтау деңгейiне шықты. Атап айтқанда, 2001 жылы банктер берген несие көлемi 460 миллиард теңгенi құрады. Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесi 1994 жылғы тамыздағы 340 пайыздан 2001 жылы 9 пайызға дейiн төмендедi. 2001 жылғы инфляция 1992 жылғы 3 мың 61 пайыздың орнына 7 пайыздан төмен мөлшерге түстi. Мамыр айында халықтың депозиттері (резидент еместерді қоса есептегенде) 3,9 пайызға өсіп, 112,1 млрд. теңгені кұрады. Бұдан бөлек, сол кездің деректеріне сүйенсек, 2001 жылдың 1 сәуірінде «Қазақтелеком» АҚ желісіндегі негізгі телефон абоненттері саны 1857092 жеткен. 2001 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне карағанда 106,8 мың жұмыс орны құрылып, олардың 23 мыңы - уақытша және маусымдық жұмыстар, шағын бизнес саласында - 33,5 мың, ауылшаруашылығында - 17,7 мың және өнеркәсіпте - 16,8 мың жұмыс орны кұрылған. 2001 жылы 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналып, гектар шығымдылығы 14,1 центнерден айналыпты. Осының өзі елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсыға ойысып отырғанын аңғартса керек.

Елдегі экономикалық ахуалмен қоса рухани кемелдену, мәдени жаңғыру үдерістері де тынбастан жүріп отырды. Мәселен, бас қаланың Астанаға ауысқанына үш жыл толған осы жылы қазақ тарихы үшін айрықша оқиға орын алды. Атап айтқанда Астананың қақ төріне Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткіші қойылды. Сөйтіп ұлтының азаттығы, халқының бодандықтан босауы үшін қасықтай қаны қалғанша күресіп өткен, сол үшін Есіл бойындағы Қараөткелге қасқая қарсы шапқан Хан Кененің айбарлы мүсіні Арқа төсіндегі ажарлы Астанаға орнықты. Сөйтіп Кенесарының рухы асқақталып, баба аманаты мұратқа жеткізілгендей болды.

Бұдан бөлек, 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» аталатын мәдени орталық ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес Аспан астындағы ашық мұражай дүние жүзінің 17 елінде бар. Бельгиядағы «Шағын Еуропа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала - Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл да рухани кемелденудің жарқын үлгісі.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, 2001 жылдың күзінде елімізге арнаулы сапармен Рим Папасы Иоанн Павел Екінші келген болатын. Бұл турасында жазушы Зейнолла Қабдолов өзінің «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарық көрген естелігінде былай деп жазады: «Арнаулы сапармен астанаға келген Рим Папасы Иоанн Павел Екінші елорда көр­кіне көзі мен көңілі қатар тояттап: «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деп еміреніп тұрып, осы сөздерді таза қазақ тілінде айтуы бүкіл дүниені таң қалдырған тамаша нәрсе! Бұдан да бетер кісі таңданарлық көрінісі: тек католиктер ғана емес, жер бетіндегі барлық дінге бірдей қарап, өзін «көкте - Құдай, жерде - оның ұлы құлы - Мен» деп білетін Рим Папасының біздің елге сапары 11 қыркүйек­тегі әрі бай, әрі күшті тәкаппар Американың күтпеген жерден тас-талқанын шығарған сұмдық тағылық терактпен тұтас келді. Бірақ, ұлы мәртебелі Папа бұл шыр­ғалаңға қараған жоқ. Америка терроршылар ұясы ретінде танылған талибандарға қарсы «кек қайтару» әрекетіне кірісіп, Ауғанстан аймағын айнала соққы астына алып, ел мен ел арасын қанға бөктіріп, қызыл қырғынға ұшы­ратқалы жат­қанда Иоанн Павел Екінші біздің Прези­дент­тің шақы­руымен бүкіл әлем халықтарының назарын түп-түгел Қазақстанға аударып, жарық дүниеге соғыстың емес, бей­біт­шіліктің ұранын тастап, қасиет­ті қазақ даласына өлімнің емес, өмірдің дәнін сеуіп, Қазақ­станды мекендеген жүзден астам ұлт пен ұлыстың бірлігі мен ынтымағын қуаттап, біздің елімізде желбіре­ген жарастық пен азаттық туының астында тұрды. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаев­тың Елбасы болғалы күллі күш-жігерін сарқа жұмсап, соңғы он жыл ішінде асқан шеберлікпен, көреген көсемдікпен жүзеге асырып келе жатқан ақылды ұлт саясатының айта қалғандай ұлы жеңісі еді».

2001 жылдың еншісінде:

- 5 қаңтар - Алматыда Орталық Азия мемлекет басшыла­рының Экономикалық коғамдастығының бірінші саммиті өтті. Саммитте Н.Ә.Назарбаевтың Еуразия­лық кеңістікті қалыптастыруға байланысты жобасы қолдау тапты. Орталық Азия аймағында қауіпсіздікті нығайту, экономикалық даму үрдістерін жақындастыру, сондай-ақ халықтардың тарихи бірлігі Орталық Азиядағы Қазақстан саясатының стратегиялық маңызын айқын­дайды;

- 26 қаңтар - ҚР Премьер-Министрі Қ.Тоқаев Дауостағы Дү­ниежүзілік экономикалық форумның 31-ші отырысына қатысты. Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры М.Мурмен кездесу барысында Қ.Тоқаев ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанның сыртқы саясатын­дағы басым бағыт екендігін жеткізді;

- 30 қаңтар - Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қа­ты­суымен әкімдердің республикалық кеңесі өтті. Кеңесте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің он жылдығы жылында экономиканы өркендету, халықтың тұрмысын жақсарту тұр­ғысында барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойылатын міндет­терді саралап берді. «Біз барша жұртшылық пен әрбір адам біздің барлық жетістік­терімізге өзінің тікелей қатыстылығын сезінуіне қол жеткізуге тиіспіз. Бұл жыл біздің жетістіктеріміздің айшықталатын жылы болуы керек. Әрбір қазақстандық біздің рефор­мала­рымыздың нақты жемістерін көре алуы керек. Бұл осы жылға арналған біздің бірлескен жұмысымыздың басты бағыты», - дей келе Елбасы әкімдердің алдына 2001 жылға арналған 11 нақты міндет қойды. «Тәуелсіздікті нығайту үшін күрес - елге тиген үлес», деп бітірді Елбасы өз сөзін».

- 20 ақпан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Куала-Лумпурде Малайзия Премьер-министрі М.Мохамадпен кездес­ті. Кездесу барысында тараптар екі жақты ынты­мақтастық және халықаралық мәселелер аясында сөз қозғады;

- 15-16 наурыз - Қазақстанға жұмыс сапарымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы А.Гавахи келді. Қонақты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев және Премьер-министр Қ.Тоқаев қабылдады;

- Сәуірдің басында - «Қазақстан Республикасының азаматтарына ақшаларын заңдастыруға байланысты амнистия жасау туралы» Заң қабылданды;

- 3 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Литва Республикасына ресми сапар шекті. Ол Литва Президенті В.Адамкуспен, Премьер-министрі Р.Паксаспен келіссөздер жүргізді;

- 12 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкімет мүшеле­рімен, облыс әкімдерімен кеңес өткізді;

- 20 мамыр - Қазақстанға Германия Сыртқы істер министрі Й.Фишер келді. Германия сыртқы саясатының басшысы өз елінің Қазақстанмен белсенді саяси және экономикалық өзара қатынасқа үміт артатынын мәлімдеді. Й.Фишер Қазақстан экономикасындағы құрылымдық қай­та құрулар мәселесін жоғары бағалады;

- 23-25 мамыр - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Арменияға ресми сапармен аттанды. Сапар барысында ол Армения Президенті Р.Кочарянмен келіссөздер жүргізді;

- 1 маусым - Минскіде ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттер басшыларының мәжілісі өтті;

- 13 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Ж.Лемьерді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстандағы эко­номикалық реформалар, Қазақстан мен Еуропа­лық қайта құру және даму банкі арасындағы ынты­мақтас­тық мәселелері талқыланды;

- 14-15 маусым - Шанхайда «Шанхай бестігі» елдерінің алтыншы саммиті өтті. 14 маусымда Шанхай қаласына жиналған Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республи­касының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерация­сының, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Респуб­ликасы­ның президенттері «Сицзяо» қонақүйінде ал­ғаш­қы басқосуын өткізіп, онда ұйымның атын өзгерту келісілді және мемлекет басшылары Өзбекстанды «Шанхай ынтымақтастық ұйымына» қабылдау туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сөйтіп Өзбекстанның мүше болуына байланысты, ұйымды «Шанхай ын­тымақтастық ұйымы» ретінде қайта құру туралы шешім қабылданды;

- 5 шілде - Қазақстанға ресми сапармен Түрікменстан Пре­зиденті С.Ниязов келді. Қонақты ел басшысы Н.Ә.Назар­баев қабылдады. Тараптар бірқатар екі жақты құжат­тарға қол қойды, соның ішінде Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі туралы келісімшартқа қол қойылды;

- 16 шілде - ҚР Президенті ресми сапармен Грек Республикасына барды. Сапар барысында ол Греция Президенті К.Стефанопулоспен кездесті. Грек басшысы К.Стефанопулоспен болған келіссөздердің нәтижесі бойынша Эконо­микалық және техникалық ынтымақтастық туралы, Үкіметаралық комиссияны құру туралы келісім­дерге қол қойылды. Осы ел үкіметінің Қазақстанда жұмыс істеуге тілек білдірген өз кәсіпкерлерін сақтан­дыру кепілдігі үшін 10 млн. еуро бөлуі фактісі өзара тиімді байланыстарды жолға қоюдағы Грекияның ұмты­лысын қуаттайды;

- 18-19 шілде - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Хорватия Республикасына тұңғыш рет ресми сапар жасады. Сапар барысында Н.Назарбаев Хорватия Президенті С.Месичпен кездесті. 19 шілдеде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен С.Месич Қазақстан мен Хорватия ара­сындағы өзара қатынастардың негіздері туралы декларацияға қол қойды, сыртқы істер министрлері ын­ты­мақтастық туралы меморандум жасасты;

- 24 шілде - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Қырғызстанға барды. Сапар барысында екі мемлекет басшылары екі жақты ынтымақтастық мәселелерін тал­қылады;

- 29-30 тамыз - Алматыда «ХХІ ғасыр: ядролық қарудан азат әлем жолында» атты халықаралық конференция өтті. Халықаралық конференцияда БҰҰ-ның Бас хатшы­сының орынбасары В.Петровский: «Халықаралық қоғам­дастық үшін Қазақстан жауапты саяси ерік-жігерімен, салмақты сөзбен және нақты істермен адамзат өзін өзі жоятын құралдардан ғаламшарды қалай азат етуге болатын­дығының жарқын мысалын көрсетті», - деп мәлімдеді;

- 5 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға жеке сапармен келген Испания Королі Хуан Карлос І қа­былдады;

- 8 қыркүйек - Қазақстанға ресми сапармен Латвия Премьер-Министрі А.Берзиньш келді. Премьер-Министр А.Берзиньштің Астанаға сапары екі жақты қатынастарға шарттық құқықтық негіз қалады. Премьер-Министрмен бірге латыш бизнесмен­дерінің (50-ден астам адам) өкілетті тобы келді. Келіс­сөздер нәтижесінде саяси қатынастар және экономикалық ынтымақтастықтың келешекті бағыттары туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Қосарланған салық салуды болдырмау және кіріс пен капиталға арналған салық­тарға қатысты салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға, басқа да маңызды құжат­тар­ға қол қойылды. Сапар шеңберінде Үкіметаралық комиссияның тұңғыш отырысы өтті. Тараптар қазақстандық жүк­терді Латвияға тасымалдауға байланысты транзит­тік тариф­терді реттеу үшін үш жақты жұмыс тобын (Ре­сейді қоса отырып) құруды жақтап пікір білдірді;

- 11 қыркүйек - АҚШ-та террористік актілер орын алды. Қазақ­стан ғаламдық қауіпсіздікке ат салысу үшін Ирактағы халық­аралық коалиция күштеріне қосылды. Амери­кандық тараптың сұрауы бойынша Иракқа инже­нерлік-саперлік отряд жіберілді;

- 13-14 қыркүйек - Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер үкіметтері басшыларының отырысы өтті. Онда алты тарапты үлгіде ынтымақ­тастықтың ба­сым­дық берілетін салалары қаралды, осы процесті жандандыру және тереңдету жөнінде нақты қадамдар белгіленді;

- 14 қыркүйек - Қазақстанға жұмыс сапарымен ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Чжу Жунцзи келді. Чжу Жунцзидің Қазақ­станға ресми сапары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану және қазіргі бар проблемаларды шешу көзқа­расынан туындады. Келіссөздер кезінде тараптар екі жақты қатынас­тардың қазіргі жай-күйіне кешенді түрде талдау жүргізді, тауар айналымының құрылымын же­тіл­діруге және оның көлемін ұлғайтуға, өзекті проблемалар бойынша келіссөздер тетігін дамытуға бағыт­талған бұдан былайғы іс-қимылды белгіледі. Қазақстан мен Қытай үкіметтерінің басшылары бірқатар ке­лісімдерге қол қойды, оның ішінде Трансшекара­лалық өзен­дердің су ресурстарын бірлесіп ұтымды пайдалану жөніндегі комиссияны құру, сондай-ақ ауылшаруашылығы саласын­дағы ынтымақтастық туралы келісімдер бар;

- 14 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ресейдің Үкімет Төрағасы М.Касьяновпен кездесті. Кездесу барысында Каспий мұнай құбыры консорциумы жобасын бастау және Каспий теңізінің шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөз процесі туралы сөз қозғалды;

- 22-25 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ мемлекеттік сапармен келді. Пасторлық сапары барысында Рим Папасы Иоанн Павел ІІ қазақ тілінде : «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деді;

- 1 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Германия Федеративті Республикасына келді;

- 29 қараша - Қазақстан мен Әзірбайжан арасында Каспий те­ңізінің табанын бөлу туралы келісімшартқа қол қойылды;

- 16 желтоқсан - Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Онда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі;

- 17 желтоқсан - Ұлттық мерекенің екінші күнінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Испанияға аттанды. Испания Үкіметінің басшысы Хосе Мариа Аснармен «Монклоа» резиденциясында өткен келіссөздер барысында екі жақ халықаралық жағдайдың көкейкесті мәселелері және Қазақстан - Испания қарым-қатынастарының қа­зіргі жай-күйі мен болашағын талқыланды;

- 18-21 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды. Екі Мемлекет Басшысы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайту туралы мәлімдемеге қол қойды;

-22 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Лондонға сапар шекті. Сапар барысында ол көптеген мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен, соның ішінде Ұлыбри­танияның бұрынғы Премьер-министрі М.Тэтчермен кездесті;

Осы жылы 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылдық мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырыла бастады.

Соңғы жаңалықтар