«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 1997 жыл - «Қазақстан-2030» стратегиясы - ұлттың ұлы мақсаттары межеленген жыл»

None
None
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны ерекше болды. Осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын.

1997 жылдың осы ерекше оқиғасы туралы белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде былай деп жазады: «Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені, сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі - менің әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы екен. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған қырық үш жасында қыршынынан қию айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болған­дар жалғыз менің әкем бе екен, мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы отыз жетінші жылды ғана қамты­майды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1918-1922 жылдардағы жыланқысыр аштық. 1930-1933 жылдардағы коллективизация, қолдан жасалған этноцид ... Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары. 1937 жылғы Қазақстанға жер ауадарыл­ған корейлерден басталған, тұтас халықтарды зорлық-зомбылықпен көшіру науқаны. Айта берсе таусылмайды. Осының бәрінде миллиондар қырылмағанда, не болды? Обал-сауап қайда? Өлгендерді қайтып тірілте алмайсың. Тым болмаса еске алудың өзі сауап. Келешекке сабақ. Осы тұрғыдан алғанда Президент Жарлығы иманды пәрмен болды. Жаңа Астанада қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш кім-кімді де ойлантады».

Жалпы 1997 жыл - егемендіктің алғашқы бесжылдығы аяқталып қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның жаңа сападағы алғашқы секіріске бел буатын кезеңі. Бұның алдындағы 1996 жылы кеңес қирадысынан айтарлықтай жапа шеккен ұлттық экономика сәл-пәл қозғалыс алып, бойына қан жүгірткен, жыл соңында 0,5 пайыздық өсім білінген. Дәл осы жылы алдағы 30-40 жыл ішінде өндіруге мүмкіндік беретін еліміздегі мұнай қорының көлемі, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық бассейнінде шетелдік инвесторлар белсенділігі мұнайдан түсетін кірістің жылдан-жылға елеулі түрде өсетіні белгілі бола бастаған. Осылайша, Президент Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, 1997 жылы «өртті сөндіру» кезеңі аяқталып, еліміздің он, жиырма және отыз жылдан кейін қандай болатынын көз алдымызға елестетерлік уақыт пайда болды. Сол кездің ресми дерегі мынаны көрсетеді: 1997 жылы Үкіметтің зейнетақы және бюджет ұйымдарына жалақы жөніндегі барлық қарызы өтелді. Республика бойынша орташа жалақы 26,8 пайызға өсті. 1997 жылдың басында елімізде 52 мыңнан астам шаруашылық кұрылымдары, оның ішінде 3960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2900 өндірістік кооператив және 44 мыңнан жоғары шаруа қожалықтары жұмыс істеді. 1997 жыл жекешелендіруді, әсіресе энергетика және өндіру салаларында жеделдете жүргізу жылы болды. 1997 жылы барлығы 5641 қозғалмайтын мүлік объектілері, 608 кәсіпорын акцияларының мемлекеттік пакеті жекешелендіріліп, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының нысандары мемлекет иелігінен алынды. Жекешелендірудің сатылған және сатып алынған нысандарынан түскен қаржы сомасы 54,5 млрд. теңге болды. Сөйтіп, осы жылда экономикалық оңалудың ұшқыны байқалып, елдің жағдайы оңала бастайтыны анық сезілді. Сыртқы саясатта Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен байланысты жандандырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға барын сала білді.

Ең ақыры елдің шикізаттық байлығының мол қоры анықталуы арқылы Ұлт Көшбасшысының болашақ дамуға серпін беретін ұзақмерзімді жоспары жарияланды. 1997 жылғы Президенттің халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. «Қазақстан-2030» стратегиясы - шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдік діттеген мақсат-мұраттарды орындауға деген үлкен құлшыныс болатын. «Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланған жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштастыра ұсынып келеді. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды

Жалпы, «Қазақстан стратегиясы-2030» төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар - дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар - бірінші кезең, 2010-2020 жылдар - екінші кезең және 2020-2030 жылдар - үшінші кезең. Осы кезеңдер аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек.

Сондай-ақ, дәл 1997 жылы ел астанасын Алматыдан Арқа төсіндегі Астанаға көшіру туралы қаулы қабылданды. Қазақстанның Мем­лекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Бұл қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай қанатын қомдаған жылдардың бірі еді.

1997 жылдың еншісінде:

- 9-11 қаңтар - Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш елдің Мемлекетаралық Кеңесі шең­берінде кездесті. Кездесу соңынан үш елдің ара­сындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға болды. Өйткені Жоғарғы мәртебелі Президенттердің қолы қойылған бұл құжат Түркістан аталатын тарихи кеңістіктегі көне замандардан келе жатқан іргелі дәстүрдің қайта жаңғыруы болатын. Ол жөнінде Н.Ә.Назар­баев: «Төрт жүз жылдай бұрын қазіргі қазақ, қырғыз, өзбек ұлттары бір халық болып өмір сүрген. Тарих талқысы үшке бөліп жіберген біз енді Кіндік Азия қойнауында қайтадан жаңа мазмұндағы қатынас түзіп жатырмыз», - деп дәл көрсетіп айтты;

-14 қаңтар - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы О.Озар­ды қабылдады. Кездесу барысында құрылыс және телекоммуникациялық жүйелер мен көліктік қатынастарды жетілдіру салаларында Қазақстан мен ЭЫҰ-ның ынтымақтастығы мәселелері талқыланды;

- 30 қаңтар - 3 ақпан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік эконо­микалық форумның жұмысына қатысу үшін Давосқа (Швейцария) сапар шекті;

- 21-22 ақпан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасына барды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен экономика, саяси және гуманитарлық салалар­дағы бірқатар мәселелерді талқылады;

-27-28 ақпан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түрікменстан Президенті С. Ния­зов­пен кездесті;

-28 ақпан - Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған Ортаазия мемлекет басшыларының саммиті өтті. Әңгіме Аралды қорғау халықаралық қоры төңіре­гінде болды. Бес мемлекет басшысы Алматы декларациясына қол қойды;

- 7 наурыз - Қазақстанға Литва Республикасының Президенті А.Бразаускастың ресми сапары болды;

- 27-28 наурыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Мәскеуде ТМД қатысушы мемлекет басшыларының саммитіне қа­тысты;

- 8-9 сәуір - Қазақстанға Қырғызстан Республикасының Пре­зиденті А.Ақаев сапармен келді;

- 24 сәуір - Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары кездесіп, Шекара аймағындағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімге қол қой­ды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті Б.Ельцин Қазақстан - Ресей арақатынасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық принциптерін анықтайтын жаңа құжат дайындау туралы келісімге қол жеткізді;

- 5-6 мамыр - Қазақстанға Италия Республикасының Прези­денті Оскар Луиджи Скальфароның ресми сапары болды;

- 10 мамыр - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыға келген ГФР Федералдық Канцлері Г.Кольмен кездесті;

- 2 маусым - Қазақстанға Өзбекстан Республикасының Прези­денті И.Кәрімов ресми сапармен келді;

- 10 маусым - Қазақстанға ресми сапармен Әзірбайжан Рес­пуб­ликасының Президенті Г.Алиев келді;

- 23-26 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Нью-Йоркте өт­кен экология және орнықты даму жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының ХІХ арнайы сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа барды;

-24-25 шілде - Қырғызстанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Мемлекетаралық Кеңесінің отырысы өтті. Тараптар БҰҰ қамқоршылығындағы Орта­азиялық батальонның әскери қызметкерлерінің мәр­тебесі туралы келісімге қол қойды;

- 4 тамыз - Қазақстан - Қытай шекарасында Достық стансысы маңындағы бірінші шекара белгісінің ресми ашылуы өтті;

- 31 тамыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Кувейт мемле­кетіне ресми сапармен барды. Сапар барысында Кувейт Әмірі шейх Жабер Аль Ахмад Аль-Жабер Ас-Сабах­пен, Кувейттің Сыртқы істер министрі шейх Саби Аль-Ахмад Аль-Жабер Ас-Сабахпен кездесіп, бір­қатар екі жақты құжаттарға қол қойды;

-1-2 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бахрейнге ресми сапары орын алды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев Бахрейннің Әмірі шейх Иса бен Сальман Аль-Халифпен кездесті;

- 2-4 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оман Сұлтана­тына ресми сапар жасады. Ол Оман Сұлтаны Кабуспен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды;

- 9-11 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасының Премьер-министрі Месут Йылмызбен кездесті;

- 16-18 қыркүйек - Қазақстанға Италияның Премьер-министрі Роман Проди сапармен келді. Ол Президент Н.Ә.Назар­баевпен кездесіп, ҚР Премьер-министрімен келіс­сөздер жүргізді;

- 23 қыркүйек - Қазақстанға ресми сапармен Беларусь Респуб­лика­сының Президенті А.Лукашенко келді;

- 24-26 қыркүйек - Қазақстанға ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Пэн келді. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара туралы қосымша келісім­ге, мұнай және газ саласындағы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісімге, Кен орындарын игеру және мұнай құбырлары жобалары туралы Бас ке­лісімге қол қойылды;

- 27 қыркүйек - Алматыда Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. «Құрметті мәжіліске қатысушылар!

Фердауси мен Гомер, Гете мен Бальзак, Шекспир мен Толстой сияқты, біздің Әуезовіміз де бүкіл адамзаттың Әуезовіне айналып отыр. Оны еске алып, әруағына тағзым етуге әлемнің барлық түкпірінен адамдар келуінің өзі де, міне, осыны айғақтайды....

Сөзімді қорытындылай келе, ағайынға айтатын бір сөзім бар. Бүгінгі қазақтың да Мұхаң шығармашылығы мен өмірінен алатын тағлымы аз емес. Бұл, ең біріншіден, Алаш басшылары мен Мұхтар Әуезовтің аңсап жете алмай кеткен бүгінгі тәуелсіздігімізді ардақтай біліп, оны қорғап, сақтай білу. Екіншіден, Мұхаңды қуғын-сүргінге қиғандар өз ішімізден шыққанын ешуақытта ұмытпайық. Ел бір­лігін сақтап, арандатушы мен алауыздарды тоқтата білуіміз керек. Бұл болашақта ел болуымыз үшін керек. Үшіншіден, қолына қалам ұстаған зиялы қауым Мұ­хаң шығармашылығынан нәр алып, Мұхаңдай халқы мен Отаны алдындағы жауапкершіліктен таймауы тиіс, өз елі мен халқының болашағына қызмет істеуі керек», - деп сөз сөйледі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың М.О.Әуезов­тің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыстың салтанатты ашылуында.

- 10 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. «2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегия­сы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды. Сол күні мен еліміздің Пар­­­ламен­тінде Қазақстан халқына арналған ең алғашқы Жолдауыммен шығып сөйледім. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзі ұнады, оның ел құлағына сіңісті болып кеткеніне қуанамын. Қазір жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. Онда бұл нағыз керектінің өзі болды. Республиканың барша халқына, барлық азаматарына үн тастай отырып, біз Страте­гияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы - 2030»-дан басталады. Әрбір мұндай Жолдау біздің жалпы Стратегия­мыздың құрамдас бөлігі және біздің жолымыз­дың құрамдас бөлігі. Ал кейінгі жылдардағы Жолдау «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің» белгісі болды», - деп жазды Н.Назарбаев. «Қазақстан жолы» атты кітабында.

- 20 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 жел­тоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республика­сының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұ­сау­кесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын. «Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың эконо­мика­лық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар - Анкара мен Стамбұл, Мәскеу мен Санк-Петер­бург, Карачи мен Исламабад, Рио-де-Жанейро мен Бразилия, Мельбурн мен Камберра, Оттава мен Торонто, Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.

- 27 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Испания Үкіметінің Төрағасы Хосе Мариа Азнарды қабылдады; - 3 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Венгрия Республикасының Прези­денті Арпад Генцпен кездесті;

- 11 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Э.А.Шевард­­надземен кездесті;

- 12 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Респуб­ликасының «Дипломатиялық қызметі туралы» Заңға қол қойды;

- 17-23 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Сапар барысында ол АҚШ Президенті Б.Клинтонмен, АҚШ Вице-Президенті А.Гормен, Президент Әкімшілігі өкілде­рімен кездесті. Сапар соңынан Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестік жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды;

- 24-26 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Германия Феде­ративтік Республикасына ресми сапары өтті. Н.Ә.Назар­­баев сапар барысында Германияның Федератив­тік Президенті Р.Херцогпен, Канцлер Г.Кольмен, Сырт­­қы істер министрі К.Кинкелмен кездесті;

- 27-28 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Польша Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында ол Польша Президенті А.Квасьневскимен кездесті;

- 10 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді. Осыған байланысты Ақмола қаласының орталық ала­ңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мем­лекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Осы сәттен бастап Елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.

Орталық алаңда жиналған жұртшылық алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалды­рығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деді.

Соңғы жаңалықтар