«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 1999 жыл - «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы»

None
None
ТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қиындықтар артта қалып, ел етек-жеңін жинай бастаған 1997-1998-1999 жылдары, яғни үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Атап айтқанда 1997 жыл - «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» аталса, 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды.

Яғни, ұлттың тарихи танымына мемлекеттік мән беріле бастады. Шын мәнінде ел теуелсіздігі нығайып, алдағы даму реформаларын сәтті жүргізудің бірден-бір кепілі - ұлт бірлігі мен қоғамдық келісім. Ал ұлттық, ұлтаралық тұтастықты сақтау ұрпақтардың өзара ықпалдастығын тиімді үйлестіретіні сөзсіз.


Үш жылдың қатарынан ұлттық тарихи танымды жаңғыртуға арналуында не мән бар еді? Бұның мәнісі тәуелсіздікті нығайту. Расында бұндай тәуелсіздікті аңсап нелер қазақ өмірден озды, қолдары жете алмады. Ал қолға тиген тәуелсіздікті нық ұстау көзі тірі ұрпақтың ең зор борышы. Сондықтан да ұрпақтар бірлігі туралы айтылғанда, тарихи қатпарлардағы бабалар мұратына сабақтасудың жолын қамту да маңызды саналады. Бұл ретте ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген болатын. Ендеше өткенге бойлап, ескіні білмей тұрып, болашаққа байыппен бару да мүмкін болмайтыны анық.

Атаулы жыл турасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мәжілісінде былай деген болатын: «Сонымен, міне, жаңа ғасыр қарсаңында «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының» шараларын күллі қауым болып қолға алмақшымыз. Атаулы жылды өт­кі­зу жөнінде Мемлекеттік комиссия құрамына ену құр­метіне ие болып отырған сіздердің біразыңыз бұған дейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» және «Ұлттық тарих жылын» өткізу жөніндегі Комиссиялар жұмысына қатыстыңыздар. Сол екі жылда атқа­рылған шаруа, жинақталған тәжірибе бұл істе де қа­жетке жарап, өз пайдасын тигізбек. Өйткені, бұл жолы да бұрынғыдай біз тарихи зердені, тарихи ой-сананы тереңдетуді, ХХ-шы ғасырдың интеллектуалдық құн­дылықтарын тыңғылық­ты пайымдауды, аға ұрпаққа қамқорлықты күшейтуді, жұртшылықты қоғамның бірлігін нығайту мен жас ұрпақ тәрбиесіне белсенді­лікпен жұмылдыруды, сол ар­қы­­лы бұдан арғы дамуы­мыздың жалпыұлттық қағида­лары мен стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға баршамыз болып атсалысуды көздеп отырмыз. Бұл ниет Рес­пуб­лика Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген жылды өткізу жөніндегі шаралардан да айқын көрініп тұр. Аға ұрпақ өнегесі - өтіп бара жатқан ғасырдың рухани мұрасы. Бүгінгі буын - келер жүзжылдықта өмір сүріп, елімізді өркениетке жеткізер ұлы жолдағы жасампаз ұрпақ. Сол ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығы қос ғасыр тоғысындағы қоғамдық ахуалымыздың ойда­ғыдай сауығып, жаңа ізденістеріміздің жемісті жүзеге асуының бірден бір кепілі. Осы жолдағы талабымыз оңға­рылып, алдымыздан ақ күн туа бергей. Іске сәт!».

Расында, енгемен қазақ үшін ғасыр аяғы рухани толысқан жыл болды. Тарихты түгендеуге күш салынып, ақтаңдақтар ақиқаты аршыла бастады. Сол жылы 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» І-ші томы, М. Шоқай шығармаларының екі томдығы және Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітабы жарық көрді. Бұл жас тәуелсіз мемлекеттің рухани тұрғысынан түлеуінің белгілері еді. Халқымыздың көне қаһармандық эпосы «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп, М. Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында «Тарих-и-Рашиди» шығармасы қазақ тілінде басылып шықты. Сонымен қатар, 1999 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19 144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 8-інші жылы тәуелсіз жұрт рухани кемелдене түсті.

Ал еліміздің саяси ахуалына келсек, 1999 жылдың басты оқиғасы Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі шынымен де жаңғыра түсті. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер жұмыс істеді. Күзде ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті.

Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да жағымды бола бастады. Мәселен, сол жылдардың статистикасына көз жүгіртсек, 1999 жылы астық өндіру 1998 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, 15,9 млн. тонна бидай алынды. 1999 жылдың сәуірінде екінші деңгейдегі банктердегі халықтың салымдары 348 млн. теңгені құрады. 1999 жылы елімізде 86 мыңға тарта шаруашылық құрылымдары, соның ішінде 2140 серіктестік, 509 акционерлік қоғам, 2909 өндірістік кооператив және 79 мыңнан астам фермерлік қожалық жұмыс істеді.

Сонымен қатар, 1999 жылдың басты оқиғаларының бірі Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. 1999 ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 млн. 652,7 мың адамға жетсе, ондағы қазақ ұлты 53,4 пайызды құрады. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын.

1999 жылдың еншісінде:

- 10 қаңтар - ҚР Президентінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда Қазақстан Республикасының Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Н.Ә.Назарбаев қайта сайланды;

- 19 қаңтар - ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде «Отан» партиясы құрылды. Осы күні партияның құрылтай съезі өткізіліп, 12 ақпанда тіркеуден өтті. Басты мақсаттары ретінде партия қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асуына белсенді түрде жәрдемдесу; азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру; әлеуметтік әділеттілікті бекіту және елдегі тұрақтылықты сақтау; ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту; азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен Қазақстан Республикасының жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін жауапкершілігін тәрбиелеу деп жариялады.

- 28 қаңтар - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Дауостағы Дүние­жүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты;

- 2 сәуір - Мәскеуде ТМД Мемлекет Басшыларының кеңесі өтті. Оған 12 елдің басшысы қатысты. Отырыс барысында Ұжымдық Қауіпсіздік келісімін ұзарту (Өзбекстан, Әзiрбайжан, Грузиядан басқа) туралы хаттамаға, ТМД-ның даму бағыттары туралы декларацияға, 1994 жылғы 15 сәуірде қабылданған Еркін сауда ай­мағын құру туралы Келісімге өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізу туралы хаттамаға, ТМД орган­дары­ның құрылымын реформалау және жетілдіру туралы шешімге қол қойылды;

- 8 сәуір - Ашхабадта Орта Азия Мемлекет Басшыларының оты­рысы өтті. Оған Н.Назарбаев, А.Ақаев, И.Каримов, Э.Рахмонов, С.Ниязов қатысты. Саммит нәтижесі бойын­ша Аралды құтқару Халықаралық қорының ере­жесі бекі­тілді;

- 16 сәуір - Алматыға жұмыс сапарымен Палестина мемле­ке­тінің Президенті Я.Арафат келді;

- 19 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі М.Земанды қабылдады;

- 21 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Аль Танимен кездесті;

- 23-25 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев НАТО-ның самми­тіне қатысу үшін Вашингтонға сапармен барды. Бұл жолы Президент АҚШ-тың саяси және іскерлік әлемінің серкелерімен кездесті. Президент Б.Клинтон Азиядағы сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасын мысал ретінде келтіре отырып, оның аймақта бейбітшілікті сақтауда үлкен рөлі бар екенін атап көрсетті. Ол Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты ғаламдық проблемаларды шешуде НАТО Ресеймен тығыз жұмыс істеуі тиіс деген пікірімен келісті;

- 1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды. Тоқтала кететін жайт, 2003 жылы дүниежүзілік жетекші рейтингісі бар «Moodys Investors Service» агенттігінің қолдауымен қаланың несиелік рейтингі бірден екі деңгейге - Ва3-тен (тұрақты) Ва1-ге (тиімді) дейін өсірілген болатын;

- 6 шілде - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Түрік Республи­касының Президенті С.Демирельмен кездесті. Кездесу барысында екі жақты мәселелер талқыланды;

- 14 шілде - Астанаға ресми сапармен Молдова Президенті Петр Лучинский келді. Ол сапар барысында ҚР Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, бір­қатар құжаттарға қол қойды;

- 9 тамыз - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Үндістанға ресми сапармен барды.Сапар барысында Сыртқы істер ми­нистрі Дж. Сингхпен екі жақты ынтымақтастық қана емес, көптеген халықаралық проблемалар туралы пікір алмасты;

- 24 тамыз - Бішкекте «Шанхай бестігі» елдері Мемлекет Басшыларының саммиті өтті;

- 2 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Армения Президенті Р.Кочерянмен кездесті. Сапар нәтижесінде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі біріккен комиссия құру туралы келісімге қол қойылды;

- 3 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізде мұнай өндіріле бастауына 100 жыл толуына орай Атырау қаласында өткізілген салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі;

- 14 қыркүйек - Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңеске қатысушы мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуі өтті. Кездесу барысында қатысушы мем­лекеттердің өзара қатынасын айқындайтын принциптер туралы декларацияға қол қойылды;

- 15 қыркүйек - ҚР Президентінің Болгарияға бірінші мемле­кеттік сапары болып өтті. Сапар барысында Н.Назарбаев Болгария Президенті П.Стояновпен кез­десіп, бірқатар құжаттарға қол қойды;

- 17 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Украинаға ресми сапармен барды. Сапар барысында Қазақстан мен Ук­раина арасындағы экономикалық ынтымақ­тас­тықтың ұзақ мерзімді бағдарламасы бекітілді және екі жақты қатынасты қамтитын екі келісімшартпен алты үкіметаралық келісімге қол қойылды;

- 23 қыркүйек - Қазақстанға Ресей Федерациясының Премьер-министрі В.Путин ресми сапармен келді. Журналистермен сұхбат барысында В.Путин Қазақстан - Ресей арасындағы қарым-қатынас жуырда болған ракета апатынан шиеленісіп кеткен жоқ па деген сауалға нақты жауап берді. «Бұл ретте Қазақстан жағы өте қарымды әрекеттер жасап, өздерінің ұлттық мүдделерін тастүйін қорғай білді. Мұндай оқиға Ресейде орын алып жатса біз де дәл осылай әрекет еткен болар едік», - деді ол».

- 4 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның төраға­сы, Норвегия Сыртқы істер министрі К.Воллебекті қабылдады;

- 5 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Иранға ресми сапармен барды. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Иран Ислам Республикасының ара­сын­­дағы өзара қарым-қатынас туралы декларацияға, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақ­тастық туралы, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, терроризм және ұйымдасқан қылмыстармен күресі де ынтымақтастық туралы ке­лісімшарттарға және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы Қазақстан-Иран үкіметаралық 5 хаттамаға қол қойды;

- 29 қазан - Қазақстан Республикасына Польша Президенті А.Квасьневскидің алғашқы ресми сапары болды;

- 18 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Стамбұлда ЕҚЫҰ саммитінің жұмысына қатысты. Саммит барысында Жалпы еуропалық қауіпсіздік хартиясына қол қо­йылды. Сонымен қатар, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түрікменстан Президенттері Баку-Жейхан мұнай қыбырын қолдайтын Стамбұл декларациясына қол қойды;

- 22 қараша - Астанада «Қазақстан-Еуропалық Кеңес» ынты­мақтастық комитетінің бірінші отырысы өтті;

- 22 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Моңғолияға ресми сапармен барды;

- 23-27 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қытай Халық Рес­публикасына ресми сапармен барды. Сапар нәтиже­сінде үшінші мыңжылдық қарсаңындағы екі елдің саяси және экономикалық өзара іс-қимылының басымдықтары бе­кітілді. Мемлекет Басшылары көп қырлы ынтымақ­тастықты одан әрі тереңдетуге екі жақты мүдделілікті білдірді және өз елдерінің үкіметтеріне барлық туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді тапсырды. Осы сапар туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Беласу» атты кітабында былай деп жазады:

«1999 жылы екі ел басшысы төтенше маңызы бар құжатқа - ХХІ-ші ғасырға арналған Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Бұдан 100 жыл бұрын, тіпті 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытай сияқты алып мемлекетпен стратегиялық серіктестік қатынасқа кіреді деген ешкімнің ойына да келмеген болар. Бұл, әрине, еліміздің тәуелсіздікке түбегейлі ие болуы арқасында ғана мүмкін болғаны белгілі. Дегенмен, жеке тұлғалық факторды да есептен шығаруға болмас. Себебі, Елбасылардың достығы олардың мемлекеттерін жақындастырса, бір-біріне араздығы екі мемлекетті алшақтатып жіберетіні рас».

- 6 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жапон еліне сапары болды. Н.Назарбаев Жапон Премьер-Министрі К.Обучимен кездесті. Келіссөздерден кейін Н.Назарбаев пен К.Обучи достық, серіктестік және ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ол - Қазақ­стан мен Жапонияның XXI-ші ғасырдағы стратегиялық серіктестігі туралы құжат еді;

- 15 желтоқсан БҰҰ және ЕҚЫҰ агенттіктері мен бағдар­лама­ларының жаңа кеңселерінің ашылу рәсімі өтті. Сырт­қы істер министрі Е.Ыдырысов тұсаукесерде сөз сөйлеп, гуманитарлық саладағы, білім, денсаулық сақтау, аза­маттық қоғамды дамыту мәселерін шешуде БҰҰ-ның Қазақстан үшін үлкен маңызын атап өтті. Осы әмбебап халықаралық форумның арқасында дүниежүзі Қазақстан проблемаларымен, оның ішінде Семей ядролық сынақ алаңына байланысты жайттармен та­ныс­ты, оларды шешу жолдары қарастырыла бастады;

- 16-желтоқсан - НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Е.Ыдырысов НАТО-ның евроатлантикалық серіктестік Кеңесінің сыртқы істер министрлері мәжілісінің жұмысына қатысты;

- 16 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Нью-Йоркке сапары жолында қысқа мерзімге Мадридте тоқтады. Испанияның королі Хуан Карлос I-мен және испан үкіметінің төрағасы Х.Ансармен кездесулері болды;

- 17-21 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы К.Аннанмен және Дүниежүзілік еврейлер конгресінің президенті Э.Бронфманмен жұмыс кездесулері болды. Сапар кезінде Н.Назарбаев Қазақстан-Американ бірлескен комиссиясының (ҚАБК) жұмысына қатысты. ҚАБК төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ вице-президенті Альберт Гор алтыншы жыл сайынғы отырыстың нәтижелерін қарастырды. Комиссияның отырысынан кейін Н.Назарбаев және А.Гор қоры­тынды құжатқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар